Жарнама
Қоғам

ЖИЫРМА ЖАСТАҒЫ ДИРЕКТОР

 

Кененова Ағила 1921 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданының орталығы Калмыковта дүниеге келген. Жастайынан пысық, зейінді Ағила сол жерде жеті сыныптық білім алып, «оқуға алмайтындықтан» амалсыз жасын өсіріп, 1918 жылы туған деп төлқұжат алған. 1935 жылы 14 жасында Орал қаласындағы педагогикалық курсқа оқуға барады. Ағила оқылмаған 8-10 сыныптардың бағдарламасын бөлмеден шықпай отырып, күні-түні ай жарымда дайындалып, оқуға түседі.

Сөйтіп, 1937-1938 оқу жылында педагогикалық курсты «өте жақсы» бағалармен аяқтап, туған жері Калмыковқа мұғалім болып орналасады. Ағасы Төлеу Кененовтің Бөдене мектебіне директор болып тағайындалуына байланысты жанұя жағдайымен Ағила апай да бірге көшіп келіп, алғаш ұстаздық жұмысын бастайды.

Жас Ағиланың жұмысқа алғырлығын байқаған аудандық бөлім Қызылжар орта мектебіне жібереді. Шағын ауылдағы кішкене мектептің педагогикалық ұжымымен тез-ақ тіл табысып, үйренісіп кетті. Сондықтан, аудандық оқу-ағарту бөлімі меңгерушісінің бұйрығымен 1942-1943 оқу жылында Ағила Кененова Жарсуат орталау мектебіне 20 жасында директор болып тағайындалды.

Соғыстың кезі, жағдай өте ауыр. Қызылжардан жаяу келіп, жұмыс жасау қиынға соқты. Сосын Есбол аудандық ағарту бөлімі меңгерушісінің бұйрығымен аудандағы Қырғи мектебінен Жарсуат орталау мектебіне мініске жылқы малын алып береді.

Мектепте үш-төрт адам жұмыс істейтін, ішінде мұғалімдер Бибіш Төлепқалиева, Қоңырша Намазғалиева және Мәріш Есқалиева бар. Сол кездегі көрген қиыншылықтары туралы жас директор өз естелігінде: «Жұмысқа қыста, қараңғыда Қызылжардан шығып (шамамен таңғы 3-4-тің шамасы, 10 шақырымға жуық) жолда өзімнің күшім жететін томар-жыңғылды сүйретіп, балалар келгенше от жағып, мектепті жылытып қоятын едім. Себебі, балалар тоя тамақ ішпейді, аяғы жұқа, киімі жыртық, оларды тоңады деп қатты аяйтынмын. Бірде «Қандығара сайында» (Қызылжар ауылына таяу, қалың жыңғылды сай) паекке сұрап алып келе жатқан жарты қап ұнымды жол торыған қарақшылар жасырынып келіп тартып алды, мен өзімнің аман қалғаныма қуандым. Мектептің барлық жауапкершілігі менің мойнымда, таңның атысынан күннің батысына дейін мектептің шаруасы әрі математика пәнінен сабақ беремін. Соған қарамастан, оқушылардың білімді меңгеруіне қатаң талап қойдым, осы еңбегімді ескеріп, соғыс кезінде Алматы қаласында өткен кеңеске делегат етіп сайлады» — дейді.

Ағила Кененова өте бауырмал, аузын ашса, жүрегі көрінетін адал, ақкөңіл жан еді. Ата-анасы да жайсаң, жомарт жандар болған. Үйлеріндегі астық, шай-секер секілді тамақтарды ауылдағы мұқтаж адамдарға беріп жіберетін.

Бұл деректерді Жарсуат ауылының Ленин орденді жылқышысы Қылыш Кемалиев те дәлелдей түседі. «Біз бауырмал апайды жақсы көретінбіз. Үстіне қынама бел пальто, басында бір жағына қисайтып киген кепкасы бар. Өзіне құйып қойғандай, жарасымды. Сондай әдемі, бізге үнемі ой үстінде жүретін адам болып көрінетін» дейді ол.

Ағила Кененова 1943 жылы ауылдың азаматы Нұрымғали Батабиевпен жанұя құрып, жолдасының есеп қызметкері болуына байланысты жұмыс бабымен ауданның барлық ауылдарына қоныс аударды. Екеуі елге сыйлы, тату-тәтті шаңырақтың аясында ұзақ ғұмыр кешті. Өмірге төрт ұл, екі қыз әкеліп, оларды қатарынан кем қылмай тәрбиелеп, жиырмаға жуық немере мен жиендердің қызығын көріп, аяулы ұстаз 1994 жылы өмірден озды.

Бірақ, Ағила апайдың өнегелі өмір жолдары мен ғибрат аларлық тәрбиелік сөздері әлі де шәкірттерінің жүрегінде. Бөдене ауылында тұратын еңбек ардагері, ұстаз Бағыт Еңсепов Ағила туралы: «Апай өте парасатты, білімді, әдемі ұстаз бола білді. Ол адамдардың бәрімен жылы амандасып, жағдайын сұрап, қолынан келген көмегін аямайтын» — десе, жарсуаттық ардагер Борис Жанғалиев: «Маған тамаша ұстаздар: Ағила Кененова, Ығылман Мусин, Нысанғали Құрақов сабақ берді. Аяулы ұстаздарымды  ешуақытта ұмытуға болмайды» деп балалық балғын шағын үнемі еске алатын.

Шәкірттерінің құрметіне бөленіп, ұлағатты ұстаз бола білген Ағила Кененова адамдармен жақсы араласты, тату дос таба білді, өзіндегі барын өзгеден аямады. Оның биік, жоғары адами қасиеті туралы ауылдағы еңбек ардагері, марқұм Қансұлу апай да: «Ол — әділ адам, адамдарды жамандап, сыртынан өсек айтпайтын. Ондай адам табылмас, барлығымыз да Ағиланы ерекше сыйлаушы едік», — дейді.

Ал, өзі де аяулы анасы салған соқпақпен ұстаздық мамандығының қыр-сырын игерген қызы, бастауыш сынып мұғалімі Жансая Нұрымғалиева да: «Анам ақылы мен көркі сай жан еді. «Ұстамды, сабырлы, төзімді қасиеттерің болса, Алланың өзі жолыңды оңдайды» дейтін. Өмір бойы оқы, біліміңді көтер, педагогикалық шеберлігіңді дамыт, сонда ғана нағыз мұғалім боласың» деген аналық ақылы үнемі жадымда жаңғырып тұратын» дейді.

Сөйтіп, «Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен» сұрапыл соғыс жылдарында 20 жастағы директор ауылдағы ер-азаматтардың орнын жоқтатпай, Жарсуат орталау мектебін осылай басқарған еді.

Бисен АТАЛЫҚ,

ҚР Білім беру ісінің үздігі,

Махамбет сыйлығының иегері,

Индер ауданының Құрметті азаматы,

Индер ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button