МҮГЕДЕКТЕР ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Жылыой ауданында үйден қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету туралы облыстық семинар-кеңес өтті. Оған облысымыздағы аудандардың әкімінің орынбасарлары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері басшылары мен әлеуметтік қызметкерлер қатысты.

 Алғашқы кезекте семинарға қатысушылар Жылыой ауданындағы үйден қызмет көрсету бөлімшесінің тынысымен танысты. Аудан әкімі Мақсым Ізбасов семинар-кеңесті құттықтау сөзімен ашып, жүргізіп отырды. «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарының» облыс бойынша жүзеге асырылуы туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Клара Мұқашкереева хабарлама жасады.

– Облысымызда жылдан-жылға мүгедектерге арналған көмекші (компенсаторлық) техникалық құралдарға бөлінетін қаражат көлемі өсіп келеді. Мысалы, 2011 жылы – 633,3 млн. теңге, 2012 жылы – 726,5 млн. теңге, ал үстіміздегі 2013 жылға 756,0 млн. теңге жоспарланып отыр, – деді К.Мұқашкереева.
Ол үйде қызмет көрсету бөлімшелеріндегі қызметкерлердің әр аудан бойынша қанша қарт пен мүгедек баланы қамтып отырғанына тоқталды. Сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету түрлері туралы түсіндірді.
Жылыойда жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің қарауында ауданда 64 қарт бар, оның 15-і – мүгедек. Қарттарға арналған «Ардагерлер» бөлмесі ашылды. Аталған бөлме қарттарға қолайлы жұмсақ жиһаз, теледидар, кілем, тоңазытқышпен жабдықталып, шахмат, шашкалармен толыққан. Қарттардың бос уақытын әсерлі өткізуге де біраз мүмкіндік жасалған. Ауданда әжелер алқасы да жұмыс жасайды. Олар түрлі мерекелерде және туған күндерде бөлімше жанына қарасты жалғызілікті қарттарға өз өнерлерін көрсетеді. Жалпы аудан бойынша халықты әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар нәтижелі және жүйелі түрде жүргізілуде, – деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығы С.Қамидолла.
Семинар кеңесте Мақат ауданы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов мүгедектерге жұмыс орнын ашу туралы баяндап, «Мақат ауданы мүгедектер қоғамының» «Мейірім» тігін цехы туралы дайындалған бейнеролигін тамашалауға шақырды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы С.Жексенғалиева селекциялық мәжіліс өткізіп, мүгедектер мен қарттарға, мүмкіндігі шектеулі балаларға үйден қызмет көрсеткенде іс-қағаздарын қалай толтыру керектігі жөнінде түсінік берді. Семинар соңында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, бүгінгі кездесуден алған әсерлерімен бөлісті.

Қанат ДҮЙСЕНБЕТОВ,
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз