ЖІГЕРЛІГЕ ЖҰМЫС КӨП
Аудан көлеміндегі білім және мәдениет саласындағы тоғыз нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қосымша қаржы бөлініп, 109 жұмыссыз жұмыспен қамтылып отыр.
Жетiспейтiн инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және салу үшін, ауданға ағымдағы жылға 6500.0 мың теңге бөлініп, екі жел генераторын сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жел генераторлары «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлігін әрмен қарай дамытуға несие алған шаруашылық нысандарына орналастырылатын болады.
Бағдарламаның ІІ бағыты бойынша аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында үш жылдың ішінде 137 адам 300,4 млн.теңге шағын несиемен қамтылды.
«Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасының ІІІ бағыты «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бойынша «Атырау көлік және коммуникация» колледжі, «Мирас», «Ғасыр», «Арғын» оқу орталықтары қайта даярлау курсынан өткен жеті жұмыссыздың ішінен екі адам тұрақты жұмысқа орналасты.
«Жастар тәжірибесін» ұйымдастыру бойынша 84 жас маман өз мамандықтарына сәйкес уақытша жұмысқа тартылып, жеті адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Жиналыста аудан әкімі Мақсот Мұқанов сөз сөйлеп, аудан көлеміндегі соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда тұрған міндеттерді саралап көрсетті. «Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» мақсатында шағын несие алушылар саны жылдан-жылға көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздар саны азаюда. Биылғы жылы ауданда 87 адам шағын несиемен қамтылыпты.
Мағрупа ҚАЗИХАН,
Қызылқоға ауданы.