ЖІГЕРДІ ЖАНЫҒАН ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕР
Айта кетсек, жуырда Алматыда өткен бокстан Әлем чемпионатында жеңімпаздар атанып, ел қоржынына медальдар салған сегіз былғары қолғап шеберіміз бұл чемпионаттан босатылды.
Чемпионаттың екінші күні шаршы 81 келі салмақ дәрежесінде алаңға шыққан жерлесіміз Т.Оспан Шығыс Қазақстан облысының боксшысын 3:0 есебімен жеңіп, кейін алматылық боксшыға есе жіберді.
Сондай-ақ, 91 келі салмақта Н.Нұрсейітов Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған И.Шанинмен қолғап түйістіріп, 2:1 есебімен жеңісті қолдан суырып алды. Ал, Е.Ордабаев (56 келі) пен Р.Салауатов (49 келі) қарсыластарына еш мүмкіндік бермей таза жеңіске жетті. Қостанай облысының боксшысы А.Пинчукпен рингте кездескен жерлесіміз Р.Әлжанов және тараздық былғары қолғап шеберімен кездескен А.Шынтемірұлы қарсыластың осал тұсын таба алмай, жеңіліп қалды.
Ел додасының үшінші күні шаршы алаңда алматылық боксшыдан басым түскен атыраулық А.Досмағамбетов жеңіске жетіп, спорт шебері деген атағын қорғап қалды.
Кеше байрақты бәсекенің жартылай финал кездесулері өтіп, олардың қатарында төрт боксшымыз өнер көрсетті. Рашид Салауатов (46-49 келі) ақмолалық боксшымен шаршы алаңда кездессе, Ордабаев (56 келі) Шығыс Қазақстан өңірінің үмітін үкілеп келген спортшымен қолғап түйістірді. 64 келі салмақта Азамат Досмағамбетов тараздық боксшымен финалға жолдаманы сарапқа салса, ақтөбелік боксшыны 2:1 есебімен жеңген Нұрлан Нұрсейіт те (91 келі) жартылай финалда өнер көрсетті. Жасұлан Қапаровтың ширек финалдағы қарсыласы басым түсіп, жерлесіміз жартылай финал ойындарына өте алмай қалды.
Ал, бүгін сыннан сүрінбей өтіп келген былғары қолғап шеберлері чемпион атағын сарапқа салмақшы.
Чемпионаттың қорытындысы туралы сенбілік нөмірде толық хабарлайтын боламыз.