ЖІГЕРДІ ӨСІРГЕН ЖЕДЕЛХАТ

Ол осыдан тура 75 жыл бұрын, 1940 жылдың 6 шілдесі күні Есбол ауданына қарасты Қаңбақты ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Әкесі Есенғали мен анасы Мақпалдың бауырынан өрген үш ұл, үш қызының бірі болған Айжамал да өнегелі отбасында жақсы тәлім-тәрбие алды. Оқыды, қалаған мамандығын алды, еңбек жолын қарапайым мейірбикеліктен бастап, зейнеткерлікке шыққанша сол сүйікті кәсібінен ажырап көрген емес.

 

Өзінің Елбасымен түйдей құрдас екендігін оның өмір жолымен танысқаннан кейін білді. 2000 жылдың шілде айының алғашқы күнінде Айжамал Есенғалиқызы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлын аcқаралы 60 жасқа толуымен шын жүректен құттықтаған жеделхатын Елордаға жібереді. Кешікпей Нұрағаңнан да құрдасын мерейлі жасымен құттықтаған, оған денсаулық пен бақыт тілеген жауап хат келеді. Арада тағы бес жыл салып, отбасы атынан Елбасын туған күнімен құттықтаған жеделхатқа 2005 жылдың 4 шілдесі күні шығыс нөмірі №Е-6344 санды Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11 деген мекен-жайдан құттықтау келді. Президент Кеңсесінен келген бұл хатта былай делінген:

«Құрметті Айжамал Есенғалиқызы!

Біз отбасынан күйеуіңіз екеуіңіз Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты туған күнімен құттықтап, жылы лебізді хат жолдап, жеделхат жібергендеріңіз үшін көп рахмет айтамыз. Бұл Президентіміздің ел үшін атқарып жатқан еселі істерін, осыған байланысты қоғамымызда жүзеге асқан өркенді өзгерістерді жоғары бағалап көрсеткен ізеттеріңіз бен құрметтеріңіз деп есептейміз. Мемлекет басшысы хаттарыңызбен танысып, Сіздерге шынайы ризашылығын жеткізуді тапсырды.

Нұрсұлтан Әбішұлы сондай-ақ, Сізді де туған күніңізбен құттықтайтындығын, зор денсаулық, өсіп-өнген, бақытты отбасыңызға амандық пен игіліктер тілейтіндігін айтты. Еңбектеріңіздің зейнетін ұзағынан көріп, балаларыңыздың қуанышы мен қызығына кенеле беріңіздер».

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен жандай құрдас Айжамал Есенғалиқызы өзінің бар саналы ғұмырын адам жанының арашашысы болып, халқына адал қызмет еткен, қосағы – облысқа танымал тұлға, Индер ауданының Құрметті азаматы Мақсым Хасанұлымен бірге ұлағатты ұл, қылықты қыз тәрбиелеген бақытты жандардың бірі. 1962 жылы Мәкеңмен көңілі жарасып, шаңырақ көтерген отбасында Бейбіт, Бибігүл, Сырымбет, Жайсаңгүл және Полымбет есімді ұл-қыздары өмірге келді. Олардан 12 немере, 7 шөбере сүйген Айжамал әжені бүкіл ауыл құрмет тұтады.

– Шүкірміз. Елбасымыз Нұрекең біз сияқты зейнеткерлердің зейнетақысын жыл сайын өсіреді. Халықтың әлеуметтік мәселелердің оңды шешілуіне, еліміздің қарыштап дамуына, тәуелсіз Қазақ елінің «Мәңгілік Елге» айналуына, халықтар арасындағы достықты, бірлік пен берекені, ырыс пен ынтымақты нығайтуға теңдессіз үлесін қосып келеді. Заманымыз тыныш, халқымыз бен Елбасымыз аман болғай!», – дейді Айжамал Есенғалиқызы.

Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз