Жетпістің желкенін керген ардагер мұнайшыға құрмет көрсетілді
«Менен тағы да кім боласың деп сұраса ойланбастан қайтадан мұнайшы дер едім». Осы сөзбен өзінің мамандығына деген адалдығын білдіріп, бар саналы ғұмырын мұнай саласына арнаған Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Мақсым Ізбасовтың мерейтойына орай ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті.
Іс-шара Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің А.Иманғалиев атындағы ғылыми кеңес залында өтті.
Алқалы жиынға ғылыми кеңес мүшелері, университеттің оқытушы-профессорлары , мұнай-газ саласының ардагерлері және замандас әріптестері қатысты.
Басқосудың алғысөзін бастаған университет басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов Мақсым Шапихұлын аймақтың дамуына сүбелі үлес қосқан азамат екендігін тілге тиек етіп, 70 жылдық мерейтойымен құттықтады. Содан соң жетпістің желкенін керген ардагерге аталмыш оқу орнының жоғары марапаты «Халел Досмұхамедов» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.
Әркез жерлестерінің жағдайын ойлап, ел үшін еңбек еткен азаматтың бірі де бірегейі болған Мақсым Шапихұлының еңбегі мен өмір жолы көпке үлгі. Мәжіліске жиылған жұрт мерейтой иесінің өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, алған асуы мен жеткен биік белесінен сыр шертті.
Жиын барысында Саламат Идрисов Мақсым Ізбасовқа Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Мейрам Бегентаевтың құттықтау хатын жолдады.
Еңбек жолын 1976 жылы «Құлсарымұнай» мұнай газ өндіру басқрамасының Құлсары кен алаңында мұнай мен газ өндіру операторы болып бастаған. Елі үшін қызмет еткен, еңбектің арқасында абырой биігіне көтерілген Мақсым Шапихұлы «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталған және басқа көптеген марапаттың иегері. Аталмыш жиында Каспий аймағы қоғамдық академиясының Президенті Асхат Иманғалиев мерейтой иесіне «Каспий маңы академиясының академигі» атағын салтанатты түрде табыстады.
Жақсы ән тербеп, тәтті күй кернеген тағылымды шара соңында жылойлық ақын Айбек Қалмағамбетов өзінің жүрекжарды ардагерге жыр шумақтарын арнады.
Жайна МӘЛІМҚОЖА