Жасауды қалай дайындап жүрміз?

candyi Қоғам

Ата-бабаларымыз қай кезде де қызын «жасаусыз» жібермеген. Халқымыз қыз жүгіне аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген. Иә, бұл салт-дәстүрдің бүгінге дейін «сыры» кетпей сақталу себебі де осында болса керек. Бұл бір жағынан ұлтымыздың ұрпағына деген ерекше ықыласы мен жанашырлығының жарқын көрінісіндей болған жоралғы дерсің…

Халқымыз қиын  кезеңдерде де қол үзбеген дәстүрдің өз дәуіріне сай өзгеріске ұшырап отырғаны рас. Бірақ, біз қазір дәстүрге деген беріктіктен гөрі, аста-төктікке  барып, асыра сілтеу жағына ойысып барамыз. Бұған ағайыннан асып түсуді ойлап, кейін бармақ тістейтініміз куә. Қыздарына пәтер кілті мен автокөлік сыйлайтындарды көргенде арамызда бұрынғының үйір-үйір жылқы берген бай-бағыландары жүргендей болады. Алайда, бүйте берсек, бар дәстүрімізді «бүлдіріп» алмайтынымызға кім кепіл? Жалпы, «қыз жасауы» дегеніміз не? Қазақ қызының жүгіне не берген?

cандық

Еңбекпен тапқан нан тәтті

– Басы артық шығынға батып, ысырапшылдыққа бой бермес үшін халқымыз қызына санаулы төсек көрпесі мен ыдыс-аяғын ғана берген. Бұл үнемшілдіктің астарында үлкен тәрбиелік мән жатыр. Жасым сексенге келді. Өмірден көріп-түйгенім мол. Егер екі жас бас қосқаннан кейін қалған дүние мүлкін өздері еңбекпен, өмірдің ащы-тұщысын бірге көре жүріп табатын болса, олардың отбасының іргесі берік болады. Яғни, жастар арасында сыйластық, түсінушілік орнап, «еңбекпен тапқан нанның» қадірін тереңірек ұғынады, – дейді еңбек ардагері Сая Сарғалиева. Иә, ақ жаулықты әжейдің сөзінің жаны бар. Ата-аналары дүниесін түгелдей алып берген, еш нәрсеге мұқтаж емес жұп мұны ұғына қояр ма екен? Ойланарлық жағдай…

«Ертеректе анасы ұзатылатын қызына арнап екі кісілік құс төсек әзірлейтін болған. Қазіргі кезде мұның орнына жатын орын жиһазын (гарнитур) сыйлап жүр. Бұрындары қыз жасауына берілетін сандық, әбдірелер де қазіргі жиһаздардағы шифоньер, шкаф қызметін атқарғаны анық. Екі кісіге арналып тігілген қалың көрпе қыздың төсек орнында міндетті түрде болуы тиіс. Босағасынан мейманы арылмайтын қазақтың отауында төр көрпелердің алар орны ерекше. Қыз жасауындағы төр көрпелердің саны тақ болып, әдетте отау үйдің қажеттілігіне орай 3, 5, 7 немесе 9 төр көрпе әзірленеді», – дейді көнекөз қария. Сондай-ақ, ол бүгінгідей, бар қалағанын дүкеннен табылатын кезде қыз жасауына да дайын мүлікті сатып алу әдетке айналып бара жатқанын айтты.

Шеше көрген тон пiшер 

Сәні мен салтанаты жарасқан қыз жасауын дайындау бүгінгі заманда қажыр-қайрат пен қатар қаражатты талап етеді. Кейде қыз жасауы ел арасында салт-дәстүр емес, бәсекеге айналып кетпеді ме деген ой келеді. Себебі, арамызда «көрпесіне қарай көсілудің» орнына, банктен несие алып той жасап, жүк жинайтындардың қатары көбейгені рас. «Бар жылтырды қызымның жасауына беремін, ешкімнен кем қылмаймын» деп жанұшыра жүріп зат жинайтын ата-аналар, ағайын алдындағы абыройын ойлап жүргенде қалай қарызданып қалғанын да аңдамай жатады. «Қызымды құтты орнына қондырдым» деп бір парызынан құтылғанына қуанудың орнына, қарызға белшесінен батып, берешегін өтей алмай жүрген жанұяларды естіп-білгенде, іштей «әттеген-ай» дейсің. Алайда, біреудің мұндай қателігінен екінші адамның сабақ алғанын да көргеніміз жоқ. Керісінше, «жұрттың сөзіне қалмайық» деп алды-артын ойламастан бір-бірінен асып түсуге тырысады. Қыз ұзатып, келін түсірген ардақты ана Орынгүл Тілеуғалиева мұндай жағдайдың дайын затты алуға әуес болу мен сән қуудың салдарынан туындайтынын айтады.

«Бiздiң кезімізде ел арасында өте сирек кездесетiн «қалы кiлем» болды. Жағдайлары барлар қыз жасауы үшiн оны шетелдерден алдыратын. Өзім анамның берген термелi алашасын әлi күнге дейiн қолданамын, өйткені, ол маған өте ыстық. Оның қалай жасалғанын да өз көзiммен көргенмiн.  Бүгінге дейін өңiн де берген емес. Халқымыз «Шеше көрген тон пiшер» деген сөздi тектен-тек айтқан жоқ. Қазiргi уақытта ешкiм қолдан киiз басып, кiлем тоқымайды. Тіпті, көрпені де тікпейді. Перзентiн ұядан ұшырарда ата-ананың қалтасы қағылатыны да сондықтан», – дейді ол.

Қыздың жүгі қанша тұрады?

Иә, қазір қыз жасауына керектінің бәрі бар, бір қаладан шықпай-ақ та қажетіңді табасың. Тіпті, «Хан қызы», «Той», «Той шашуы», «Қыз жасауы» деген атаумен арнайы дүкендер де ашылуда. Орта бағасы 500 мың теңгеден басталатын жатын бөлме, қонақ үй жиһаздарын да шекесінен шертіп жүріп таңдап аласыз. Қыз жасауының өзі бір бизнес дерсің. Кім-кімнің де баласы үшін аянып қалмайтынын білетіндер мұны әлдеқашан табыс көзіне айналдырып үлгерген.

Атыраудағы дүкендерді аралап көргенімізде, жасауға кететін қаражатты есептеп те көрдік. Жасаудың негізі болып саналатын көрпе-жастықтың өзіне ең аз дегенде 312 мың теңге, қымбат матадан тігілген оюлы көрпеге 483 мың теңге, ал құрақ көрпеге 537 мың теңге керек екен. Бұл соммаға 6 көрпе мен 6 жастық, 1 шай көрпеше, 1 жігіт көрпеше, 1 құдағи көрпеше, 4 жамылғыш пен жас-жұбайларға арналған махаббат көрпесі кіреді. Бұдан бөлек ыдыс-аяққа сапасына қарай 500 мың мен 700 жүз мың теңге  дайындаумен аралығында ақша жұмсайсыз. Қыздың түрлі мезгілдік және сырт киімдерінің өзі қомақты қаражатты құрайды. Дүкендерді аралай жүріп шаш етектен шығынға әкелетін сөрелердегі дайын затқа қарағанда, жоғарыда Орынгүл кейіпкеріміз айтып өткендей ата-анасы қолымен жасаған дүниенің бағасы арзанырақ боларына көз жеткізгендей болдық.

Қыз жасауымен айналысатын еліміздегі алғашқы кәсіпкерлердің бірі, «Хан қызы» брендінің негізін салушы Жанаргүл Байбурақызы да негізі жасауды қыздың анасының өзі дайындаудың дұрыстығын айтады. «Қазақта дәстүр бойынша «бас құралсын, тезірек жанұя болсын» деген ниетпен әжесі немересіне немесе анасы қызына дайындайды. Бұйымды тіккенде адам жан-дүниесін беріп істейді. Содан кейін онда энергетика болады да, ол жас-жұбайларға беріледі. Бірақ қазір уақыт тапшы ғой. Сондықтан, біздің жұмысымызды қыз ұзататын отбасыға көмектесу, уақытын үнемдеу деп есептейміз» дейді.

P.S. «Ертеде б дәулеттi кi қызын ұядан ұшырарда оның ыдыс-аяғын түгелдей алтыннан жасатыпты. Алайда, итаяғына келгенде алтын таусылып қалған көрiнедi. «Итаяғым алтыннан емес» деп жылаған қызына әкесi қатты налып, «тас бол!» деген екен. Содан әке қарғысы қабыл болып, ұзатылып бара жатқан қалыңдық жасауымен бiрге тасқа айналып кетiптi. Қарт Қаратаудағы Келiншектау атауының шығу тарихы осындай», – дейдi көнекөз қарияларымыз. Ел арасындағы бұл аңыз әрб қыз баланың өз жасауына разы болуы ти екен бiлдiрсе керек.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Айнаш

    Салт-дәстүрді дәріптеу шарт

  2. Самал

    Қазақта дәстүр бойынша «бас құралсын, тезірек жанұя болсын» деген ниетпен әжесі немересіне немесе анасы қызына дайындайды. Бұйымды тіккенде адам жан-дүниесін беріп істейді. Содан кейін онда энергетика болады да, ол жас-жұбайларға беріледі.

  3. Молдир

    очень поучительно