БРУЦЕЛЛЕЗГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС

әлі өз нәтижесін бермей отыр

Жуырда ауыл шаруашылығы жануарлары арасында бруцеллез ауруының таралу жайын талқылау мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың төрағалығымен семинар өткізілді. Аурудың алдын алу үшін қандай шаралар жасалып жатыр? Бруцеллездің адамдар арасында таралуына жол бермес үшін не істеу керек? Маусымдық екпе пен сырға салу жұмыстарының баяу жүруіне не себеп? Міне, жергілікті ветеринар мамандардың қатысуымен болған жиында осы және өзге де мәселелер қозғалды.

 

Жиынға облыстық ветеринария басқармасының мамандарымен қоса, Алматы қаласындағы Қазақ ветеринария ғылымдарын зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Аспен Абуталипов пен Қазақ ұлттық академия университетінің биологиялық қауіпсіздік кафедрасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ниғметолла Асанов қатысып отырды.

– Өкінішке орай, ветеринария саласы бойынша облыста белгіленген жоспарлар іске асырылмаған. Қазір мамандар тек малды союмен және жоюмен ғана айналысып отыр.  Сынама жасау үшін қажетті қан да әлі алынбаған. Уақытында алынбаған қан енді күн суытқанда мүлдем алынбайтыны белгілі. Ауру мал сау малмен бірге жүр. Бұлай жалғаса беретін болса, біз ауруды қолдан жасап аламыз. Осының бәріне жауапты инспекция қызметкерлерінің жұмысы неге баяу? – деді Ғұмар Ислямұлы.

Мамандардың айтуынша, наурыз, сәуір, мамыр айлары – малдан нағыз қан сынамасын алатын кезең. Бірақ, сырғасы жоқ малды лабораториялық зерттеу орталықтары қабылдамайды. Ал, сырға сатып алуға қажетті қаржы тек республикалық қазынадан ғана бөлінеді. Аймақтар бойынша нақты сырға санын бекіту жұмыстарының жыл соңына дейін созылатын түрі бар. Өкінішке орай, бұл бағыттағы халықтың түсінігі тым таяз. Көбі жеке меншігіндегі малға қол сұқпауын өтінеді. Индердегі ауру малдар қазір  Құрманғазы ауданының сою нысандарына тапсырылуда. Бұл жерде бір ескеретін жайт, Қызылқоға малын Ганюшкинге апару үшін тұтастай үш ауданның аумағынан өту керек. Яғни, осы аумақтарға ауру таяқшаларының таралу қаупі зор.

– Осыған дейін аудандарға он мың сырға тапсырылған-ды. Алайда, жеке мал иелері әлі күнге дейін сырға алмаған. Егер облыс көлемінде осыған дейін бруцеллезге тос-қауыл қоя алмасақ, өңірде асыл тұқымды мал өсіруді қалай дамытамыз? Оның үстіне, қазір бұл ауру адамдар арасынан да анықталуда. Нақтырақ айтқанда, былтыр 37 адам ауырса, биыл ол 43-ке жетті. Қызылқоғадан бастау алған ауру бүгінде Индер мен Құрманғазы аудандарына тарап үлгерді. Бір ғана Индер өңірінің Есбол, Бөдене ауылдарында бірнеше ауру ошақтары табылды. Әрине, ауруды түбірімен ауыздықтауға қауқар да, қаражат та жетіспейді. Бірақ, жұмыстар сатыланып жасала беруі тиіс. Қалыптасқан жағдайға байланысты, мемлекет ветеринария саласын тікелей өз бақылауына алып отыр, – деді Ғұмар Дүйсембаев.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымбек Бисенғалиевтің айтуынша, облыс орталығы мен аудандарындағы ветеринария бөлімдері ғаламторға жүз пайыз қосылған. Нәтижесінде облыстағы ауру малдар туралы толық мәлімет пен санақ көрсеткіштері ғаламтор бетшелерінде уақытылы жарияланып отыр. Қазір әр мал иесі үйінде отырып-ақ, облыстағы үй жануарларына қатысты мәліметті біле алады. Тек бір қынжылтатыны, компьютерлік сауаттылығы жоғары жас мамандар жетіспейді. Соның салдарынан Қызылқоға мен Индер аудандарындағы мал санақтарының нәтижелері ауысып кеткен. Ғаламтордағы санақты жүйелі түрде жүргізіп отыру үшін әр ауданға бір маманнан бөлінсе, артық етпейді. Өйткені, ветеринария саласында қызмет етіп жүргендердің дені – зейнеткерлік жастағы адамдар. 

– Жыл басынан бері бруцеллез ауруына қарсы серологиялық жолмен тексерілген 99 250 сиырдың 661-і, 381 371 қой-ешкінің 1813-і және 10 869 түйенің 12-сі бруцеллез ауруына шалдыққан. Соның ішінде, Қызылқоға ауданында зерттелген 10,759 сиырдың 320-сы, 98 803 қой-ешкінің 1696-сы және 302 түйенің төртеуі ауру деп танылды. Бұл бойынша дереу шаралар алынып, ауру мал түгелдей санитарлық жолмен жойылды, – деді облыстың бас мал дәрігері Н.Насихатұлы. 

Аурудың алдын алу үшін не істеу керек? Ең бастысы, ауру малдарды уақытында жою мен ауру шыққан қора-жайларды сапалы дезинфекциялау қажет. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына мал дәрігерлері өз ақыл-кеңестерін жариялап тұрса, артық болмас еді. Аурумен күрес кешенді түрде жүргізілмесе, ол тым ұзаққа созылып кетеді. Жиынға қатысушылар осыны ескертті.  

Амандық АБДОЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз