«Жетімдер үйінен жетілдік»
«Бақыт деген сенің бала күндерің» деп жырлаған екен асқақ ақынымыз Мұқағали Мақатаев. Расында, қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты балалық шағымыз еді ғой. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер сол бақытты қаншалықты сезініп жүр. Үкімет қамқорлығы қанша жерден қайырымды болғанымен, ата-анасының аялы алақанын алмастыра алмайтынын айтудың қажеті де жоқ.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» емес пе, «жетім» деген сөз қазақ халқына жат, дегенмен қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны рас. Не себепті қоғамда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар көбеюде? Оларға кімнің жаны ашып, кім жәрдемдеседі? Кім қамқор болып, кім назарға алады? Бұл сұрақтарға жауап алу қиын, жауап алсақ та одан қорытынды шығару мүмкін емес. Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да ащы» деген сөздеріне қарамастан бұл мәселе қоғамда өткір тұр. Сол себепті жастардың бойында қайырымдылық сезімін ұялатып, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қоғамның назарын аудару қажет-ақ.
Сандарға көз жүгіртер болсақ, статистика бүйдейді — елімізде 20 мыңнан астам жетім бала бар. Оқу-ағарту министрлігінің балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Жанна Сәрсенбаеваның айтуынша, елімізде бала асырап алу бойынша оң динамика байқалады. «Балажан» жобасы нәтижесін беруде. Оған дәлел қолдау орталықтарындағы балалардың психологиялық-эмоционалды жағдайы мен қарым-қатынасы жақсарып келеді. Бастысы балаларға ыңғайлы. Олар өздерін интернатта емес, үйде жүргендей сезінеді. Барлық бала секілді, сабақ оқиды, мектепке барады. Аталған жоба аясындағы тағы бір бағыт — кәсіби патронаттық отбасыны дамыту. Яғни, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды балалар үйіне емес, бірден патронаттық отбасыға беру мүмкіндігі. Бүгінде осы практика енгізіліп жатыр», – деді Жанна Сәрсенбаева елордада өткен балалар үйін трансформациялау мәселелеріне арналған жиын барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Атырау қаласындағы «Ақбота» балалар үйі — кезінде талай жанға пана болған мекен. Аталған балалар үйінен түлеп ұшқан Маржан Сейталиева 2002 жылы балалар үйіне орналасқан екен.
— Мен 1988 жылдың 20 қырқүйегінде туылдым. 2000 жылы ата — анам өмірден өтті, екі жылданкейін нағашы апам «Ақбота балалар үйіне тапсырды. Отбасымызда 7 баламыз. Аталған мекенде бауырларыммен бірге тәрбиелендік. Тәрбиешілеріміз өздерінің балаларындай қарап, аялап өсірді. Мен 2005 жылы оқуға түстім. Жолдасым да «ақботалық». Бір-бірімізбен қиын-қыстау, жадау көңіл кезде кездесіп, танысып, бүгінде отбасылымыз. Көпбалалы анамын. Алланың берген алты балапанын өсіріп отырмыз. Бүгінде өзім де бауырларым да мемлекеттің қолдауымен үй алдық. Бәріміз тұрмыс құрып, үйлендік, көңілдің «әттеген-айы» өткен жылы ағам өмірден өтті. Жалпы, тіршілікте түрлі соқпаты жолдар, жан-жақты жағдайлар болады ғой, бәріне дайын болу керек, дейді Маржан Хамидуллақызы.
Қандай жағдайда да, ата-ана мен балалар ешқашан бір-бірінен ажырамаса екен.
Гүлнұр АСАНОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің
4 курс студенті