ЖЕТІМ КӨРСЕҢ, ЖЕБЕЙ ЖҮР!

Индер ауданының Есбол ауылында тұратын ерлі-зайыпты Асылбек Хасанов пен Қалжан Ғұмарованың отбасылық тірлігіне  осыдан он екі жыл бұрынғы оқиға түбірлі өзгеріс әкелді. Тұңғыштары Айнамкөзді үш жылдан кейін көрген Қалжанның бала кезіндегі сырқатына байланысты әрі қарай бала көтеруге мүмкіндігі болмады.

Екеуі қабырғаларымен кеңесіп, ойланып, толғанып, ақыры әке-шешелері ішімдікке салынып, ата-аналық құқықтарынан сот арқылы айырылған отбасының қаладағы «Ақ бота» балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан төрт баласын асырап алуды ұйғарды. Ондағы ойлары біріншіден, орталарында жалғыз дәнекер қыздары – Айнамкөздің соңынан еретін іні-сіңлілерінің болуын қаласа, екіншіден, қоғамда белең алған тастанды, жәудіркөз жетім сәбилердің азайып, олардың ата-ананың тәрбиесін отбасынан алуына себепкер болу еді.

– Ол кезде  Айжан – 10 жаста, Альфия – 9-да, ең кішісі Азат небәрі алтыда болатын. Балалар бізбен де, Айнамкөзбен де тез үйренісіп кетті. Олар бізді «папа», «мама» деп атады. Тату-тәтті тұрмыс кешіп жатырмыз. Бұлардың үлкені Азамат сол кезде  есейіңкіреп қалғандықтан,  интернатта қалайын деп шешті. Біздің үйге іні-қарындастарының амандығын біліп, жиі келіп тұрды, оны да өз баламыздай көреміз, – деп, өткенді еске алған Қалжан   сол балалардың бүгінгі тірлігін де әңгімесіне  арқау етті.

Азамат әскер қатарында болып, өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келіпті. Атырауда жұмысқа орналасып, бір бөлмелі пәтер алған екен. Айжаны Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің дизайн факультетін бітірді, еңбекке араласты. Өрістерін кеңейтіп, ауылдағы жақсы шаңыраққа келін болып түсті. Күйеу баласы екеуінің Нұрай, Нұрасыл есімді бөпелері өсіп келеді. Альфия осы колледждің мектепке дейінгі бөліміндегі оқуын тәмамдайды, сабағы жақсы. Азат – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық факультетінің 2-ші курс студенті. Бәрі де мемлекеттік грантпен оқиды, тамақтарына, жол ақысына бюджеттен қаржы бөлінеді.  

– Балаларымыз есейіп, ержетуде. Үйдегі барлық шаруаларды жасауды әкесі екеуміз үйреттік, ешкімнен кем етпей өсірдік. Асылбек тіршілік қамымен қаладағы «Алау-Жайық» мекемесінде жұмыс жасайды. Өзім – үшінші топ мүгедегімін, кезінде Гурьевтің педагогикалық училищесінің мектепке дейінгі даярлық бөлімін бітіргенмен, ауылда қолайлы жұмыс жоқ, боспын. Балаларымыз жан-жаққа кеткесін үйімізді тыныштық басты. Біз ондайға үйренбегенбіз ғой.

Бұрнағы жылы «Қазақстан» телеарнасынан «Жан жылуы» деген бағдарламада жетімдіктің зардабын тартқан сәбилерді көрсетті. Телехабар барысында Атыраудан Ерасыл атты баланың «Әке-шешем болса» деген арманын естіп, үш жастағы бейкүнә  Бәтиманың мұңды жүзі мен жанарын жуған көзінің жасын көріп, біздің де жүрегіміз елжіреді.  Оларды көріп отырып, өзіміз жыладық. Сөйтіп, Асылбек екеуміз әлгі балаларды қамқорлыққа алуға бел байладық, – дейді патронат ана Қалжан Ғұмарова.

Кешікпей олар қаладағы Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінде тәрбиеленуші Ерасылды, анасы сәбиін туа салысымен перзентхананың есігі алдына тастап кеткен Бәтиманы барлық құжаттарын заңдастырып, өздерімен бірге ауылға алып келеді. Ерасыл өзі армандаған әкесі мен шешесінің табылғанына мәз. Қазір ол Жамбыл атындағы орта мектептің  тоғызыншы сыныбында оқиды. Бәтиманың жүзіне күлкі үйіріліп, сәбилік пәк сезімін ата-анасына сездіре бастады, бүгінде мектепалды даярлық тобына барады. Олар да бақытты болуға, әке-шеше махаббатына бөленуге лайықты еді. 

Отағасы Асылбек те, жан жары Қалжан да көп балалы ұлағатты отбасында тәлім-тәрбие алды. Айтпақшы, биыл олардың шаңырақ көтергендеріне  отыз жыл болады. Айнамкөзі Жәнібек атты сыңарын тауып, өмірге үш сәби әкеліп, бір үлкен әулеттің шаңырағын шаттыққа бөлеуде. «Балалы үй – базар» демекші, жиендеріміз келгенде, үйіміз нағыз мерекеге айналады. «Аталап» мойныңа асылып, құшағыңа кіргенде, жұмыстан шаршап келгенімді ұмытып кетемін. Ата-ана бақыты деген осы шығар» дейді Асылбек риясыз көңілмен.

Ана сүтін ембеген, құшағына енбеген, аялы алақанын көрмеген жетім балаларды Асылбек пен Қалжан сияқты мейірімді жандар көбірек кезіктірсе, балалар үйлеріндегі жетімдер саны да азаяр еді-ау деген ой да мазалады бізді осы   арада.

Мұхаммед пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады», – деген екен. Ал, біздің кейіпкеріміздей  осынау мейірімді жандардың сауабын Алла өзі көбейтер!

 

Бақытжан ЖҰМАТ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз