ТШО-НЫҢ 4 МИЛЛИОН ДОЛЛАРЫ

Қоғам

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан аймақтың дамуына әлеуметтік көмектерін аямайтын компания басшылығына алғысын білдірді.

– Осыдан жеті жыл бұрын Елбасының тапсырмасымен Атырауда кардиология орталығы ашылды. Сол уақыттан бері Атырауда 500 адамның жүрегіне ашық ота жасалып, аталған орталықтың көмегімен облыста жүрек-қан тамырынан қайтыс болған адамдар саны үш есеге азайды. Енді науқастар қыруар қаржы жұмсап, шетелге немесе еліміздің өзге қалаларына бармай-ақ, өзімізде барлық қажетті ем-домды ала алады, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

«Шеврон» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы және корпорацияның бас директоры Джон Уотсонның зайыбы Дайан Уотсонның айтуынша, корпорация өзі қызмет атқаратын аймақтағы тұрғындарының денсаулығын жақсарту мәселесін тек бизнестік сипатта ғана емес, аса қажетті іс деп санайтынын жеткізді.

– Диагностикалық және терапевтік жабдық Атырау кардиологиялық орталығында анағұрлым күрделі ауруларды емдеу үшін техникалық қуатты арттыратын болады. Алғашында жоспарланған ангиографиялық кешенге қоса, ақауды көруге мүмкіндік беретін диагностикалық зерттеу және жүрек соғысының бұзылуын анықтауға арналған құралдарды сыйға тартып отырмыз.  Ауруды ерте емдеу, жүрек-қан тамыры ауруларының екінші мәрте алдын алу шаралары өмір ұзақтығына, сапасына және өнімділігіне оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ, Атырау облыстық балалар ауруханасының сурдологиялық зертханасын кеңейтуге де мүмкіндік береді. Бұл – ТШО компаниясының өтеусіз көмегі, – деді Дайан Уотсон.

«Теңізшевройл» компаниясы адам ресурстары басқармасының бас менеджері Шолпан Алтыбаева да сөз алып, серіктестіктің әлеуметтік салаға қосып жатқан үлесі, көрсетіп жатқан демеушілігі туралы айтты.

– Елбасы Н.Назарбаев адамның өмір сүру деңгейін 80 жасқа дейін ұзарту мәселесіне зор көңіл бөліп келеді. Осыған орай біздің компания да денсаулық сақтау саласына деген қамқорлығын аямайды, – деп, ақ халатты абзал жандардың жұмысына сәттілік тілеп, 4 миллион АҚШ долларының сертификатын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиевке тарту етті.

Айта кетсек, бұған дейін есту қабілетін анықтау үшін облыстық балалар ауруханасының үш жастан жоғары балаларды тексеруге мүмкіндігі ғана болатын. Енді «Теңізшевройл» ЖШС басшыларының қамқорлығымен  баланың есту қабілетін тексеру перзентханадан бастап қолға алына бастайды.

Мұндай қамқорлыққа ыстық ықыласын білдірген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Меңдіхан Өтепқалиев, кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Марат Қонысов және балалар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Орындық Сиплова айрықша алғыс айтты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған