БІЗ – «АТЫРАУМЕН» БІРГЕМІЗ!

Біздің Атырау мұнай және газ институты ұжымы облыстық «Атырау» газетін жылма-жыл тұрақты жаздырып оқиды. Өйткені, мұнайлы өңірдің тынысын тап басып, жан-жақты шежірелеп келе жатқан басылымның бүгінгі мазмұны көңіл тоғайтады, тіпті сүйсіндіреді. Газет журналистерінің көпшілігінің тәжірибесі мол, қаламы қарымды, ойы ұшқыр екенін олардың әр жазған мақалаларынан риясыз танимыз.

Өткенде  мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлерінің күні қарсаңында Қазақстан Журналистер Одағы Атырау филиалының, «Атырау-Ақпарат» ЖШС мен «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының ұйымдастыруымен өткен V журналистер байқауында «Атыраудың» алты журналисінің топ жарып, жүлделі орындарды еншілегені бізді де шексіз қуантты. Соның ішінде, бас редактор Исатай Балмағамбетовтың өзі «жүзден жүйрік» шығып, «Гран при» жүлдесін жеңіп алғанының өзі неге тұрады десеңізші! Мұны біз үздіксіз ізденіс пен маңдай тердің лайықты бағалануы деп білеміз.

Түрлі өзекті тақырыптарға қалам тербеп, ой толғайтын журналистер талай түйінді мәселелердің шешімін табуға себепкер болып жүр. Атап айтқанда, Меңдібай Сүмесінов, Ағиба Қатешова, Гүлжан Әмірова, Айгүл Ертілеуова, Алтыншаш Құрмашева, Азамат Базарбаев сынды журналистердің ойлы туындыларын әркез іздеп жүріп оқимыз. 

Осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін сара жолдан бір таймай, елді толғантқан мәселелерді шешетін «төртінші биліктің» қара қылды қақ жарған әділ өкілдері бола жүріп, «Атырау» оқырмандарын қуанта беріңіздер!

Дүйсенбек ҚҰЛЖАНОВ,

Атырау мұнай және газ институтының ректоры,

профессор.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз