Жерлестері Жексенді біле ме екен?

1fdbb5f3 14d5 4367 b41e 58043007b625 Қоғам

Атақты кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың балаларға арналған «Алты жасар алпамыс» атты фильмін оның көрермендері әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Керісінше, youtube желісі арқылы қайталап қарап отыратыны рас. Ал, ондағы басты кейіпкер – ауыл мұғалімінің қияқ мұртты әдемі бейнесін сомдаған талантты актер Жексен Қайырлиевтің біздің жерлесіміз екенін екінің бірі біле бермейді.

Жасыратыны жоқ, белгілі театр жəне кино актері Жексен Қисметұлы Қайырлиевтің атакүлдігі Атыраудан екенін біз де білген жоқпыз. Мамырдың 4-інде облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің бұрынғы тілшісі, бүгінде Алматы қаласында тұратын филология ғылымдарының кандидаты Риза Əлмұқанова Facebook желісіндегі өзінің парақшасына Асхат Маемировтың жазбасын көшіріп салып, газетке арнайы сілтеме берген екен.

«Жексен Қайырлиев ағамыздың Атырауда тұратын туған қарындасы Əлия Қисметқызы мен басқа да туыс-бауырларын іздеуді жалғастырып жатырмын. Егер ағайын-туысқандарын танитын жандар болса, маған бірден хабар берсеңіздер екен. Теңдіктегі үлкен қорымнан бейітін анықтап алған соң, рухына құран бағыштап, 1970-90 жылдар аралығында қазақ театры мен кино кеңістігінің жұлдызды актері болған Жексен Қайырлиевтің есімін есте сақтап, шығармашылық мұрасын жас буынға дəріптеу үшін бірталай шараларды қолға аламыз. Дəлірек айтсақ, өзі түлеп ұшқан өлкеден, Атырау қаласында Жексен Қайырлиевке көше атауын беру.

Актердің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм түсіруді қолға аламыз. Келесі жылы Атырау қаласында Жексен Қайырлиев атындағы І-ші республикалық жас актерлер фестивалін өткізу. Алматы қаласындағы тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнату. Өнер колледжінде «Актер өнері» мамандығы бойынша үздік оқитын студентке Жексен Қайырлиев атындағы стипендия тағайындау секілді бастамаларды іске асыруымыз керек. Жексен Қайырлиевтей талантты актерін Қазақ Елі, əсіресе жас буын ұмытпауы тиіс», – дейді өз жазбасында көршілес Орал өңірінің тумасы, əріптес інісі, белгілі театр режиссері, философия ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Бұл сөзін А.Маемиров бізге телефон арқылы сөйлескенде де құптады. Жəне бұл бағыттағы бастамалар ауыл əкімдері мен ел ағалары тарапынан қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Рас, «Алты жасар Алпамыс» фильмі арқылы Жексен Қайырлиев деген актердің есімі өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Қазақстанның театр мен кино кеңістігінде кең таралды. Өйткені, фильмдегі басты кейіпкерлердің бірі – қаладан оқу бітіріп, ауыл мектебіне келген жас ұстаз жігіттің бейнесін ол өте шынайы сомдады.

Қаншама бозбала Жексен Қайырлиев кино экранда жасаған Мұғалім бейнесіне еліктеді. Оннан астам фильмге түсіп, театрда жиырманың үстінде рөлде ойнаған Жексен Қисметұлы 1974 жылы Алматыдағы актерлік студияны бітірген соң бірден Алматыдағы М.Əуезов атындағы академиялық театрға қызметке қабылданады. Ширек ғасырдан астам уақыт қазақ театр өнерінің қарашаңырағында жемісті еңбек етті. Осы кезеңде Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қозы, М.Əуезовтің «Қарагөзінде» Нарша, «Абайда» Мағауия, «Қара қыпшақ Қобыландыда» Шуақ, Н.Гогольдің «Ревизорында» Хлестаков, Қ.Мұхамеджановтың «Біз періште емеспіз» қойылымында Марат ролдерін шебер ойнады.

«Жексен ағамыздың Қазақ радиосындағы жастарға арналған ең танымал «Сəлеметсің бе, замандас» бағдарламасында диктор Сауық Жақановамен бірлесіп хабар жүргізгені де есімізден кете қойған жоқ. Қызмет істеп жүрген кезінде Жексен Қисметұлы өзінің жүрек қалауымен таңдаған өнер жолында тəлімгері болған, кəсіби тұрғыдан бағыт-бағдар берген Райымбек Сейтметов, Əзірбайжан Мəмбетов, Фарида Шəріпова, Əнуар Молдабеков, Серке Қожамқұлов, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова сынды аттары аңызға айналған ұлттық театр мен кино өнерінің саңлақтары мен майталмандарының ақылкеңесін тыңдап, солардан тəлім алғанын мақтанышпен айтатын», – депті тағы бір жазбасында А.Маемиров.

Ал, біз Ж.Қайырлиев туралы мəліметтер іздестіріп, жанжаққа хабарласқан едік. Əуелі оның Томарлы ауылындағы үлкен қауымға жерленгенін Қайыршақты ауылдық округінің əкімі Шапхат Қалиев растады. Шапхат Қарашұлымен телефон арқылы əңгімеміз біртіндеп біз ойлағаннан да тереңдей түсті.

fggghhh

– Жексен ағайды жақсы білемін, себебі оның əжесі Дина – менің анамның жеңгесі. Жетімдіктің тауқыметін тартып өскен Дина апай өте жайлы адам еді, сексенінші жылдардың басында дүние салды. Бірақ, біздің ол отбасымен байланысымыз беріге дейін үзілген жоқ. Жексен аға Атырау қаласында туған, руы – Беріш. Қалада Первомайская, қазіргі Мазан Халелов көшесіндегі қазақы пəтерде тұрғаны есімде. Қазір ол пəтерді басқа адам сатып алған. Əкесі Қисмет 1927 жылы Индер ауданында туған, сексенінші жылдардың соңында, анасы Дəмет тоқсаныншы жылдардың ішінде, одан беріде өзі, қарындасы Мəрия мен інісі Жұмағали да қайтыс болды. Барлығы да Томарлы қауымына жерленген. Қателеспесем, Жексен, Алма, Аманғали, Мəрия, Əлия жəне інісі Жұмағали болған, содан қазір Аманғали, Алма апай мен Əлия ғана қалды. Қазір барлығымызды байланыстырып тұрған тін – жасы сексеннен асқан Күміс есімді нағашы апам ғана, – деп, Шапхат Қарашұлы бұл отбасыны қалай танитынын тəптіштеді.

Оның айтуынша, Жексен Қисметұлы Атырау қаласында 1951 жылы туған, үйдің үлкені. Ө.Атамбаев атындағы №8 орта мектепті бітіріп, арман қуып Алматыға аттанады. Өнер саласында бағы жанып, жұлдызы жарқырағанымен, саулығы сыр беріп, 2000-шы жылдары Атырауға келіп-кетіп жүріпті. Ақыры, осында тұрақтаған.

– Екеуміз жақсы байланыста болдық. Үйге де, жұмысқа да келіп тұратын. Бір келгенінде, «Шапхатжан, мен «Атырау» футбол командасына психолог болып жұмысқа кірдім ғой» деді қуанышын жасырмай. Содан кейін хабарсыз кетті. Ақыры, «қайтыс болыпты» деген хабар естідік, топырақ салуға кеш қалдық. Білуімше, Гүлнар Ералиева деген жеңгеміз де актриса болған екен. Екі қызы дүниеге келген соң жеңгемізбен дəм-тұзы жараспай, кейін ағамыз туған жерге келген тəрізді, – деді Ш.Қалиев. Шынында да, 2011 жылы 12 мамырда ауыр науқастан дүние салған белгілі актер Жексен Қисметұлының мəңгілік мекені Томарлы ауылындағы Қайырғали Смағұлов жерленген үлкен қауымнан бұйырыпты. Ал , 2015 жылдың 1 9 қыркүйегінде kino-teatr.ru сайтында талантты актердің туған қарындасы Əлия Қисметова ағасының соңғы күндері жөнінде орыс тілінде баяндай келіп, мынадай жазба қалдырыпты: « . . . Ағам өте тамаша адам, қайталанбас тұлға еді. Бауырларына, соның ішінде маған да жасаған жақсылығы аз емес-ті. Шынымды айтсам, ол менің тəрбиеммен көбірек шұғылданды. Қолымнан жетектеп, музыка мектебіне апаратын. Жазғы каникул кезінде кітап, əсіресе, классик жазушылардың шығармаларын

оқуға мəжбүрлейтін. Одан пайда болмаса, зиян көрмедік. Керісінше, білмегенімізді үйреніп, көп нəрсеге көзіміз ашылды. Оң – солымызды таныдық. Ол жайлы еңбек жолындағы ұстаздары мен қызметтес болған əріптестері жақсы сөздерін айтып, оң пікірлерін білдіретін. Ағамның жарқын бейнесі, жарқыраған жүзі мен жадыраған күлкісі сол күйінде есімде сақталып қалды. Оның дүниеден озуы бір мен үшін емес, бүкіл отбасымызға орны толмас ауыр қайғы болды. Тірілердің парызы – өнер майданында өзіндік өрнегін салған осындай жандардың өнегесін өрістету», – деп аяқтапты естелігін Əлия Қисметқызы.

Ол ағасы Жексеннің актерлік өнердегі тəлімгері Райымбек Сейтметов болғанын да көрсеткен. Осы мазмұндас лебіздерін актердің қызы Гауһар, ұлы Жалғас, немере інісі Арман, басқа да бауыр-туыстары білдірген. Олардың сөздерінің түйіні – Атыраудың перзенті, халқымыздың театр мен кино өнері тарихында өзіне тəн қолтаңбасы бар, осы салаға бар өмірін арнаған азаматтың еңбегі мен есімін ұмытпай, ұлығылау. Бұл соңында қалған ұрпағы, қалаберді көзін көрген, үзеңгілес қызмет атқарған əріптестерінің парызы, елдігімізді көрсететін игі қадам саналады.

Назарбек ҚОСШИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз