Сіз кімсіз, Боран батыр?

af35a7e6 4097 4389 a856 9835ccc78c6b Қоғам

Газетіміздің биылғы 5 мамырдағы 36-37-ші сандарында маңғыстаулық Жәнібек Науаровтың «Белгілі тұлғаның беймәлім тұсы» атты мақаласы жарық көрген еді. Онда Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Боран Нысанбаев жайлы табылған тың мәліметтер жарияланған болатын.

Жуырда редакцияға арнайы келген Атырау қаласының тұрғыны Гүлзада Әбілдаева да мақалада көрсетілген деректерге орай өз ойы мен ұсыныс-пікірін айтып, айғақты дәлелдерін келтірді. Сол мақаланы мазмұнындағы автордың ойын сақтай отырып, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Атамыз жайлы алғы сөз

Кейде өмірде адам айтса нанғысыз жағдайлар орын алып жатады ғой. Бет-бейнесі, түр-әлпеті бір-біріне егіз қозыдай өте ұқсас кісілердің болатыны секілді, кейде аты-жөні, тіпті туған жылы да бірдей келетін сәттері кездеседі екен. Мұны шынайы өмірде көзіміз көрген соң жазып отырмын. Бұған Ұлы Отан соғысына аттанып, бірақ хабарсыз кеткен атамыздың есімі елге белгілі батырмен аттас әрі жерлес болып шығуы түрткі болды.

Әрине, әскери комиссариаттан ол жайлы деректердің кездеспеуі бастапқыда көңілімізге күдік ұялатқаны рас. Бірақ, «Мемориал», «Память народа» секілді майданда хабарсыз кеткен боздақтар жайлы деректерді сақтаған сайттар мен Ресейдің Подольск қаласындағы архивтен алынған жауап-хаттар біздің атамыздың шынында да соғыста болғанын және майдан даласында қаза тапқанын растайды. Тек деректерде келтірілген «екі жерде жерленген Боран Нысанбаевтың қайсысы біздің атамыз?» деген сауал бізді көптен бері толғандырып жүр еді. «Atyraý» газетінде жарық көрген Жәнібек Науаровтың мақаласы бұл мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарғандай болды.

Мен сөз еткелі отырған Боран Нысанбаев Нысанбай Арыстанов деген арғы атамыздан туған, руы Жастабан – Таз. Рәзия Өтеғалиева әжемізбен екеуінің  төрт ұлы мен екі қызы болған. Олар – Ерші, Сары, Шайекен, Слупан, Боран, Әлтекен. Соның ішінде Боран есімді ұлы 1918 жылы дүниеге келген еді. Бүгінде көзі тірі апаларымыздың сөзіне қарағанда, бойы ортадан биік, иықты, алғыр, көрікті жігіт. Отбасын құрған, әйелі – Ұрқия Дәлуова, ол да өзімен құрдас. 1937 жылы дүниеге келген баласы Есбол ауданының Кулагино ауылдық кеңесіне тіркелген. Өзі шопан болып, кеңшардың малын баққан. Сол жерден 1942 жылдың қысында әскерге алынып, соғыста хабарсыз кетеді. 1963 жылы елге батыр Боран туралы хабар келгенде, інісі Әлтекен Индер (бұрынғы Есбол) аудандық әскери комиссариатына іздеп барады. Онда ағамызға не дегенін білмейміз, бірақ әскери комиссариаттан көңілі қатты қайтып қалғанын естідік: «Боран басқа отбасына берілді. Ол енді бізге жоқ. Әрі қарай оны іздемеңдер», – деген екен қабағы қатулы кейіппен. Содан кейін іздестіру тоқтатылған. Соған қарағанда, тоталитарлық жүйе өз дегенін істегенге ұқсайды.

Бірақ, біз – немерелері өмірде болған атамызды қалай іздемей тұра аламыз?! Оның үстіне, ғаламтор арқылы мол мүмкіндік туған заманда қол қусырып қарап отыру – әруақ алдындағы ауыр күнәмен бірдей. Бастапқыда аталарымыз Ерші мен Боран Нысанбаевтарды іздеп, Атырау облыстық ардагерлер кеңесіне хабарластық. Коронавирустың кезі, телефонмен сөйлестім, ондағылар «Память народа» сайтынан, архивтерден іздеуге кеңес берді. Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстық және Ресей Федерациясының Подольск қаласындағы әскери архивтеріне хат жазылды. Атырау облыстық архивінің және Ресей Федерациясы «Подвиг народа» сайтының материалдарын, Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев туралы зерттеушілер мақалаларын, соғыс туралы жазылған көптеген кітаптарды оқып, зерделедік. Атамыз Боранның артында қалған ұлы Асау ағамыздың, осы күні жасы тоқсаннан асып отырған қос апамыздың, үлкендерді көріп, солардың әңгімесін естіген ағайындардың естеліктерін жинақтадық.

Әрине, өзіміз Боран атаны іздестіру кезінде Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев туралы деректерге кезіктік. Өйткені, екеуінің тегі де, аты да бірдей. Сондықтан, сол мәліметтермен ғана танысып, зерттеп, зерделеуге тура келді. Бұл ізденіске екі-үш жыл уақыт кетті.

«Батыр Боран Нысанбаев» атты Сүйеу Халықовтың кітабынан:

«Қ.Сейітовтың «Тарихта өшпес ізі қалған» деген мақаласынан үзінді: «Боран 1935 жылы бастауыш мектепті бітіріп, одан әрі семья жағдайына байланысты оқи алмайды. Одан кейін колхозға мүше болады. Колхоздың қай жұмысына болса да белсене араласып, 1938 жылдан 1942 жылға дейін пішен бригадирі болып жұмыс жасайды… Боран 1938 жылы ВЛКСМ мүшелігіне өтеді. Ол жауырынды келген, орта бойлыдан гөрі биіктеу, жазық маңдайлы, қою қасты, жалын атқан өткір көзді, ұстамды, қайратты, адамға үйірсек жігіт болған. Оның домбыраға қосып ән салатын өнері де болған… (13-бет)»

Жиенбай Бақи, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, Боран туралы «Ерлік жолы» мақаласынан үзінді:

«Қырқыншы жылдары ата-анасы «өмірлік мұра» боп келе жатқан әулеттің малшылық кәсібінен біржолата қол үзіп, ол Гурьев қаласына келіп, теміржол депосына жұмысқа орналасады. Боран жас кезінен-ақ үлкендерге мейлінше ізетті, өзінен кіші бауырларына қамқор, мейірбан болған. Сонымен қатар, тым намысшыл да, қызба, өжет, басынан сөз асырмайтын өршіл де өткір болған. 1942 жылы армия қатарына алынып, 137 атқыштар дивизиясының 771 полкіне минометші болған… (25-бет)»

«Нарын таңы» газеті (18.09.2014 ж.), Ұлықпан Есқалиевтің «Кеудесін оққа тосқан батыр» атты мақаласынан үзінді:

«Боран Нысанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені белгілі болғаннан кейін, ауылда жүріп түскен фотосуреті табылмады. Сондықтан, туыстары мен бірге өскен құрдастарының айтуы бойынша, Боранның суретін бейнелеп шығарды. Қарттардың айтуынша, Боранның келбеті апасы Биғайшаға ұқсайтын, бірақ төртпақ еді дейтін. Биғайша апамыз ұзын бойлы болатын. Боранның суретін осы Биғайша апамыздың келбетіне қарап бейнелеп салып, мұражайға тапсырған ұлты неміс Никель деген суретші еді…»

Atr.kz сайтынан, Сүйеу Халықов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Аtyraý» газетінде жарияланған «Батыр Боран» атты мақаласынан үзінді:

«…Боран Нысанбаев 1918 жылы Қаңбақты елді мекенінде дүниеге келіп, «Бает» бастауыш мектебінен білім алады. Одан әрі бала Боран жанұясының жағдайына байланысты оқуын жалғастыра алмайды да, бұрынғы «Красный Октябрь» колхозынан бір отар қой алып, шопан болады…»

«Боран ағамыз 1938 жылы ВЛКСМ мүшелігіне өтеді. Ол жауырынды келген, орта бойлыдан гөрі биіктеу, жазық маңдайлы, қою қасты, жалын атқан өткір көзді, ұстамды, қайратты, адамға үйірсек жігіт дейтін білетіндер. Оның домбыраға қосып ән салатын  өнері де болған», – деп жазады есболдық Қ.Сейітов ағамыз.

Осы үзінділерден көріп отырғандай, Боранды С.Халықов Қ.Сейітовтың мақаласына сүйеніп «1938-1942 жылдары пішен бригадирі болып жұмыс жасайды» десе, енді бір жерде «Красный Октябрь» колхозынан бір отар қой алып шопан болады» дейді. Ж.Бақи өз мақаласында Боранды «1940 жылдары малшылық кәсібінен біржолата қол үзіп, Гурьев қаласына келіп, теміржол депосына жұмысқа орналасады» дейді. Ал, Ұ.Есқалиев мақаласында Боранды «төртпақ аласа» десе, Қ.Сейітовте ол «жауырынды келген, орта бойлыдан гөрі биіктеу» делінеді. Атырау архивінің дерегінде Боран партияда емес (безпартийный), ал Қ.Сейітов оны «1938 жылдан ВЛКСМ мүшесі» дейді.

Демек, бұл мақалаларда бір адам әртүрлі сипатталған. Бұл деректер бір адам туралы деуге келе ме?.. Керісінше, екі түрлі Боран туралы айтылып тұр емес пе?!

Әрине, әр автор өзі кездестірген Боран жайлы жазып отыр және әрқайсысы Боран батырды суреттеп отырғанына сенімді, өйткені «басқа Боран бар» деу ешкімнің ойына да кіріп-шықпайды.

Мәліметтер не дейді?

Атырау облыстық әскери архивінің хатымызға берген жауабына қарағанда, Есбол аудандық әскери комиссариатынан 1942 жылы соғысқа кеткен, 1918 жылы туған «Қаңбақты а/с тұрғыны Нсанбаев Буран» тіркелген, партияда жоқ (безпартийный), білімі – 3 класс. Бұл Нысанбай Мәстековтың баласы туралы дерек. Басқа Боран туралы дерек жоқ.

«Жоқ» деген «болмады» дегенді білдірмейді. Бұл жағдай архив қорында құжаттар толық сақталмағанын көрсетеді. Тіпті, соғыстан кейінгі мезгілдің де барлық құжаттары табыла бермейді. «Оның себебі неде?» дейтіндей емес. Жанғыш, жыртылғыш, уақытқа төзімсіз қағаздарды сақтау қиын екені белгілі. Сақталғанының өзі бояуы солып, кейбіреулері оқылудан қалады. Өртену, көшіп-қону кездерінде жоғалғандары да аз емес, әрине. Өкініштісі сол, архивтер әлі күнге дейін ең қолайсыз, жағдайсыз ғимараттарда орналасып келеді.

Біз білетін Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев 1943 жылдың 6 ақпанында Орел облысының Лески деревнясында дзотты жарып, ерлікпен қаза тапқан. Ал, Подольск қаласындағы әскери архивтен (ЦАМО РФ) келген жауап хаттарда және «Память народа» сайтында Боран Нысанбаев туралы мынадай деректер бар:

– 1942 жылы 137-атқыштар дивизиясының 771-атқыштар полкінде тіркелген Нысанбаев Боран – әкесі Мәстеков Нысанбай, бойдақ (холост);

– Нысанбаев Боран 06.02.1943 ж. жараланды, Шалимово деревнясы, әкесі – Мәстеков Нысанбай. Мекен-жайы – Гурьев облысы, Есбол ауданы, Тужосанский с/с деп, госпитальге кеткеніне байланысты 23.02.1943 ж. №36 бұйрық шыққан. Бұйрық шығарушы – полк командирі Гордиенко;

– «Память народа» сайтында «Боран Нысанбаев 17.03.1943 ж. жазылып шықты (выписан), 771-полкке кетті» деген құжат бар;

– 137-атқыштар дивизиясының 771-атқыштар полкінің минометчигі, Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев 06.02.1943 жылы Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясында қаза тапқан, ВЛКСМ мүшесі»;

– 336-атқыштар дивизиясының 1130-атқыштар полкінің атқышы (стрелок) Нысанбаев Боран 14.12.1943 ж. Житомир облысы, Малин ауданы, Федоров деревнясында қаза болған, партияда жоқ, әкесі Мәстеков Нысанбай.

Аңғарсаңыз, бұл жерде 137-атқыштар дивизиясының 771-атқыштар полкінің командирі А.И.Гордиенко Боран туралы «1943 жылдың  6 ақпаны күні қаза болды және жараланды» деп, екі түрлі ақпарат беріп отыр. Екі оқиға екі деревняда болған, жараланғаны – Шалимовода, қаза тапқаны – Лескиде. Осы жерде бір адам туралы екі түрлі ақпарат жазылуы мүмкін бе? Боран Нысанбаевтың «Марапаттау парағынан» («Наградной лист») 1943 жылдың 6 ақпанында Совет Армиясы Орел облысының деревняларын фашистерден азат ету мақсатында жаппай шабуылға шығып, қиян-кескі шайқастар болғанын оқып отырмыз. Шабуыл кезінде жауынгердің жаралануы да, қаза табуы да мүмкін екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, бір адам қалайша екі жерде болып ұрыс жүргізіп, «қаза тауып» немесе «жарақат» алады.

Егер Ж.Науаров жазғандай, Б.Нысанбаев шынында да Лескиде дзотты жарғаннан кейін тірі қалып, госпитальге түссе, онда неге өзге деректе «жараланды, Шалимово деревнясы» деп көрсетеді? Өз жауынгерінің көзсіз ерлік жасап, көзге түскен жерін полк командирінің шатастыруы мүмкін бе? Бұл деревнялар географиялық тұрғыдан алғанда екі түрлі ауданда орналасқан. Олардың атауы әлі күнге дейін Ресей картасында бар.

Боранды 1943 жылғы 7 сәуірде «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынып бірінші рет, сол жылғы 14 мамырда екінші рет «Марапаттау парағы» толтырылған. Толтырушы – жоғарыда аты аталған полк командирі, подполковник А.И.Гордиенко. «Марапаттау парағында»: «06.02.1943 ж. Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясы үшін болған шайқаста немістердің пулемет дзоты совет жауынгерлеріне алға басуға мүмкіндік бермеді. Боран командирінен рұқсат сұрап, екі рет барып, граната лақтырып, дзотты жара алмады. Үшінші рет өз денесіне гранаталар байлап, қолына екі граната алып, еңбектеп барып, дзоттың ішіне еніп жарды. Солай, Лески деревнясын азат етуге өз жолдастарына жол ашты. Шайқастан кейін дзотта 28 неміс жауынгерінің және Боран Нысанбаевтың денесі табылды…»

Бұл жерде екі рет марапатқа ұсынылу себебі: бірінші рет – оған І дәрежелі «Отан соғысы» орденін беруге және ерлігін армия газетіне жариялауға 48-армияның қолбасшысы, генерал Романенко бұрыштама (резолюция) жазады. Ерлігі газетке шығып жария болғасын, майдан штабы «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынуды талап еткен. Екінші рет – тағы «Марапаттау парағы» толтырылады. Осылайша, Б.Нысанбаев бір ерлігі үшін екі рет қайтыс болған соң («посмертно») марапатталады (зерттеуші А.Полынкиннің «Опередивший Матросова» материалынан).

Оқиғаның болған уақыты – жоғарыда келтіргеніміздей, жараланған Б.Нысанбаев «17.03.1943 жылы госпитальден шығып, 771-полкке кеткен». Арада 20 күн өткенде, 1943 жылдың 7 сәуірінде қаза тапқан Боранды «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынып, «Марапаттау парағын» толтырған. Демек, «қаза болды» деп те, «жараланды» деп те құжатқа жазып отырған бір адам, ол – командирі А.И.Гордиенко. Көріп отырғанымыздай, мына жақта қаза болды деп марапат қағазын толтырған кезде, Шалимово деревнясында жараланған Боран госпитальден шығып, сол полкке әлдеқашан келген болатын. Боран бір адам болса, онда полкте жүрген  жауынгерді «қаза тапты» деп неге жазады?!

Егер дзотты жарғанда өлмей қалып, ауыр жараланған болса, марапатқа ұсыну құжатына жараланғанын жазбай ма?! Неліктен «қаза тапты, денесі табылды» деп, тайға таңба басқандай анық көрсеткен?! Егер «Батыр» атағына ұсынылған адам шынында да награда қағазы толтырылып жатқанда полкте жүрген, жараланған батыр Боран болса, онда неге Житомирде қаза тапқанға дейінгі он айдың ішінде оған наградасы табыс етілмеді?!

Мұндай жағдайда, оларды «бір адам» деп қарастыруға бола ма?!

Ресми құжаттарға сүйенсек, 771-полк 1943 жылғы 26 сәуірде қайта жасақталуға («формирование») кетеді. Бұл – полктің майдандағы жорық жолдарынан (боевой путь) алынған ақпарат. Ал, жарақатынан айығып, госпитальден әлдеқашан шыққан Боран 1943 жылдың 28 сәуірінде басқа полкке ауыстырылады. Ол осыған дейін 771-полкте жүргенін жоғарыда айттық.

Бұдан шығатын қорытынды – 1943 жылдың 6 ақпанында «Батыр» атағын алған Боран Нысанбаев Лескиде қаза тапқан да, Н.Мәстековтің баласы Боран Шалимовода жараланған. Себебі, жоғарыдағы біз келтірген Подольскінің мәліметіндегі 771-полктен басқа полкке ауысқан Боран – сол Федоровта қаза тапқан «336-атқыштар дивизиясының 1130-атқыштар полкінің атқышы (стрелок) Нысанбаев Боран», яғни ол – аты-жөні бір болғанмен, басқа Боран Нысанбаев болып шығады. Өйткені, ондағы жерлеу құжатында әкесінің кім екені айдан анық жазылған. Бұл сөзімізді төмендегі деректер де растай түсетіндей.

Құпиясын жасырған хаттар

Атырау облыстық мемлекеттік архивінде (210-қор, т.1, і.9, б.8) Боранның (Нысанбай Мәстековтың ұлы) 1942 жылдың желтоқсанында досына жазған хаты сақталған. Онда хат авторы ерлік жасап, сол ерлігі үшін наградаға ұсынылғаны туралы жазады. С.Халықовтың жоғарыда айтылған кітабының 28-бетінде: «…Боран батыр болмастан бұрын да 1942 жылы 9 сәуірдегі №26 бұйрықпен 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Осы награда туралы Көктоғайда тұрған досы Зәнеш Бейсеновке жазған хатында баяндалыпты…» деген жолдар бар.

Жоғарыдағы келтірілген әскери құжаттарға сүйенсек, Б.Нысанбаев батыр болғанға дейінгі 1942 жылы ешқандай награда алмаған. Бірінші толтырылған «Марапат парағында» «бұрын наградталмаған» деп анық жазылған. Демек, С.Халықов жазғандай, 1942 жылы наградталған жауынгер «Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев» болмай шығады.

Бір қызығы, хат орысша жазылған. Оның шынында да орысша жазылғанын, әлде кейін аударылғанын білмедім. Бірақ, үш-ақ кластық білімі бар қыр баласының мұндай мәтінмен орыс тілінде өте сауатты қылып хат жазғаны қайран қалдырады.

Айта кеткен жөн, біздің Боран атамыздан екі хат келген. «Хатында балам, сосын ақжал бием деп сұрапты. Ақжал биесі болып еді…», – деп еске алады бүгінде жасы тоқсаннан асқан Камон Әлмұханова апамыз. Бұл кісі – Боранның ағасы Ершінің қызы, бала кезінде аталарымызды көзі тірісінде көре қалған көнекөз қария. Оның айтуынша, Арыстанов Нысанбайдың әулеті қазіргі Қызылқоға ауданының Сарыкөл деген жерінде отырған. Сол кезде ол Есбол ауданының, Кулагино ауыл кеңесіне қараса да, Доссорға жақын жер (әлі де солай) еді. Қазіргі Махамбет ауданына қарасты Таңдайдағы жатақта жатып оқыған осы апамыз бала кезінде ауылға жету үшін түйе шанамен Гурьев, Доссор арқылы қатынап, жолда екі қонып жүріпті. Ол кезде де Жайықтың арғы бетінен өтетін көпір Индер мен Гурьевте ғана болған. Апама жақыны Гурьевтегісі екен.

Апайдың сөзін «Память Народа» сайтындағы деректер де растай түседі. Одан Нысанбаевқа қатысты құжаттарды мұқият қарасақ, мына жайттарды аңғарамыз:

«Жеке құрам» құжаттары: «Насанбаев Буран – 1918 г. Место рождения: Казахская ССР, Гурьевская обл., Испульский р-н, Туманный с/с. Место призыва: Испульский РВК, Каз.ССР. Гурьевская обл. Испульский р-н. (ЦАМО, Ф.7427, О.380872с, Д.1).

Осы жерде қосымша: «Нысанбаев Буран – 1918, место рождения: поселок Канбакты Атырауской области» деп тіркелген, дереккөзі жазылмаған («Атырау облысы» деп жазылуына қарағанда, бергіректе түскен жазу болса керек). Бұл полктің жеке құрамы туралы ғана ақпарат, наградталғаны жөнінде дерек келтірілмеген. Сондықтан, мұны «Боран батыр туралы құжат» деп сеніммен айтуға болмайды. Әрине, бір Боран туралы ақпарат, бірақ дәл қайсысы екенін дөп басып айтуға дәлел жоқ.

Енді марапат туралы деректерді қарайық:

«Исимбаев Буран – 1912, 1916, 1918 ж. Место рождения: Казахская ССР, Гурьевская обл., Макатский р-н, пром. Доссор. Место призыва: Испульский РВК, Каз.ССР. Гурьевская обл. Испульский р-н.» (ЦАМО, Картотека награждений, шкаф 35а, ящик 14. ЦАМО, Ф.33, О.686044, с, Д.1847. ЦАМО, Ф.33, О.793756, с, Д.34). Осындай дереккөзге сүйенген бірнеше құжат бар.

Жылдары әртүрлі, соған қарағанда, әуелгі құжаттағы жазу анық болмаған деуге келеді. Бірақ, туған жері – «пром. Доссор» деп анық жазылған. Бұл наградталғаны жөніндегі әскери қағаз болған соң, «Боран батырдың құжаты» деп айтуға толық негіз бар және апамыздың сөзін растай түсетінін атап айтқым келеді.

Бұл құжатқа сүйенсек, «Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев Доссорда туған» болып шығады. Ал, армияға «Испульский райвоенкоматтан» шақырылған. «Наградной лист»-тегі тұрғылықты жері – «Испульский р-н, Тугальский с/с» деп көрсетілген (Кулагинский болуы ықтимал). Бұл – «біздің Боран атамыздың туған жері бұрынғы Есбол, қазіргі Индер ауданы» деген сөз емес. Малшы Нысанбайдың Сарыкөл қыстағы – қазіргі Қызылқоға ауданының Қызылқоға ауылдық округінің жерінде, Қарабауға жалғас орналасқан.

Шын Батыр: минометші ме, атқыш па?

Сайттағы Боран батырдың Лескидегі жерлеу құжатында «туыстары» («сведения о родственниках») деген тармақта: «Брат, Каз.ССР, Гурьевская обл., Индерский р-н» деп жазылған. Есімі жазылмауына қарағанда, оқылуға жарамаған ескі құжаттан алынған болуы керек деп түсінеміз. Ал, бергіректе сұратылып, түскен жазуға, яғни, Мәстековке қатысты болса есімі жазылар еді.

Соған қарағанда, бұл – ескі құжатқа сүйенген ақпар. Ал, жоғарыдағы деректерден біздің білетініміз – жараланған Боранның құжатында туысы ретінде ағасы емес, әкесі Нысанбай жазылған. Егер Лескиде қаза тапқан батыр Б.Нысанбаев Н.Мәстековтың баласы болса, онда Житомир облысының Федоров деревнясындағы жерлеу құжатында көрсетілгендей, Лескидегі дерегіне де туысы ретінде әкесі «Нысанбай Мастеков» деп жазылар еді. Өйткені, құжатында әкесінің аты-жөні анық сақталған.

«Марапаттау парағында» Батыр Б.Нысанбаевтың ерлікпен қаза тапқаны, тұла бойына граната байлап алып дзотқа еніп жарғаны, денесінің табылғаны анық жазылады. Бұл – негізінен, полковник, подполковниктер қол қойған әскери құжат. Меніңше, қателесуі мүмкін емес. Оның үстіне, бертінде оның ерлікті қалай жасағанын, қаруластарынан сұрап, Подольскідегі архивте болып, бүге-шүгесіне дейін зерттеген К.Қайыповтың (Каюпов) мақалалары да шықты. Жалғыз ол емес, ресейлік А.М.Акулинин, А.Янковскийлердің де зерттеп жазған деректерінде Б.Нысанбаевтың дзоттың ішіне кіріп, оны денесімен жарып, ерлікпен қаза тапқаны расталады. Демек, батырдың Лески жерінде қаза тапқаны қайта-қайта тексеріліп, нақтыланған, бұл жөнінде әскери құжатта да тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Ж.Науаров жазғандай, жарақат алып тірі қалуы екіталай. Қарулас жолдастары оның кім екенін жыртылған комсомол билетінен анықтаған. Соған қарағанда, бет-жүзін тану да мүмкін болмағанға ұқсайды. Жарылып, жанып кеткен дзоттың ішіндегі көп өліктің ішінен Б.Нысанбаевтың денесін қалтасындағы комсомолдық құжаты арқылы әрең анықтап тұрғанда, оның ғайыптан тайып тірі қалуы ақылға сия ма?!

Біздің анық білетініміз – Н.Мәстековтың баласы ешқандай партиялық ұйымға мүшелікке өтпеген. Соғысқа аттанған кездегі және қаза тапқаны туралы құжаттарда да «беспартийный» деп көрсетілген. Болашақ батыр Боран болса, 1938 жылы ВЛКСМ мүшелігіне өтіп алғанын сөз басында келтірдік.

Бір анық жайт – жоғарыдағы әскери архив құжаттарына сүйенсек, екі жерде екі Боран қаза тапқан. Бірі – миномётші, екіншісі – жай ғана атқыш.

Егер батыр Лескиде жараланып, кейін желтоқсан айында Федоров деревнясында көз жұмса, онда неге жерлеу қағазына «миномётчик» деп жазбаған, неліктен «стрелок» деп көрсетілген?!

Осыған дейінгі Боран батыр туралы деректерден оның «137-атқыштар дивизиясының 771-атқыштар полкінің минометчигі» екенін жақсы білеміз. Бұдан нағыз батыр – Лескиде қаза тапқан «минометшілер ротасының жауынгері, минометші Боран Нысанбаев» деген қорытынды шығаруға болады. Ал, Украинаның Житомир облысының Федоров деревнясында оққа ұшып, жерленген Н.Мәстековтың ұлы Боран – «стрелок».

Сонда Орел облысының Лески деревнясында  қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев – кімнің баласы?

Осы жерде мына бір дерекке де тоқтала кеткен жөн. Атырау облыстық мемлекеттік архивінде (Қ.210, Т.1, І.9.) А.Фатихов пен Б.Елеуовтың «Подвиг Нсанбаева» атты мақаласының көшірмесі сақталған. Оған сүйенсек, 1946 жылы желтоқсанда Нысанбай Мәстеков баласы Боранның қазасы туралы қайғылы хабар алған. Шын мәнінде, Боранның фамилиясының Нысанбаев екені, оның Батыр атанғаны 1963 жылы анықталды емес пе?! Оған дейін «Исимбаев» деп құжатқа қате жазылып, белгісіз болып келген жауынгерден қалайша 1946 жылы «қара қағаз» келеді?! Бұл дерек те 1943 жылғы желтоқсанда Житомирдің Федоров деревнясында қаза тапқан Мәстековтың ұлы – «стрелок» Боран екенін айғақтай түсетіндей.

1963 жылы Лескиде (Орел облысы) ерлікпен қаза тапқан батырдың атыраулық Боран Нысанбаев екені нақты анықталғаннан кейін орталықтағылар артында қалған тума-туыстарын іздеп келген екен. Міне, сол мезгілде Нысанбай Мәстеков «Житомирде қаза тапқан» өз баласынан 1946 жылы «қара қағаз» алғанын елден неге жасырып қалғаны, неліктен шындықтың ашып көрсетілмегені, батыр отбасының шын мәнінде анықталмай, оның «Мәстеков Нысанбайдың ұлы» болып қалайша жазылып кеткені көкейде көп сұрақ туындатады.

Әлде батырдың тума-туыстарының кім екені белгілі болғасын, сол кездегі билік осылай бұрмалауға мәжбүр етті ме деген ой келеді. Өйткені, ол дәуірде әрбір жауынгердің жанұялық жағдайы, бауырларының өмірбаяны тексеріліп, заңға қайшы көлеңкелі тұстары кездессе, «Кеңес Одағының Батыры» атағы түгілі, жай награданың да берілмей қалғаны тарихтан белгілі. Бұл жерде де дәл сондай жағдайдың орын алуы әбден мүмкін. Соғыс жылдары «шаш ал десе, бас алатын» НКВД жендеттері талай адамның тағдырына балта шапты емес пе?!

Мұны себепсіз жазып отырған жоқпын. Өйткені, зұлмат заманда біздің Боран атамыздың туған ағасы Ерші жазықсыз жаланың құрбаны болып, бас бостандығынан айрылған-ды. Ал, соғыстың қиын-қыстау кезеңінде жазасын өтеп жатқан жандардың да майданға жіберілгені қазір тарихтан белгілі болды. Олар сол үшін жасақталған арнаулы «штрафбаттар» құрамында алдыңғы шепте шайқасып, сол кездің тілімен айтқанда «кінәсін қанмен жуды». Боранның ағасы да жазаға тартылғасын, 1943 жылдың 12 ақпанында өзі сұранып, майданға аттанады. Бұл жөнінде Атырау облыстық архивінде арнайы дерек қоры сақталған (Қ.385. Т.1. І.169.). Есіл ер сол кеткеннен хабар-ошарсыз кетті.

Әрине, бұл жерде Н.Мәстековке, тарихшыларға немесе сол кездегі әскери комиссариаттарға кінә артып отырғаным жоқ. Себебі, ол кезде көп нәрсе «жоғарының» тікелей нұсқауымен шешіліп, бұйрықпен орындалғаны бәріне аян.

Оның үстіне, менің жазып отырғаным – белгілі батырдың бізге беймәлім тұстарын анықтау мақсатында өз қолымдағы деректерге сүйене отырып, өзімше келтірген уәжім, ұсынысым, ой-пікірім. Бұл жөнінде өзге адамдар керісінше пікір білдіріп, нақты деректер келтірсе, қабылдайтыным хақ. Өйткені, батыр – қазаққа ортақ, ол кімнің атасы болса да, есімі ақтаңдақтан аршылып, ақиқаттың үстемдік құрғаны керек.

Боранды күні туғандар

Қарап тұрсақ, екі адам – екі тағдыр. Бірақ, аты-жөні, туған жылы, армияға шақырылған жері, уақыты, тіпті, полктері де бірдей. Бұл мүмкін бе?!

Енді ырымшыл халқымыздың балаға ат қоюдағы әдет-ғұрпына зер салайық. Сәби есімі ерекше есте қаларлық оқиғаға орай таңдалып жатады. Оның үстіне, ата таяғын ұстаған малшының өмірі табиғат құбылысымен тығыз байланысты. Сол себепті, бұрынғы Гурьев облысында 1918 жылы есте қаларлықтай боран соғып, қыр басында отырған ауыл балаларының есімі бірдей «Боран» аталып кетуі әбден мүмкін ғой.

1942 жылы елімізде жаппай мобилизация болып, ер-азаматтар бір уақытта әскерге шақырылғаны да белгілі. Соғыс кезінде бір жерден аттанған азаматтардың бір полкке түсуін де «мүмкін емес» деп айтуға болмайды. Екеуін бір адам деп ойлауымызға түрткі болатын нәрсе – тек аты-жөнінің ұқсастығы ғана. Егер ныспысы мен тек есімдерінде сәл де болса өзгешелік болса, онда мұндай сансыз сауал туындамас та еді. Десек те, қолда бар деректер керісінше ойлауымызға мәжбүр етіп отыр. Оның үстіне, бір жылда туған, бір әскери комиссариат арқылы бір уақытта соғысқа кетіп, бір полкте шайқасқан азаматтар аз болған жоқ. Боранның бірнеше жерлестері бір дивизия, тіпті полкте бірге жүріп, жауға қарсы бірге ұрыс салғанын  да білеміз.

Боран атамыздың інісі Әлтекен көкеміз «Батыр Боран – туған ағам» деп кетті өле-өлгенше. Бірақ, дәл қазір «сол кісі – біздің атамыз» деп анық айтуға нақты дәлел жоқ. Әлі де іздестіруді тоқтатпаймыз. Егер жоғарыдағы себеппен Боран батыр Жоғарғы қолбасшылықтың бұйрығымен әдейі бұрмаланып, басқа отбасына берілсе, онда архивтерден өзіміздің Боран атамызға қатысты құжаттардың табылмауы түсінікті деп ойлаймын…

Атамыз Боран Нысанбаевты (әкесі Арыстанов Нысанбай) іздеу кезінде, міне, осындай деректерге жолықтық. Меніңше, аттас екі Боран Нысанбаевтың болғаны анық. Әрине, «Боран батыр – біздікі» деп жатқанымыз жоқ. Шын мәнінде, өз атамыз табылса, біз үшін ол батырдан да артық болар еді. Қолына қару алып, елін қорғауға аттанған кез-келген қазақ жігіті батыр атағын алсын-алмасын, біз үшін олардың бәрі – Халық Қаһарманы. Атақты адам береді, ал батырлық қасиет – Алладан. Өзіміз сияқты пенде ұсынатын күндік атақ талас туғызуға, абыройдан айыруға тұрмайды. Бізге ақиқаты керек.

Қазір «Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев – Н.Мәстековтің баласы, ол туралы деректер толық зерттелген» деп нық сеніммен айта алмаймын. Әйтпесе, бұл біржақтылық болар еді. «Батыр Боран кімнің баласы?» деген сұрақтың нақты жауабы жоқ. Ол әлі де зерттеуді қажет ететіні жоғарыда келтірілген деректерден көрініп-ақ тұр. Бұл, әрине, көп болып қолға алатын іс. «Атамның аманаты» қоғамы, Атырау облыстық ардагерлер кеңесі, осындай мәселемен айналысатын басқа да қоғамдар мен жеке адамдар халқымыздың осындай тарихы мен тарихи тұлғалар тағдырына бейжай қарамас деген үміттемін.

Осы орайда, маңғыстаулық Ж.Науаровтың Боран батыр туралы деректердің қарама-қайшылығын байқап, мақала жазып, ізденіп жатқаны құптарлық жайт. Әрине, қарап отырғаннан ізденген ізгілікке жетелейді. Ақиқат тек ізденімпаздықпен ашылады. Көзсіз ерлік жасап, қазақ рухының асқақтығын бүкіл Одаққа паш еткен атамыздың шын мәнінде кім екенін біз түгілі, болашақ ұрпақ та білуі тиіс. Ондай ұл кез-келген халықта жоқ. Ақиқат – жалғыз. Ол ақтаңдақтан аршылып алынуы тиіс. Бүгінгі ізденістен туған мақала сол ақиқаттың астарына аз да болса сәуле түсірсе, мен шексіз қуаныштымын. 

Өз батырымыздың есімін өзіміз анықтап, іздемесек, мақтан тұтпасақ, ерлігін ұрпаққа жеткізбесек, біз үшін осы бір зор міндетті кім атқарады?

Гүлзада Әбілдаева,

Ерші Нысанбаевтың немересі.

Атырау қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз