rrlrolrlrolrlllrolrolr

Сабақтастық салтына сызат түспесін!..

Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/14 ақпан, 2020 жыл. Біз данышпан Абайдың қайсы өсиеттерінің де өміршеңдігін уақыт өткен сайын риясыз сезініп келеміз. Әлімсақтан-ақ ата-бабаларымыз «адамның күні – адаммен» деген ойлы пікірді күнделікті өмірден түйіп айтқан. Ал, ұлт ұстазы Абай да былай деген еді ғой: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым…» деп. Өйткені, қай заманда да бірдебір ел, бірде-бір халық жаhан дүниеден тысқары, еш байланыссыз оқшау өмір сүруі мүмкін емес.

Сондай-ақ, өз еліміздегі сан түрлі ұлттар мен ұлыстар да бір-бірімен шынайы сыйластықта, ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешкенде ғана тірлігімізде ырыс-береке болады. Осы тұрғыдан алғанда, Қордайдағы оқиға еріксіз ойға қалдырды. Көкейге оралған бір мысқал пайымымызды ортаға салуды жөн көрдік. «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген…» деп Жұбан ақын жырлағандай, біз – ықылым замандардан бері небір зұлматты бастан кешіп, тағдыр тезінде шар болаттай шыңдалған халықпыз. Басқасын айтпағанда, қазақтың Кеңес одағының құрамында болған кезеңдегі тоталитарлық режимнен шеккен қайғысының өзі жетіп артылады. Ұжымдастыру саясаты жүргізіліп, дәулеттілердің мал-мүлкі тәркіленіп, өздері қуғындалып жапа шексе, алдындағы малынан айырылған кедей қазақ 1931-32 жылдары ақсирақ аштықта қынадай қырылды. Отызыншы жылдардың ортасында ұлтжанды азаматтарға «халық жауы» деп жала жабылып, нақақтан құрбан болды. Алаштың ел бастар серкелері атылып, жер айдалып, халықтың рухы жанышталды. Қилы кезеңдерді бастан кешіп, «Қаратаудың басынан көш» құлатып, қара көзге дамылсыз жас шылатып, артта қалып бара жатқан қара орман – қайран даламызға алыстан жаныңды жеп қарау қандай қиын еді десеңізші. Бұл сөздің төркінін іздеген жан болса, бұл ұлы Сыпырадан ұзанға айналып, Махамбетке жетіп, қапыда Қараойға құласа да, қайсар да қуатты, жырлар арқылы халықтық көкіректе ғасырлар бойы маздап жатты… Соның бәрінде де қазағымның өзінен гөрі өзгенің жайын көбірек ойлайтын жанашырлығы мен мейірбандығына еш сызат түспеген еді ғой. Соғыстың алды мен соғыс жылдары сталиндік саясаттың құрығы аз ұлттар мен ұлыстарға түсті. Еділ бойын қоныстанған немістер, поляктар, Солтүстік Кавказ халықтары, кәрістер және басқалар өз мекендерінен жер аударылып, Қазақстанға қуғындалды. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған бұл халықтар меймандос қазақтың бауырынан пана тауып, қырылудан аман қалды. Мұның бәрі – кешегі тарих. Ал, бүгін ше? Сол қиын-қыстау шақтың куәгерлері – ақ сақалды аталар мен ақ шашты аналар өмір бойы панасына алған қазақ халқына алғысын жаудырумен келеді. Тіпті, елімізде 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланып, осы датаның аясында да осындай жүрекжарды лебіздерді естіп жатамыз. Мұны сыйластықтың нақты көрінісі деп қараған ләзім. Десек те, «соңғы жылдары тарихтың сондай талайлы парақтарынан бейхабар кейінгі буын этнос өкілдері көбейіп бара жатқан жоқ па?» деген ой да келеді көкейге. Өйткені, жадыдан өшпес жылдар жаңғырығын ұрпағының құлағына құйып отыратын көнекөздердің қатары да селдіреп барады. Ендеше, қазақ халқының тарихы, мәдениеті, ұлттық құндылықтарымыз, біздің өзге ұлттар мен ұлыстарға деген қайырымдылығымыз бәрінен де бұрын түрлі ұлт өкілдерінің жас ұрпағы арасында кеңірек насихатталып, оларды ортақ мақсатқа жұмылдырудың бұрынғы барына қоса, тағы да тың механизмдері іске қосылуы қажет деп ойлаймыз. Біз ұрпақтар сабақтастығы деген асыл ұғымды үзіп алмауымыз аса қажет. Қилы кезең тағдырларын бір арнаға тоғыстырған түрлі этнос аға буынының қазақ халқымен ағайын-бауырластыққа ұласқан сабақтастық салтына сызат түспесін!..

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған