Жер – баға жетпес байлық оны ұтымды пайдалану – міндет

  Қазақ ежелден «жер дауы, жесір дауы» деп, осы түйткілді жайларға аса көңіл бөлген. Әсіресе, Елбасының Жер кодексіндегі өзгерістерге мораторий жариялауы халықтың оны кеңінен талқылауына мүмкіндік берді. Осындай пікір алмасу барысында ұтымды ұсыныстар да айтылуда. Соның ішінде дала төсінде төрт түлігін өргізіп, егінін еккен шаруагердің сөзіне құлақ асқан абзал. Осы орайда Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, 60 жылға жуық ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен, қырық жылдай кеңшарларға басшылық жасаған, Құрманғазы ауданындағы «Мақаш» өндірістік кооперативінің құрылтайшысы Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВПЕН әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Айтыңызшы, Жер кодексіне енгізілген өзгерістерді қалай қабылдадыңыз?

– Жалпы, жерді сонда жұмыс жасайтын адамдарға берген жөн. Оны шетелдіктерге сату немесе ұзақ мерзімге жалға беру мәселесіне жан-жақты ойланып, әбден зерттеп келген дұрыс. Біздің елімізде жер мемлекет меншігі болып саналады. Сондықтан, ол ұдайы назарда болуы шарт. Оны жалға алғандардың қалай пайдаланып жатқандығы тексеріліп тұруы керек. Әйтпесе, тез өнім алу жолында түрлі дәрілер қолданып, соңынан мүлдем жарамсыз етіп тастауы да ықтимал. Міне, осы жайға сақ болған абзал. Менің көп жылғы тәжірибеде байқағаным – мал баққан шопанның, егін еккен диқанның пайдаланып отырған жеріне тағылық танытпауы. Ертең сол жер өзін асырайтынын сезетін. Қыстаудың төңірегін таптамай, сәл күн жылынса, жайлауына көшетін. Қолданыстағы жеріне қамқорлық танытатын. Солардың ұрпақтары ұсақталып кетті дегенге өз басым сенбеймін. Рас, заман өзгерді. Ауыл адамдары да өркениетке ұмтылуда. Олар да табиғи газды тұтынып, теледидар тамашалауды қалайды. Тақтайдай тегіс тас жолды, таза ауыз суды пайдаланғысы келеді. Неге осылармен қамтамасыз етпейміз? Жалпы, «жастар ауылға бармайды» деген пікірді қалыптастырған да, соны ұстанып отырған да өзіміз. Егер жан-жақты жағдайын жасаса, туған жерінен безетін адам жоқ.

  Электр мен байланыс желілерін тартып, спорт және мәдениет ғимараттарын салып берсе, ұл-қызымыз жанымызда қалмас па? Одан әрі, жайылым тарылып бара жатыр. Кезінде мыңғырған малды суаратын суаттар сарқылды. Негізі 20-25 метр тереңдікті қазу қажет. Сонда ғана тұнық суға қол жетеді, мал қанып ішеді. Әйтпесе, пайдаланып жүрген құдығымыз – екі-үш метрге жауған жаңбыр мен еріген қардан жиналған су. Ол, біріншіден, шапшаң сарқылады. Екіншіден, тез ашиды, қолдануға жарамай қалады. Сонау жылдары жерасты суларына жүргізілген зерттеу құжаттары қазір гидрогеологиялық мекемелердің қолында жүр. Соларды жинастырып, толыққанды карта жасақтаған жөн. Міне, бұл – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының араласатын ісі. Барлық құжат соның қолында болуы тиіс. Анау даңғайыр даланың игерілмей жатқандығының да бір себебі – су тапшылығы. Шаруагерлерге тұрақты су көздерін тауып берсе, соны пайдаланбас па? Жалпы, жерді сату немесе жалға беру туралы бастаманың көтеріліп отырғандығы да – оның айналымға түспей, текке жатқандығынан. Егер қолайлы жағдай туғызса, соның бәрін қазақстандық шаруагерлердің өздері-ақ игереді.

(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыз).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз