ҚУАНЫШЫ СӘБИДІҢ, ЖҰБАНЫШЫ ӘР ҮЙДІҢ…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға қарай барлық мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту жөнінде тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, Үкімет 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасын қабылдап, жүзеге асыруда. Аталған бағдарламаның орындалуына кәсіпкерлеріміз де өз үлестерін қосып келеді.

Жуырда біз «Ақниет» деген атау беріліп, жаңадан салынған жекеменшік балабақшасына барып, жағдайымен таныстық. Балабақшаның ауласына кірген сәттен бастап ерекше әдемілікті сезіндік. Ауладағы эстетикалық талғаммен жасалған ойын алаңдарының жан-жағына жеміс ағаштары отырғызылыпты. Балабақша ауласын ертегі кейіпкерлерінің тас мүсіндері ерекше толықтырып тұр. Ғимараттың іші мұнтаздай таза. Шаңырақпен көмкерілген ән залы, заманауи құралдармен жабдықталған дене шынықтыру залдары бар. Ең бастысы, балалардың жан-жақты тәрбие мен білім алуына толықтай жағдай жасалған.
Әр топтың бөлмелері балалардың жас ерекшелігіне сай жасақталған. Соңғы үлгідегі техникалармен қамтамасыз етілген медициналық пункт де балаларға қызмет жасайды.
Топтарды аралап бүлдіршін-дердің періштедей жарқын жүзін көргенде болашағымыздың тірегі балаларға жасалып жатқан мұндай жағдайға іштей қуандық.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында әйелдерді мемлекеттік пен қоғамдық басқаруға белсенді араластыру қажеттігі жөнінде ерекше айтқан болатын, – дейді бізбен әңгімесінде балабақша директоры Роза Өтепбаева. – Қаламызда балалабақшалардың жетіспеушілігі – қазіргі таңда өзекті мәселеге айналуда. Бұл мәселені түбегейлі шешуге мемлекетіміздің де дәл қазір мүмкіндігі болмай отыр. Менің алғашқы мамандығым педагог болғандықтан, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласына өз үлесімді қосқым келді.
Кәсіпкер әйел кәсіпкер ер адам сияқты көптеген салаларда өзін толықтай көрсете алады, соның ішінде, бала тәрбиелеуде оған ешкімнің тең келмесі сөзсіз. Президентіміз: «Бала тәрбиесі – біздің болашағымыз» деп үнемі айтып келеді. Бұл, шыныменде солай. Баланы бүгін қалай тәрбиелесек, болашақта одан сондай үміт күтеміз. «Балапан» бағдарламасын іске асыру балаларды мектепке дейінгі білім берумен 65,4%-ға дейін қамтуға мүмкіндік берді. Сол себепті, балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен білім берумен толықтай 100% пайыз қамту мақсатында Елбасымыз аталған бағдарламаны 2020 жылға дейін созып отыр.
Балабақша директоры Роза Өтепбаеваның айтуынша, «Балапан» бағдарламасының мерзімінің ұзартылуы оның балабақша ашуына түрткі болған.
Балабақша сәуір айында «Даму» қорының көмегімен ашылды. Ғимараты, материалдық-техникалық базасы барлық талаптарға сай келеді. 120 орынға арналған бүлдіршіндер үйіне қазірде қырық бала қабылданған. Бес топтың ішінде 1-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер тәрбиеленуде. Педагогтардың барлығы – білікті мамандар. Баланың жасына сай ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері, сонымен қатар, қосымша ағылшын, орыс тілі, қазақ тілі, би үйірмесі, музыка үйірмелері жұмыс жасауда. Балабақша жалпыға бірдей білім беру стандартына сай «Біз мектепке барамыз», «Алғашқы қадам», «Зерек бала» бағдарламаларымен жұмыстанады.
– Менің кәсібім маған ғана пайда әкелмей, Қазақстан Республикасының Конституциясында жазылғандай, қоғам мүддесіне қызмет етуі керек, – дейді бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген Роза Мәуленқызы.
Балабақшаның ресми ашылуы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұнда балалар өздерінің дайындаған мерекелік концерттік бағдарламаларымен көпшілікті қуантпақшы.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз