Жарнама
Қоғам

Желтоқсанның мұзда жанған алауы

Тағдырдың талай теперішінен өтіп, азат күнге, аңсарлы арманға қол жеткізген еліміз үшін бұл күн – сол бір ызғарлы желтоқсанда құрбан болғандарды еске алу, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларға тағзым күні ретінде алғаш аталып өтіп отыр. Желтоқсанның тарихи беттерінде атыраулықтардың өзіндік қолтаңбасы, ерік-жігері мен жастық жалыны алаулайды. Осы орайда сол бас көтерудің бел ортасында болып, қайсарлық пен қаһармандық танытқан азаматтарды еске алып, сол бір ызғарлы күндері абақтыға жабылған, қуғын-сүргінге ұшыраған, оқудан, жұмыстан шығарылған жандармен кездесудің маңызы зор.

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен «Желтоқсан ызғары жадымызда» атты кездесу кешінің қонақтары №36 мектеп-гимназиясы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Кенжеш Аққуова, Ауған соғысы ардагерлері Одағы төрағасының орынбасары Толыбай Шәкіров, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылыми қызметкері Марат Қасеновтер 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде бастан кешкен оқиғалары мен естеліктерін айтты.

– 1986 жылы Алматыдағы бұлқыныс кейін Грузияда, одан соң Вильнюсте жалғасып, Кеңес Одағының ыдырауына әсер етті. Мінекей, қазақ жастарының намысы жоғары екені тоталитарлық режим кезінде де анық дәлелденді. Мені әсіресе, қыздардың жаужүректігі мен ерлігі таңғалдырды. Ұлттық рух асқақтады. Ал бүгінде жастарда ұлттық намыс жоғалып барады. Нарық заманының кері әсері болуы да мүмкін. Жасыратыны жоқ, кейінгі толқынды тәрбиелейтін – біз, олардың санасына ар, намыс, патриотизм деген асыл қасиеттерді сіңіре білуіміз қажет. Қарап отырсақ, дүниені дүрбелеңге салған сол күндері алаңға шыққандардың жас шамасы 16 жастан басталады екен. Өрімдей жастар, дені – студенттер. Бүкіл дүниені төңкеріп тастамасақ та, бойымызды кернеген намыс бізді бұғып жата беруге болмайтынын сездіріп, бас көтеруге жетеледі. Жыл сайын тарихи маңызы зор бұл күн тәуелсіз мемлекетіміздің мерейтойымен тұспа-тұс келетін. Желтоқсан оқиғасын елдің жадынан өшіру мүмкін емес. Сондықтан, 16 желтоқсан күні тарихқа үңіліп, одан тағылым алуға мән берілуі даңғаза тойдың емес, тарихқа тағзым ететін тарихи күн екенін айқындап тұр, — деді бүгінде тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Қасенов.

Кезінде американдық «сәуегей» ғалым Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін оның құрамындағы әр республикада азамат соғысы болатынын айтқаны бар. Шынында да, Одақ тараған соң әр жылдары Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Армения мен Молдовада, тіпті Ресейдің өзінде де қанды оқиғалар болып жатты. Бұған негіз болған атышулы 1986 жылғы қазақ жастарының әділеттік пен теңдік, тәуелсіздік жолындағы батыл күресі еді. Сол арқылы көп жылғы жүйенің сеңі қозғалды.

Әңгіме барысында тағзым күнінің маңызы жөнінде де сөз болды. Өйткені, тәуелсіз, егемен ел болудан артық бақыт та, құндылық та, қазына да жоқ. Алайда осынау бақытты, баға жетпес құндылықты әрбір қазақ өз жүрегімен сезініп, жоғары бағалай алып жүр ме?! Желтоқсан тақырыбының зерттелу деңгейі де бүгінде көңілге қонар емес. Оқиғаға қатысушылардың ұлттық рухын бүгінгі жастардың бойынан көрсек қандай ғанибет. Өйткені, ел азаттығы мен бостандығы үшін қандай да бір қиындықты қасқая көтерген буынның ерлігі әрбір жас өреннің санасында жатталуы тиіс.

Кездесуде «Желтоқсан оқиғасы» атты деректі фильм көрсетіліп, арнайы кітап көрмесі таныстырылды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button