БЕЙНЕТ пен ЗЕЙНЕТ

45295 Жаңалықтар

(Адал еңбек туралы әпсана)

Бүгінде қоғамда көп болып күресу қажеттігі өткір тұрған жемқорлық, масылдық психология hәм ауадан ақша жасауға қатысты мәселе өткір тұрғаны мәлім. Жалпы, бұл да – індет, оған әділдікке негізделген шынайы еңбек қана қарсы тұратынын ескеру керек. Сондықтан да, қоғам мүшелерінің еңбек сіңіруінен бастап, оның марапатқа жетуіне дейінгі жолы ел-жұрт алдында өтуі тиіс. Адал еңбек – адам бойындағы толайым рухтың көрсеткіші. Дәл сондай рух қана ерікжігерді тәрбиелеп, отаншылдық сезімін берік қалыптастырады.

Қызылқоғалық қарапайым еңбек адамы, барлық саналы ғұмырын мал бағуға арнаған Амандық Төлеуовтің еңбек жолымен танысқан кезде мені осы бір ойлар өз иіріміне тарта берді. Өйткені, балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыс өртімен тұспа-тұс келіп, жастайынан жетімдіктің, жоқшылықтың тақсіретін тартқан оның тағдыры түйсінген жанға аянышты да еді. Әкесі Төлеу Меңғалиұлы 1942 жылы соғысқа аттанып, көп ұзамай «қара қағаз» келген. Ауылда колхоз жұмысынан арқа еті арша, борбай еті борша болған анасының қасында інісі Қожбақ екеуі ғана қалды. Киер киім түгілі, ішер асқа жарымаған жартықұрсақ күндер жылдарға созылды. Рухы әлсіз, жігері жаншылған жан Амандықтың сәби шағынан жігіттік кезеңіне дейін бастан кешкен бейнетінің тамшысына да төзе алмасы хақ. «Соғыс баласының» тартқан тауқыметі қайта оны одан әрі ширықтыра түскені таңғалдырмай қоймайды. Ол туралы тереңнен толғақты ой толғап, парасатты пікір төгілткен үлкенді-кішілі замандастарының әңгімелерін тыңдай отырып, «сонда бұл ненің құдіреті, қандай ғажайып күш қажымас қайрат берді, қазіргі жастардың ішінде неге боркеміктер бар?» деген сауалдарға іштей жауап іздей бердім… …Өзі менің «Атырау» газетінде жарық көрген «Ұрпақтар сабақтастығы» атты очеркімді оқығаннан кейін хабарласып, ішкі толғанысын жасыра алмаған Амандық ақсақал кейіпкерім, сол кездегі Калинин атындағы бастауыш мектептің директоры Әйтіш Байжанов хақында тебірене әңгімеледі.

– Әуелі Ақшкол деген мектепке бірінші класқа бардым. Үйден тым алыс еді, әрі киетін киім жоқ, содан оқудан қалып қойдым, – деп еске алады Амандық Төлеуұлы.

– Сол уақытта Ақсуат, Калинин, Сталин деп аталған уақ үш шаруашылық біріктіріліп, Сталин атындағы ірі колхоз болып құрылды. Осыдан кейін жанында интернаты бар Калинин бастауыш мектебі ашылды. Сол интернатқа інім екеуміз жатып оқыдық. Бізбен қатарлас отызшақты бала болды. Бірақ, солардың ішіндегі ересегі мен болатынмын. Мектеп директоры Әйтіш Байжанов, мұғалімдеріміз – Салтанат Ырзағалиев, Бағыт Жұмағалиев, Жұмағыз Түнғатарова, Әміржан Мұқанов. Сол ұстаздардан, соның ішінде Әйтіш ағадан алған 4-кластық білімім қазіргі институт бітіргендермен бірдей болды дей аламын. Өте талапшыл кісі еді…

Амандық ақсақалдың өзі айтқанындай, ол бала кезінен-ақ жігерлі, қайсар болғанға ұқсайды. Оны мына бір мысалдан көруге болады: Әйтіш мектеп директорлығына қоса, сол Сталин атындағы колхоздың парткомы қызметін де атқарады. Астында қызметтік құла аты болыпты. Сол атты бала Амандық жайылыстан әкеледі, ерттейді, кешкісін суытып жібереді. Міне, бастауыш мектепте оқумен бірге, еңбекке де осылайша үйренген екен. Бастауыш мектепті өте жақсы аяқтағанымен, әрі қарай оқуға жағдайы көтермеді. Өйткені, қос құлынын жеткіземін деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген жалғыз шешеге көмектесуі керек еді. Сөйтіп, колхоз басқармасы Демеу Асанғалиев пен ауылдық кеңес төрағасы Жұмағазы Әзмұқановтың алдына келіп, жұмыс сұрады. Қарсы алдарында тұрған қаршадай қара баланың жанарынан жасындаған ұшқынды көрген басшылар ойлана келіп: – Айналайын, күзде қозы айырғанда бір отар ұрғашы қозы алып, шопан болсаң қайтеді? – деді. – Жарайды, келісемін, – деді бұл үлкен адамдарша нық сөйлеп. Әйтсе де, іштей жүрексініп тұрғаны анық-ты. Сөйтіп, 1957 жылдың күзінде бір отар ұрғашы тоқты алып, Жырақұдық деген жерге көшіп барып, күркемен отырып мал бағуға кірісті. Көрші қонған Есболған деген атадан қой бағудың қыр-сырын үйренуге тырысты. Соның арқасында тоқтыларын тұсақ қылып өсіріп, екі жылда төлдету науқанында тым жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Бірте-бірте атақты шопандар – «Молотов» колхозынан Ахмет Байжанов, «Сталин» колхозынан Қуан Досығалиев, Ізім Жылқыбаев төртеуі алма-кезек социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Әлі бұғанасы қатпаса да, Амандық бозбала осылайша колхоздың маңдайалды шопаны болып шыға келген еді. – 1963 жылдың басында колхозымыз Абай атындағы совхоз болып құрылды. Совхозға директор болып Сайпол Мұқанов келді. Алты ферма болды, мен №2 фермада шопанмын, – деп еске алады Амандық Төлеуұлы.

– Сол жылы қыс қатты болды. Әйтсе де, отардан шашау шығармай, қой төлдету, жүн алу, мал басын аман сақтау жағынан барлық көрсеткіштерім жоғары болып шықты. Сайпол директор айрықша разы болып, еңбегімді жоғары бағалады… Адал еңбек, маңдай тердің өтеуі әрқашан да абырой арқалататынының мысалы ғой бұл. Алдында өріске өріліп түскен отар қойы болса да, жыртық күпі мен қисайған керзі етікпен күн кешкен, мемлекеттің малына көз сұғын қадамаған қайран бұрынғының адамдары-ай! Қазіргі араны ашылған қомағай жебірлер өткеннен неге ғана тағылым алмайды екен осы? Сол алдыңғы буын имандылығынан, адалдығынан әлденеден кем қалып па еді? Осы орайда, адалдық дегеннен шығады, мына бір мысалды да айта кеткенді орынды санадық: 1 9 6 3 ж ы л д ы ң қ а р а ш а с ы н д а Амандық облыста әскер қатарына іріктеу жөніндегі комиссияға шақырылды.

Совхоз директоры Сайпол Мұқанов: – Барып көр, реті келсе, әскерден алып қалуға тырысармыз. Бізге өзіңдей малдың жайын жақсы білетін маман керек, – деп қасына жездесі Жұмағазы Әзмұқановты қосты. Әрі оған отбасы жағдайына байланысты әскерден босату жөнінде әскери комиссариатпен сөйлесіп көруді тапсырды. Содан әскери комиссариаттағы тексеру өтіп жатты. Бұлар әр дәрігерді жағалап келе жатқанда біреуі: – Бұрын сенің үстіңе жара шығыпты ғой, содан қазір де денеңнің барлық жері ауырады, – дегені. Бұл ондай ешқандай жара шықпағанын айтып азарда-безер. Қолын бір сілтеп дәрігер қалды. Бұл, әрине, жездесінің әрекеті екенін іші сезді. Алайда, көпе-көрнеу өтірік айтуға ары жібермеді. Сөйтіп, сол күні кешке әскерге аттанып кете барған… Міне, сізге адалдық керек болса! Өркениетті, әділетті, алға өрлеуші қоғам үшін керегі – осындай кіршіксіз тазалық, саф алдындай адалдық. Байыптасақ, бұл қасиет өткен ғасырдың еңбекшілерінде болыпты, соны енді қайда қалдырдық, ағайын? …Сөйтіп, үш жылдық әскери міндетін атқарып, ауылға аман-есен оралып, қайтадан малбегілік кәсібіне кірісті. «Жыртық үйдің Құдайы бар» деген осы, анасы мен інісіне қайтадан қауышып, тіпті көп ұзатпай үйге келін де түсірді. Тыныштық Салыққызы деген өзі ұнатқан арумен бас қосқан соң, тұрмысы күйлене түскені қапысыз. Сол 1967 жылдан 1974 жылға дейін совхозда табан аудармай аға шопан болып жасағаннан кейін сол кездегі үрдіс бойынша «Жігер» қой өсіруші комсомол-жастар бригадасына тәлімгер болды, жылдап жинаған мол тәжірибесін кейінгілерге үйретуге барын салды. Бір ғажабы, Амандық басқарған бұл бригада аудандағы сегіз бригаданың ішінде ұдайы ең алдыңғы орыннан табылды.

Ерік-жігердің мықтылығына не дауа, Амандық Төлеуұлы өзінің табандылығы мен қайс арлығының арқасында бастауышта алған білімімен қалған жоқ. Тасшағыл орта мектебін сырттай бітіріп, Атырау ауыл шаруашылығы техникумын да сырттай оқып алды. Сөйтіп, 1985 жылы «Жігер» бригадасынан совхоздың №2 фермасына зоотехник болып ауысып, 1989 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін №3 ірі қара фермасына меңгеруші болды. Ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен түйінделді. Бүгінде ұрпағының шапағатына бөленіп, мамыражай тұрмыс кешіп отырған қария бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ләйім, ұзағынан сүйіндіргей! Иә, қазіргі таңда еңбек адамы, әрі оның кәсіби жетістіктері жан-жақты үлгі етілуі керек-ақ. Ол малшы, бизнесмен, инженер, кәсіпорын жұмысшысы, тіпті, студент болуы да мүмкін. Ең бастысы, ол адам өзі үшін, отбасы үшін тыным таппай еңбек етеді. Жаңа әдіс-технологияны үйренеді, кәсіби шеберлігін шыңдап отырады. Сол арқылы елдің дамуына өзіндік үлесін қосады. Осы орайда біз өзге елдердің тәжірибесін де ескеріп, оны ретіне қарай насихаттап отыруымыз да қажет. Мәселен, Сингапурды алайық. Ол шағын болғанымен, табысты мемлекеттер қатарында. Мұнда 100 мыңнан аса миллионерлер бар екен. Елде 33 ірі трансұлттық компаниялардың филиалдары жұмыс істейді. Халқы 7,5 миллион дейтін болсақ, ішкі жалпы өнімнің құны әр адамға шаққанда 30 мың АҚШ долларынан асып түсіп отыр. Тұрғындары аптасына 50 сағат жұмыс істейді, яғни, демалыс күндері де еңбектенеді. Дәл қазіргі таңда бұл ел Тынық мұхит аймағындағы жұмақ мекен болып табылады. Сайып келгенде, еңбек деген ұғымның шынайы сипатын бүгінгі жастар санасына сіңірудің барлық механизмін іске қосудың маңызы зор. Күнде көріп жүрміз: түрлі офистердің кіреберісінде күзетші болып тепсе темір үзетіндей жас жігіттер тұр, жатақханаларда вахтер болып үріп ауызға салғандай бойжеткендер отыр. Бұрын мұндай жұмыстарда зейнет жасындағы ата-әжелеріміз жүрсе, енді қарауылшық атаулы мүлдем «жасарып» кетті. Бұл не деген сөз? Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен күн көру ме? Неге жаңағы алпамсадай жігіттер құрылысшы болудан қашады? Енді бір жас жігіттер «жалақысы аз» деп анау-мынау жұмыстарға бармай, үйде қартайған әке-шешесінің зейнетақысымен күн көріп жатыр. Сонда бар дүние тек ақшамен өлшеніп, байлықпен ғана бағаланғаны ма? Әрине, бай болған жақсы. Бірақ, Абай айтқандай, «есектің артын жусаңда, мал тауып», сені осы жасқа жеткізген ата-анаңа көмектессейші. Отаныңа, еліңе аз да болса, адал еңбегіңмен пайда келтірсеңші…

Бәрінен де бұрын маңдай термен тапқан бір үзім нанның дәмінің қандай тәтті болатынын, дүниеде оған ештеңе де жетпейтінін сезінбейінше, жүректе отаншылдық, патриоттық деген сезімдерге орын болмайды. Ал, отансүйгіштік, өзің азаматы, бір мүшесі болып отырған қоғамға – еліңе жаны ашу ғана жемқорлыққа қарсы тұрар ұлы күш. Ендеше, көп нәрсенің түйіні осында – адал еңбек атты ұғымның мәнін терең ұғынуда жатыр!..

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз