ЖЕҢІСТІҢ АЛҒАШҚЫ ХАБАРЫ
Жақсылық хабарды еститін түні Ибашев атты әріптесім екеуміз кезекшілікте тұрдық. Сағат тілі түнгі он екіні көрсеткенде қоңырау шар ете түсті. Алдыңғы кезекшілігімде жергілікті наубайханада жарылыс болып, апат салдарынан бір адам көз жұмған еді. Сол оқиға есіме түскен болса керек, телефонға бір түрлі шошынып қарадым. Санамда «тағы қандай апат орын алды екен?» деген жайсыз сұрақ.
Тұтқаны көтердім. Облыстық партия комитетінен хабарласып жатыр екен. «Кезекші кім?», — деп сұрады. Мен «Құрмашева» деп, аты-жөнімді хабарладым. Сол кездегі «Товарищ, Курмашева! Война закончилась! Мы победили!» деп үш қайтара айтқан сөздер әлі күнге есімнен кетпейді. Жүрегім жарыла қуанғаным сонша, көзімнен жас парлай беріпті. Менің түрімді көріп, түк түсінбеген әріптесім аң-таң.
Сөйтіп, әріптесім Ибашев милицияларды шұғыл жинауға бұйрық берді. Сол күні таң атқанша ән айтып, би билеп, ерекше көңілді жағдайда отырдық. Бір-бірімізді құшақтап, құттықтап жатырмыз. Жұмысымыз да сол күннен бастап жүйелі жалғасын тапты.
Деректер әлем тарихына қанды әріптермен енген екінші дүниежүзілік соғысқа жаһан халқының сексен пайызының қатысқанын айтады. Ел басына күн туған осынау қиын-қыстау жылдары Атырау жерінен 42 мың 508 адам жіберіліпті. Бұл мәліметтер қазір атап көрсетілгенімен, қанды жылдардағы қасіретті кездер елесін санаға әкеледі дегенге толықтай сену қиын. Өйткені, қан майданның ортасында жүріп, от пен оқты көрген жауынгерлеріміз тым азайып кетті. Сондықтан, жас ұрпаққа қыршыннан қиылған талай тағдырдың Отан үшін, бақытты болашақ үшін күрескенін атап айтқым келеді.
Соғыс аяқталғаннан кейін бейбіт замандары мәдениет саласына ауыстым. Кейін «Бақсай» кеңшарында пошта ашылып, қызметімді ауыстырдым. Халық арасында газет-журнал таратылымының үзіліссіз жүргізілуіне ұзақ жылдар ықпал жасадым. Еңбегім еленіп, түрлі Құрметті атақтарды иелендім, мерекелік медальдармен марапатталдым. Айтқым келгені, сол кезде соғыстан кейін ел экономикасының айтарлықтай ауырлап, халықтың әл-ауқаты тым нашарлап кеткеніне, миллиондаған жауынгерлеріміздің сүйегі жат жерде қалғанына қарамастан, қалың жұрт шүкіршілігінен ажыраған жоқ. Қарты да, жасы да бейбіт күнге жеткендеріне тәубе етті. Өйткені, олар Жеңістің бізге қандай құрбандық жолымен келгенін білді, көрді.
Сондықтан, бүгінгі ұрпаққа соны сезініп, бағалаңыздар дегім келеді.
Сәбила ҚҰРМАШЕВА,
еңбек ардагері,
Индер ауданы.