ЖАЗУШЫ РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВ: «ҚАЗАҚТЫҢ АСЫЛДАРЫН ҰЛЫҚТАУ КЕРЕК…»
Жерлесіміз Қазақ хандығының – 550 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының ұйымдастырған және Eurazian Resourses Groop(ERG) демеушілік жасаған республикалық бәйгеге драматургия саласы бойынша «Нарком Жүргенов» пьесасымен қатысып, 1-орынды жеңіп алған болатын. Осыған орай жазушымен осынау күрделі тақырыпқа қалам тартуға не себеп болғаны жайлы сұхбат құрудың сәті түсті.
— Рахымжан аға, «Нарком Жүргеновті» қазақ топырағына қайта оралту, қоғам қайраткерінің бұл күнде аз-маз естеліктерде ғана айтылып кететін біртуар тұлғасын ел есінде қайта жаңғырту оңай болмаған шығар…
— Осыдан үш жыл бұрын Қызылордада халықаралық «Жүргенов қоры» құрылған екен. Қызылорда облысы әкімдігінен маған хабарласып, Жүргенов жөнінде пьеса жазуымды өтінді. Мен оған келісе қоймадым. «Сыр өңірінде қанша драматургтер бар, соларға жаздырыңдар. Мұстафа Шоқайды да мен жазғам, қоғам қайраткері болған тұлғалар жайлы жазу оңай емес. Атын естігеніммен, трагедияға толы тағдырын біле бермеймін»,-дедім. Алайда, олар да алған беттерінен қайтпады, қайта-қайта мазалады. Содан кейін келісуге тура келді.
Жүргенов туралы өзімнің бұрыннан білетінім бар, атақты адамдардың естеліктері бар, барша материалдарды жинақтадым, сөйтіп, санамда пісіріп екі жыл жүрдім. Мен өзі қай дүниемді болмасын, әуелі санада пісіріп, кесіп-пішіп, екшеп аламын, сосын барып жазуға отырамын. Есімі алты алаштың аузында жүрген қоғам қайраткері, еліне қамқор болған тау тұлға жайлы жазу қайдан оңай болсын?!
Әрі пьеса дегеннің өзі де – күрделі жанр. Оның композициялық құрылысын құру, яғни басталуы, оқиғаның шиеленісі, шарықтау шегі қандай болатынын да шешіп алу қажет. Пьесада міндетті түрде интрига, кейіпкерлерді даралау, әр кейіпкердің аузына өзіне лайық сөз салу керек. Жақсы кейіпкердің жақсылығын, жағымсыз кейіпкердің де жағымсыз қылықтарын сол күйінде көрерменнің көз алдында таңбалау, тірі қалатынын тірі қалдырып, өлетін кейіпкерді уақытында өлтіру оңай емес.
Пьесада бір кейіпкер сахнаға шықса, ол босқа шықпауға тиіс, өзінің сомдайтын образына сай бір нәрсеге жауап беруге міндетті. Сондықтан, драмалық шығарма жазғанда әрі автор, әрі жартылай режиссер, әрі жартылай көрермен болып отыруға тура келеді. Неге десеңіз, бір кейіпкер үш-бес минут монолог оқып кететін болса, онда көрермен тұрып кетіп қалады, ұстай алмайсыз. Шиеленіс қызбай, әр оқиға, әр кейіпкер әр жерде шашылып тұрса, ол қиын, міндетті түрде конфликт керек.
Жазғанда да жаныңды жеп жазасың. Өзіңді әр кейіпкердің орнына қойып, соның сөзімен сөйлейсің, соның ойымен оянасың. Мынау дүниені көрермен қалай қабылдайды? Осыны осылай жазғаным дұрыс па? Одан басқа кейіпкер бола ма?
Сөйтіп, екі жыл толғатып отырдым. Санада ұзақ пісіріп, жазғанда бір апта, он күннен артық отырмаймын. Басқа тірлікті кесіп тастаймын, өзге дүниеге алаңдамаймын. Неге десеңіз, араға жарты күн, бір күн түссе қағазға жолай алмай қаламын. Ақ қағаздың киесінен, қаламды қолға алғаннан кейін, оның алдындағы жауапкершіліктен қор-қамын.
— Қазақстанда және Түркістанда Кеңес үкіметін орнатуға атсалысқан Темірбек Жүргенов — 43 жасында Өзбек, Тәжік, Қазақ ССР-інің халық комиссары болған. Сонымен қатар, қазақтың халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жазып алған, сол кездегі қазақтың айтыс ақындарының , жыраулардың дастандары мен өлеңдерінен «Терме» деген жинақ құрастырған екен. Қазіргі таңда оның аты Қазақтың Ұлттық өнер академиясына берілген. Қазақ топырағынан шыққан даңқты ұлдың есімін ел есінде мәңгілікке қалдыру мақсатында жазған пьеса, ондағы кейіпкерлер туралы айтсаңыз…
— Нақты «Нарком Жүргенов» пьесасына келсек, Темірбек Жүргенов – трагедиялық тұлға. Үш бірдей мемлекетті 43 жасында аузына қаратып, министр болған. Тәжікстанның қаржы, Өзбекстанның оқу ісін басқарып, жүйелеп, жолға қойған. Өз кезеңінің аса білімді, аузы дуалы қайраткері. Сол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Мирзоян Ғабит Мүсіреповті жіберіп, аттай қалап, елге шақыртып алған. Сөйтіп, Қазақ ССР-інің оқу-ағарту министрі етіп тағайындаған. Жүргенов тек оқу-ағарту саласын ғана емес, әлеуметтік мәселелерді, мәдениетті де қамтып, басқарған.
Әкесі Қара – үйір-үйір жылқысы мен келе-келе түйесі, табын-табын сиыры мен отар-отар қойы Арал, Шалқар арасына сыймаған атақты бай. Әйелі Дәмеш апай – Әлімхан Ермеков деген алаш көсемі өткен, сол кісінің қарындасы. Әлімхан Ермеков кезінде Атырау мен Маңғыстау жерін Қазақстанның өзінде қалдыру үшін В.И.Ленинге екі рет кірген. Өзі қоғам қайраткері, үлкен математик. Өмір бойы қоғамнан қағажу көріп, сырттап жүрген. Дәмеш — оның Әлімжан деген ағасының қызы. Алматы медицина институтын бітірген дәрігер. Темірбек пен Дәмештің Жұманазар деген жалғыз баласы болған. Атырау төрінде Әлімхан Ермековке ескерткіш қойған дұрыс деп есептеймін. Себебі, патша өкіметі Еділ-Жайық ортасын қазақтарға уақытша ғана пайдалануға Жарлық шығарған. Мемлекеттік құжат, кезінде мөрленіп қалған, қай заман, қай қоғамда да өз қуатын жоймайды. Ресей жағы сол жерді қазақтарға бергісі келмеген. Сол кезде Ленинге екі рет кіріп, жағдайды жеріне жеткізе түсіндірген. Терезесі тең түрде сөйлесіп, ақылы мен біліміне таң қалдырған, бас идірген. «Сталинге де құлаққағыс етіңіз», — дегенде, Сталинге кірмеген, көзіне де ілмеген.
Қарағандыда 70-ші жылдары облыстық театрда Сәбит Мұқанов «Сәкен Сейфуллин» атты пьесасын қойған. Сонда Сәкен Ахмет Байтұрсыновқа:
— Әй, төбет,-деп ақыратын жері бар көрінеді.
Премьера біткесін Сәбитке Әлімхан Ермеков:
— Қашан әулиедей Ахметке Сәкен «төбет» деп ақырып еді?- деп сұрайды. Сонда Сәбең қып-қызыл болып, даусы қарлығып, ақталып:
— Өздері қосып жіберіпті, — дегендей, бірнәрселер айтқан болыпты.
— Иә, сен – жеңген итсің, біз – жеңілген итпіз ғой, — деп бұрылып жүре беріпті Әлімхан. Сондай ғұлама, данышпан адамға Атырау топырағынан бір ескерткіш қимай қойдық, ақыры!
Темірбек Жүргенов оқу-ағарту саласын басқарып тұрғанда Алматыдағы опера театрының орнын белгілеп, ақшасын бөлдіріп те қойған. Қазаққа жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Ғабит Мүсірепов: «Темірбек тілді де тісті адам еді», — деген. Қазақ тілі үшін де сол кезде жан аямай күрес жүргізген. Қарағандылық Орлов деген музыка зерттеушісіне: «Қазақтың музыкасын орысшаға қалай аударып, зерттемексің? Қазақша жазбасаң, түсінбесең Қарағандыңа қайқай», — деп кесіп айтқан екен. Тіптен, атақты Брусиловскийге: «Қазақ тілін білмесең, қазақ музыкасын қалай түсінбексің? Онда шмоткаларыңды жинап, Ленинградыңа тай», — депті. Осының өзінен ұлтым деп соққан жүрегі көрініп тұр емес пе? Қазақтың фольклорына, эпостары мен лиро-эпостық жырларына жаны ашып, оларды сахнада көрсетуге бар күш-жігерін жұмсаған. Мұхтар Әуезовті шақырып алып «Айман-Шолпанды», Бейімбет Майлинге «Жалбыр» операсын жаздырған. Күләш Байсейітованың бағын ашқан, талантына қамқорлық көрсеткен, бұлбұл даусына сонау Мәскеудің басын игізген. Шара Жиенқұлованы Өзбекстанға, әйгілі биші Тамара ханумның жанына жіберіп, би өнерін қалыптастырған. Жасаған жақсылықтың кейде адамға жамандық боп оралатыны болады. Әсіресе, қазақта! Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбековтерді жарыққа шығарды. Қаншама оқу орнын салдырды, білім мен мәдениетті дамыту үшін ақша бөлдірді. Сөйтіп, Қазақстанның рухани дамуын шырқау биікке көтерді. Осының бәрін ежіктеп, пьесада көрсету қиын. Қажетті детальдарды ішінен іріктеп алдым. Жамбыл, Күләш, Шара, Ғабит, тергеуші және әкесі қатысады. Әкесі Қара екеуі он жыл өкпелесіп, көріспегені – тарихи факт. Әкесі кәмпескеге түсіп, Қарқаралыға жер аударылған. Темірбек Жүргеновті әкесі 1937 жылы іздеп келеді. Сонда, Қазақстанның оқу-ағарту министрі Жүргенов өз әкесін үйінде қабылдай алмай, екеуі Алматы-2 вокзалында тілдескен. Сол фактыны алдым, бірақ вокзалда емес, үйде кездестірдім. Әкесінің аузына сол заманның түсінігіне, талғамына сай Темірбекке кінә тағатын біраз сөз салдым. Ең соңында ұсталып, атылып кетеді.
Халық жауының әйелі деген қара күйе жағылған Дәмеш апай Алжирде жапа шеккен. Сол кездегі халық жаулары атанған тұлғалардың әйелдерінің де өмірі – трагедия. Тіптен, кейбіреуінің жұбайы өзінің күйеуін «халық жауы» деп қаралап, қол да қойған. Мәселен, пьесада Малақаев деген кейіпкер бар, соның келіншегі дәл осылай жасаған. Бұл да – тарихи факт. Алты айдан кейін Малақаев ақталып шыққанда, әйел қарабет атанып далада қалған.
Темірбек халық жауы болып ұсталған соң оның салқыны туған-туысына тиетіні анық. Жалғыз ұлы Жұманазар соңғы эпизодта 12-13 жасар болып суреттеледі. Оны Қазалыға туыстарына жібереді. Кейін соғыс басталады, 15 жасар бала намыспен өз жасына бір-екі жыл қосып, үлкейтіп көрсетіп, әкесінің атын ақтап алу үшін майданға аттанған. Сонда қаза тапқан. Тұқым қалмады, әулет құрып кетті.
Дәмеш апай Темірбекке «Өзбекстанға кетейік» деп қаншама жалынса да, қасарысып, кетпеген. Өзі құрған қоғам, өзі негізін салған қазақ мемлекеті…
Тергеушінің аузына мынадай сөз саламын:
-Сендерді сатқан өз қазақтарың. Ағайының, тумаң, достарың, жолдастарың, көңілдес әйелдерің. Алыстан жау келген жоқ. Толып тұр мынау папка!
Оған біздің қазақ тарихында шындық жеткілікті. Мысалы, үкілі Ыбырайды 73 жасында өзінің немере інісі «халық жауы» деп ұстап берген.
— Сіз осы аймақтан шыққан ақын-жазушылар есімін ұмытпай, ел есінде мәңгі қалдыру үшін ескерткіштер қойып, шығармаларын жастарға оқыту мәселесін де көтеріп жүрсіз. Осы тұрғыдан алғанда, елеусіз қалып жатқан ақын-жазушылар кімдер? Оларды ұлығылау үшін нақты қандай шара қажет?
— Әулиедей болып, халықтың есінде қалған Әбу Сәрсенбаевты ұмытып кеттік. Ескерткішті ең әуелі осы кісіге қою керек. Ол қамқорламаған қазақтың ақын-жазушысы жоқ. Бәрімізге әкеміздей болған жан еді. Тахауи Ахтановты ұмытылады деп кім ойлаған? Жазған дүниелері қазақ әдебиетін қаншама биікке көтерді? Оны оқырмандар біледі.
Тағы бір аяулы тұлға – Хамза Есенжанов. «Ақжайық» трилогиясын жазған, біздің өңірге сол кісідей еңбегін сіңірген жазушы жоқ! «Ақжайықтың» композициялық құрылымы қандай күрделі, тілі қандай шұрайлы! Оның деңгейіне келе алмайтын біреулерді, күнделікшілерді жазушы деп дәріптейміз. Ал, шын таланттарды айтуға аузымыз бармай қалатыны несі? Оралда, Атырауда Ақ Жайық өзені жағасында сол кісіге бір ескерткіш тұрғызылуы тиіс.
«Ақжайық» трилогиясын ол айдауда жүріп жазған. Сібірде жүрген Хамза Есенжановтың соңынан іздеп барған жан жары София Тастемірова апамыз қандай аяулы десеңізші! Сонау ит тұмсығы кірмейтін Сібір ормандарынан күйеуін іздеп тауып, қиналған шақта жанында болды. Орыс тарихына «декабристер» деген атпен енген ақын-жазушылардың әйелдері осындай ерлік жасаған еді. София апайдың айтуынша, айдауда жүргендерді апталап ағаш кесуге орманға алып кететін көрінеді. София апай өзі бухгалтерияда қызмет еткен, жапырақ-жапырақ қағаз әкеліп береді. Сол қағаздарға тезистеп, нөмірлеп жазып, фуфайкасының мақтасын алып тастап, мақта орнына қағазды сала береді екен. Баракқа келген соң, есік-терезені қымтап, жаңағы қағаздарды құрастырып, роман жазды. Не деген жанкештілік, қаламшәріпке адалдық! Сол адамды ешкім еске алмайтынына жүрегім ауырады. Сонда соңыңда іздеушің болмаса, бәрі құрығаны ма?! Өзі өлгенімен, туындысы өлген жоқ қой! Өзі көмілгенімен, шығармасы көмілмеуі қажет қой!
Қазақтың талғамсыздығынан, шашпалығынан шаршадым. Дені дұрыс сөз айтатын адам жоқ! Әрине, төбелеріне көтеріп, даңқымды асырған бұл қазаққа өкпем жоқ! Бірақ, даңғойлығын, дүмбілездігін көргенде, құлағымды басып, қашып кетсем деймін. Мен – рухани аш адаммын. Түйе жапырақтың көлеңкесіндей қысқа күнде қырық құбылған жандар мезі қылды. Жиған дүниесі, салған коттеджі, ұл-қызына әперген машинасы мен соларды шетелде оқытам деп шашқан ақшасын айтады, бәтшағарлар! Шетелде оқытқан балалары елдің бір тірегіне, үмітіне айналып жатса, бір сәрі! Олардың да жайын көріп жүрміз! Сол ақшаны бір пәтерсіз жүрген қазақтың баласына, кембағалға берсе қайтеді?..
Біздің қазақ байлықтың балалық ауруынан айыға алмай жүр. Бір кішкене пендеуи тірліктен жоғары көтерілуге болмай ма? Кішкене рухани тұрғыдан ойлануға не кедергі? – Міне, менің жүрегімді ауыртатын осындай сауалдар. Қазақ баласының жақсы аты шықса екен деген арманмен өмір сүремін…
Әңгімелескен Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.