Шетелдік еріктілер зағип жандардың өмірімен танысты

109656 Жаңалықтар
109656

«Ынтымақ» қоғамдастықты дамыту бағдарламасына ерікті ретінде тіркелген бір топ шетелдік азамат Атырау аймағындағы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасына ат басын тіреп, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.
Бүгінде көз жанары көрмесе де жүрегі барлық нәрсені терең сезетін, өмірді сүюге құштар жандар шетелдік меймандарды бар ықылас-ниетімен қарсы алды. Еріктілер кітапханадағы Брайль үйірмесіндегі жастардың нүктелі-бедерлі кітап оқығанын, жазу құралын қалай пайдаланатынын көрді. Сондай-ақ, тифлопедагог Р.Шамбозовтың арнайы компьютерде отырып жұмыс жасағанын, нәтижесінде нүктелі-бедерлі кітапшалардың жасалып жатқандығын қарап, олардың зор талпыныстарына куә болды.
Мұндағы демалыс орнын аралап, тағдыр тауқыметін тартқандардың өмір жолдарына үңілді. Зағип жандар – жазмыштың жазғанына жасымайтын қайсар адамдар. Олардың осынау қасиеттерінің арқасында өмірге деген құлшыныстары жоғары. Білім мен өнерге деген қызығушылықтарында шек жоқ. Еріктілер осындай жігерді бойға жиған жастардың шахмат тақталарында еркін ойнағандарын көріп, таң қалыстарын жасырмады. Аталған орынға заманауи техникалық құрал-жабдықтар алуға демеушілік көрсетуге ниет білдіретіндіктерін айтты. Сала қызметкерлері мен оқырмандар ризашылықтарын жеткізіп, мүмкіндігі шектеулі жандар домбыра мен гитараның сүйемелдеуімен өз өнерлерін көрсетті.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз