Алғыс алған арымас…

555 1 Қоғам

Атырау қаласында жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қоғамда әлеуметтендіруге арналған «Жаныңдамын!» жобасы қорытындыланды. Абай орталығындағы Jasspace кеңістігінде өткен салтанатты шараға кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері мен осы жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан мекеме өкілдері қатысты.

Биыл облыстық ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығының «Қолдау» жобасы аясында «Жаныңдамын » қоғамдық қоры 1,8 млн. теңге грант жеңіп алған болатын. Қоғамдық қор аталған жобаның жұмысын 45 күнде толық жүзеге асырды.

333

– Қоғамда ата – ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалып келеді. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген ұстанымды серік еткен демеушілер де аз емес. Ал, біздің мақсатымыз – балалар үйінің тәрбиеленушілерін қоғамда волонтерлік жұмыстарға араластыра отырып, олардың өмірге деген құлшыныстарын арттыру арқылы өздерінен де төмен жағдайда өмір сүріп жатқан әртүрлі санаттағы адамдардың барын ұғындыру. Біз осы мақсатта балалармен бірлесе бірқатар жұмыс атқардық, – деді Мейрамгүл Есниязова. Жоба барысында кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері «Жанеркемай» ерекше балаларды дамыту орталығының балаларымен түрлі эстафеталық ойындар ойнады. Сонымен қатар ұйымдастырушылар профориентация бойынша балаларды әртүрлі мамандық иелерімен кездестіріп, олардың жүректеріндегі бұлқынған армандарын орындауға күш салған. Кәсіби психологтардың қатысуымен айрықша мотивация беретін түрлі тренингтердің ұйымдастырылуы – жобаның басты жұмыстарының бірі. Салтанатты басқосу кезінде осы жұмыстар туралы егжейтегжейлі айтылып, жобада қоғамдық қорға әріптестік қолдау білдірген серіктестеріне Алғыс хаттар мен естелік сый-сияпат табыс етілді. Жобаға қатысқан балалар концерттік бағдарлама ұсынып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

444

Айта кету керек, «Жаныңдамын» қоғамдық қоры бастамашыл топ ретінде 2020 жылдан бері волонтерлік негізде жұмыс істеп келеді.

– Әр нәрсені бастауға бір жағдай себепші болады ғой. Маған осы қорды құрып, алға жылжуыма сыйлас әріптесімнің бір ғана сөзі қатты әсер етті. Бірде ол маған «Мейрамгүл, артыңа бұрылып қарашы, әр адам өз балаларына үлгі болу үшін мен осындай қолтаңба қалдырдым деп ауыз толтырып айтатындай игі іс жасағаны жөн ғой» дегенінде расымен ойланып қалдым. Сол кезде менің жасым 35-те. Иә, мен балаларыма жақсы анамын. Мектептегі оқушыларыма кәсіби педагогпын. Бірақ, оның барлығы менің негізгі міндетім мен қызметім. Бұған дейін өзгелерге үлгі боларлықтай игі іс атқармаған екенмін. Сондықтан, айналама менің де зор пайдам тисін деген ниетпен волонтерлікке бет бұрдым. Сол кез жер жаһанды жайлаған ковидпен тұспа-тұс келді. Адамдар бір жұтым ауаға зәру болып жатқанда олардың жанынан табылуға ұмтылдым. Рас, бұл кезде өзіміздің өмірімізге төнген қауіпті ойлап тұратын уақыт болмады. Кейін қазіргі ел аман, жұрт тыныш кезеңде әртүрлі шығармашылық бағытқа, балаларды қолдауға көбірек көңіл бөлуді көздедік, – деді ол.

Қоғамдық қор 2022 жылы желтоқсанда заңды түрде тіркелді. Сол уақыттан бері әртүрлі санаттағы адамдармен – №4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығы және отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылымен, мүмкіндігі шектеулі жандармен де тікелей жұмыс істеп келеді. Әлеуметтік осал топтағы сегіз жасқа дейінгі балалар арасында қол моторикасын дамытуда құм және ертегі терапияларымен жұмыс жүйелі жолға қойылған. – Ендігі уақытта «Ғажап күн» жобасы аясында осы екі терапияны біріктіргім келеді. Яғни, балаларды ертегілерді тыңдау арқылы құмға сурет салуға баулысам деймін. Бұл әдіс балалардың сөйлеу дағдысын қалыптастырады. Жағымды, жағымсыз кейіпкерлердің қасиеттері арқылы өз-өзін дамытады. Мейірімділік пен қайырымдылыққа үйренеді. Осы жобаны отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылында тұрақты енгізу ойда бар. Мүмкін олардың арасынан болашақта белгілі әдебиетші, қаламгер, журналист, атақты суретшілер шығып қалар, бәлкім! Бұған дейінгі өзімнің зерттеулерім бойынша біздің облыста жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар арасынан белгілі азаматтар шыққан жоқ. Менің арманым – осы ортадан google-ге есімдерін тергенде-ақ атағы әлемге танымал тұлғалар қалыптастыру, – дейді М.Есниязова.

222 1

Жуырда Мейрамгүл еліміздің Мәдениет және ақпара т министрлігі мен «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен қазақ-қырғыз жастар форумына қатысып, «Жаныңдамын» жобасы аясындағы іс-тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. – Мен бұл форумнан біраз дүниені меңгердім. Жаңа идеялар да туындауда. Біздің ұйымда 15-ке жуық кәсіби маман бар. Ендігі уақытта олармен бірлескен тығыз жұмысты арттырып, жасанды интеллект туралы жобаны балалар үйінде жүзеге асырғым келеді. Волонтер – тек қана қорға қаражат жинаушы емес, ол азаматтық қоғамның қозғаушы күші.

Олар әлеуметтік мәселелердің ортасында жүргеннен кейін көзбен көрген проблемаларды анықтап, оның шешімін табуына жол іздейтін адам. Сондықтан, бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері біздің де назарымыздан тыс қалмайды. Ал, қазір мектептегі волонтерлікті дамытуда «Мейірім» жобасы З.Қабдолов атындағы №40 орта мектепте тұрақты жұмыс істеуде. Кеңөзектегі білім ордасында да бұл бағыттың негізі қаланып, жоба жетекшісімен жұмыстар жүргізілуде. Волонтерлер мектебін басқа да білім ордаларынан ашуға ұсыныс түссе мен бұл іске қашан да дайынмын. Өйткені, «алғыс алған арымас» деген аталы сөз – біздің басты ұстанымымыз. Оны жас ұрпаққа жеткізіп, артымыздан жас буынды ілестіру маңызды, – деді Мейрамгүл Есниязова.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз