«ЖАЗҒА ЖЕТТІМ ДЕП, ҚЫСТЫ ҰМЫТПА!»

Халық айтса, қалт айтпайды. «Үркерлі айдың бәрі қыс, үркер шырқай берсе, күн суыта береді» деп сақтандырып қояды. Инедей тесіктен түйедей суық өтпей тұрғанда не істеу керек? Қыс қырсыздықты қаламайды, қылышын сүйретіп қыр астынан шыға келсе, қайсыбір қамсыздарды қапы қалдырары тағы анық. Осы негізде облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ақылбек Байшахановтың қатысуымен Құлсарыда өткен арнайы штабтың отырысында «Ауданның 2014-2015 жылдарға арналған қысқы дайындық жұмыстары туралы» мәселе қаралып, ол шаруашылықтың әр қырынан қызу талқыға түсті.
Маңызды шаруаның беталысын айқындауға арнайы қатысқан аудан басшысы Мақсым Ізбасов нақты мәселелерді ортаға салды.


ПИК БОЛМАЙ,
ІС ТЕ ОҢБАЙДЫ

Басқосуда мінберге алдымен Құлсары қаласының әкімі Шәкір Кейкин көтерілді. Оның және басқа мамандардың саралауынан кейін белгілі болғанындай, көп қатарлы ықшам аудандарда 4075 пәтер бар, жеке қазандықтар саны – 1560, мүмкіндігіне қарай 828 үй жылу, 3200 үй ыссы су алады. Ал, 272 пәтер иесіз тұр екен.
Қалада №№1,2,3,5 ықшамаудандар бойынша барлығы 87 көп қабатты тұрғын үйдің ішкі инженерлік жүйелері түйіндерін шешу мақсатында ПИК құруға бетбұрыс бар. Мәселен, үшінші ықшамаудандағы №№3,5,7,16 үйлердің кондоминиум құжаттары мемлекеттік тіркеуден өтіп, «Таза қала» пәтер иелері кооперативі құрылып, енді тұрғындармен келісім-шартқа отыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, екінші ықшамаудандағы көп қабатты он тұрғын үйді күтіп ұстауға «Жылыой Тазалық» ЖШС өз жұмысын бастап кетті. Қазірдің өзінде 300 пәтердің келісімге келген 180 пәтер иесі өздері үйлерінің ішкі инженерлік жүйелеріндегі жөндеу қызметіне куә болуда. Ал, «Бекзат Құлсары» ПИК-бесінші ықшамауданда көп қабатты он тұрғын үйдің кондоминиум нысандары мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін өз қызметін бастамақшы.
Тағы бір айтар жай – «Терможаңғырту» бағдарламасын жүзеге асыру. Бұл да – өзекті шаруаның бірі. Биылғы жылы Құлсарыдағы көп қабатты бірінші ықшамаудандағы №25 үй және бесінші ықшамаудандағы №6 тұрғын үйге пәтер иелерінің келісімі бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, соған сәйкес тұрғын үйлерге кезекті техникалық зерттеу мен энерго аудит жұмыстары жүзеге асып, зерттеу қорытындылары шығарылды.
Қаланың жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайтын жылу жүйелерінің 2013 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға тозығы жеткен 6,6 шақырымы ауыстырылса, жылу беру маусымында жалпы ұзындығы 2700 метр болатын негізгі магистральды жылу құбыры қапталды.
Ағымдағы жылы №№1,3 ықшамаудандар бойынша ескірген әртүрлі диаметрлі 2160 шақырым жылу жүйесін ауыстыру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 41,0 млн. теңге қаражат қаралып, қазіргі таңда аталған жұмыстарды атқаруға конкурс жарияланып отыр.

КӘРІЗ СУЛАРЫ ДАЛАҒА АҒЫП ЖАТЫР

Қаратон поселкесінің әкімі Рәзия Молдабаева өз сөзінде кенттегі кейбір күрмеуі шешілмей тұрған қиындықтарды айтып, ауыз су және кәріз су құбырлары тозғандықтан жиі істен шығатындығын, қазірдің өзінде бірнеше тұрғын үйдің құбырлары әлденеше жерден шіріп, тесіліп, иісті су далаға кетіп жатқанын жасырмады. Осы арада басшы буын мен жиынға қатысып отырғандар жуырда канализация құдығынан құлынның өлі денесі табылғанын бір естеріне алып қалды. Соның салдарынан кәріз құдықтары суға толып, лас су жүрмей қалып, тұрғындарды қатты әбігерге салған. Кент әкімінің ашына айтуынша, қыстың көзі қырауда да тұрғын үйлерден шыққан лас суды айдауға арналған насостардың күші жетпегендіктен лайланған су канализация құдықтарынан асып, айдалаға маңып, құбырлар қатып жатады екен. «Бұл жай поселкеде күнделікті қайталанып жататын келеңсіз жағдайға айналып тұр, тек «Жылыой Су»» МКК мекемесінің кенттегі бөлімше қызметкерлерінің күшімен, вакуум техникасымен ішінара тосқауыл қойылып отыр» дейді ол. Белгілі болғанындай, іргелі поселкедегі он канализациялық-насостық құрылғының (КНС) жетеуінің тозығы жеткен. Қазіргі уақытта қысқа дайындық үшін лас су айдайтын бес насостың қажеттілігі өте-мөте маңызды болып отыр.
Мәселенің мәнісіне бойлаған штаб поселке әкіміне магистральды су құбырының жобалық-сметалық құжаттамасын тез арада сараптамадан өткізіп, аудандық экономика және қаржы бөліміне қаражат бөлу жөнінде ұсыныс беруді тапсырды.

ЖАҢҒЫРТЫЛҒАН СУ ЖҮЙЕСІ –  250 ШАҚЫРЫМ

«Жылыой Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны – Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон поселкесін және заңды тұлғаларды ауыз сумен қамту қызметімен айналысатын бірден-бір кәсіпорын. «Игілік» бағдарламасының аясында «Құлсары қаласының сумен қамту нысандарын жаңғырту» жобасымен барлығы 250,5 шақырым су құбыры жүргізілген, биыл әлі де қосымша 8,4 шақырым су құбырын тарту қарастырылып отыр.
– Қазіргі шақта қала тұрғындары мен мекемелер ауыз суды полиэтилен құбыры арқылы пайдалануда, бұрынғы тозығы жеткен темір құбырлар толықтай ажыратылды, соның нәтижесінде су желісінде жиі орын алатын апаттық жағдайлар түбегейлі жойылды, – дейді кәсіпорын директоры Балтабай Ыбыраев. – Нәтиже айта қаларлықтай оң сипат алды. Мысалы, Құлсарыда ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап жеке секторларға ауыз су тәулігіне 7000м3 көлемінде (оған дейін 5500м3) беріліп отырса, Жаңа Қаратон поселкесі қысы-жазы тәулігіне 750м3 көлемінде сумен қамтылып келеді.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, қаладағы су сорап станциясы (ВНС) іске қосылған жағдайда көп қабатты ықшамаудандарға ауыз су берудің тиімділігі арта түседі, әзірге оларға ПНС (су көтеру станциясы) арқылы тәуліктік кесте бойынша берілу үстінде.
Аудандық штаб мекеме басшысының назарын Құлсары қаласы бойынша кәріз жүйелерінің тұрақты жұмыс жасауы үшін олардың ақау тізімдемесін жасауға және тариф мәселесін қарап, ұсыныс беруге аударды.

БІЛІМ ОРДАЛАРЫ БҮТІН БЕ?

– Жиырма бір жалпы білім беретін орта мектептің он сегізінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта жаңа оқу жылына дайындық актісі алынды, үш мектеп күрделі жөнделу үстінде, – деді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Қазиева. – 2013-2014 оқу жылының күзгі-қысқы маусымына дайындық мақсатына бөлінген 49700,0 мың теңге қаржыға жылу қазандықтары, су насостары, задвижкалар, есептегіш құралдар сияқты қажетті жабдықтар алынып, іске жаратылу үстінде.
Штаб аудандық білім бөліміне күрделі жөнделу үстіндегі үш мектепті және жылу қазандығы қайта жарақтандырылып жатқан №9 білім ордасын жаңа оқу жылына дейін даяр етуді тапсырды.

ТАЗАЛЫҚ БАРДА ТӘНІҢ САУ

«Жылыойтазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Бауыржан Әбдірахманов өз мекемесінің алдағы қысқы кезеңге тоқсан пайыз дайын бола келгенін айта отырып, қазіргі шақта ұжым мүшелері көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі тазалықты жөнге келтіру, тал суару, арамшөп ору сияқты күнделікті жұмыстармен қатар, арнаулы техникаларды қытымыр шаққа дайын етумен, бесінші ықшамауданға қызмет көрсетуге әзірлікпен мақсатты айналысу үстінде екендіктерін қаперге берді. Штаб өз кезегінде мекемеге елді мекендердің топтық су құбырларының қысқа дайындығын мұқият қарап, бақылауға алып отыруды жүктеді.
* * *
Ауданның 2014-2015 жылдарға арналған қысқы дайындық жұмыстары жөніндегі штаб отырысын облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ақылбек Байшаханов қорытындылап, көтерілген мәселеде ең өзекті жайлар қамтылғанын, ендігі жерде әр мекеме өздеріне жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, жұма сайын мәлімет беріп отыруды баса айтты.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз