ЖАУЫНГЕР ЖОЛЫ

Өткен ғасырдың орта шенінде болған Ұлы Отан соғысының жарасы әлі жазылмайды деп жүргенімізде, бейбіт елдің жауынгерлері Ауған жерінде болған соғысқа қатысты. Онда да кескілескен ұрыс, жарылған снаряд, қопарылған дала, қансыраған жауынгер, ұлынан айырылып, аңыраған ана... 
Осыдан жиырма сегіз жыл бұрын өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге Амангелді Ерімбетов те аттанған болатын. Жас жауынгердің шөбіне түскені - Ауған елі, қырқыншы артиллерия полкі, Құндыз провинциясы. Мұндағы соғыс та фашистермен болған ұрыстан кем түспеді: қансыраған адам, оққа ұшқан жауынгер, жаралы әскер. Екі жылы жиырма жылға татыған қиын-қыстау сәттен аман қалу үлкен олжа еді.

Ал жуырда «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесі ұжымы ауғандық соғыс ардагері Амангелді Дәуренғалиұлымен кездесу өткізді. Әбекең өзі қатысқан соғыста талай қиындық болғанын, бірақ, елге, жерге, ата-ана мен бауырларға деген сағыныштың аман алып шыққанын жасырмады. Соған қарамастан ол маңдайы жарқырай туған жігіт екенін дәлелдеп, туған жерге есен-сау оралды. Соғыста көрсеткен ерліктері мен табандылығына сай Амангелді Ерімбетов ауған халқының «Құрмет» медалімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Елге оралғаннан кейін ол ішкі істер органында еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шығыпты…

Қайыржан ДҮЙСЕНБАЕВ,
Атырау облысының МКҚ ММ кадр бөлімшесі бастығы,
полиция капитаны.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз