Жатақхананың жайы қалай шешіледі?
Жаңа оқу жылы басталысымен жатақханаға қолы жетпей қалған студенттердің пәтер іздеп сандалатыны рас. Осынау мәселені түбегейлі жоюда Елбасы өзінің Бес әлеуметтік бастамасында елімізде 2020 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырды. Құзырлы органдарға төрт жылдың ішінде мұндай көлемді игеру оңай жұмыс емес. Осы орайда белгіленген міндетке сай биылғы оқу жылынан бастап Студенттер үйін салуда мемлекеттік тапсырыстарды орындау ісіне кәсіпкерлерді қатыстырып, жұмылдыру маңызды. Бұл туралы облыстық әкімдікте «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамы өкілдерінің қатысуымен өткен семинар-кеңесте атап айтылды.
Облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиында аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен экономистері, мектеп, орта және жоғары оқу орындарының басшылары мен есепшілері, кәсіпкерлер, банк қызметкерлері көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. Аталған басқарманың басшысы Қайырғали Кенжеғалиевтің айтуынша, облыстағы үш жоғары оқу орны мен 24 кәсіптік-техникалық білім ордасында 29 мыңнан аса студент бар. Олардың жатақханаға деген сұраныстары түбегейлі шешімін тапқан жоқ.
«Бұған дейін «ҚазТрансОйл» компаниясының ғимараты «Самұрық Қазынаның» келісімімен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 600 орындық Студенттер үйі болып қайта жасақталып, ашылды. Атырау мұнай және газ университетінде жатақханаға қажеттілік жоқ. Ал, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтындағы сұранысты орындауда оқу орны банктен несие алып, келісім-шарт жасауда. Он колледж жатақханамен қамтылғанымен, бұл білім ордаларында 1350 студентке орын жетіспейді. Алайда, осынау мәселені шешудің тиімді тұстарын іздестіру маңызды», – деді Қайырғали Рысқалиұлы.
Алдағы уақытта сұраныстарды іске асыруда қандай әдіс-тәсілдерді пайдалану тиімді болмақ? Кез келген оқу орнының студенттер қажеттілігін өтеуге мүмкіндігі бар ма? Мәселені шешуде алға қойылған міндет – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы арқылы қалай жұмыстануға болады? Осы және өзге де сауалдар аясында «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамының өкілдері түсінік берді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сіз не дейсіз?
Талғат МАТАЕВ, «Қазақстандық мемлекеттік- жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары:
– Бүгінде белгіленген талаптар шеңберінде жатақхана деген ұғымнан алыстап, Студенттер үйі деген атауға көшу маңызды. Мұндай типтегі нысанда студенттердің тұрақтап қана қоймай, сол орында сабаққа дайындалуына, тамақтануына, бос уақыттарын тиімді пайдалануда үйірмелермен де қамтылуы керек. Осы орайда жаңадан құрылыс салу емес, дайын бос тұрған ғимараттарды, мәселен, мемлекет меншігінде, банкте кепілдікте тұрған мүліктер мен бұрынғы қонақ үйлерді де қолға алып, Студенттер үйіне айналдыруға мүмкіндіктер берілуде. Егер жаңа құрылыс болса мемлекеттік тапсырыс шеңберінде кәсіпкерге әр студент үшін 122 айлық есептік көрсеткіш шеңберінде, яғни 300 мың теңгеге жуық қаржы төленеді. Ал, құрылыс қайта құрылған нысан болса бұл сома 47 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бүгінде кәсіп иелері осындай мүмкіндікті пайдалануы қажет. Сондай-ақ, заңдылық негізінде жергілікті бюджеттен бұдан да басқа қолдауларды алуға болады.
Алмабек АБДОЛОВ, Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
– Оқу орындарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жатақхана салынса, бұл мемлекет пен кәсіп иесіне ғана емес, халыққа да тиімді. Себебі, ата-аналар да баласын алаңсыз оқытады. Барлық жағдайы жасалған қауіпсіз орынға жайғастырып, ай сайын пәтер жалдағаннан, жылына бір-ақ рет Студенттер үйіне ақысын төлеп берген де ыңғайлы болады. Сондықтан, өңірдегі аталған мәселе осындай тиімді жолмен шешілсе игі. Ендеше, барлық кәсіпкерлерді бұл іске белсене қатысуға шақырамыз.