Жатақханадан орын болса…
Атырауда 1450 студент жатақхана кезегінде тұр. Бұл – республика бойынша ең төмен көрсеткіш.
Осы орайда, еліміздің Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ мамандарының қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. Онда Мемлекет басшысының «Студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» үшінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру механизмдері сөз болды. Аталған бастаманың операторы – «Қаржы орталығы». Әзірленген бағдарламаға сәйкес, жоғары оқу орны, колледж немесе жеке кәсіпкер студенттік жатақхана салып, оны пайдалануға бергеннен кейін өтемақы алып отырады. 2022 жылға дейін студенттер, магистранттар мен докторанттарға арнап кемінде 75 мың орын қарастыру жоспарланып отыр.
Бұл мәселеге қатысты «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының «Студенттік жатақханаларға операторлық жүргізу» департаментінің менеджері Алпамыс Сатыбалдин өз ойын ортаға салды.
– Жаңадан салынған ғимараттағы бір орын үшін бір жылға – 122, ал, қайта жаңғыртылған нысанда 47 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде өтемақы қарастырылған, — дейді ол. – «Қаржы орталығы» тарапынан төлемдер сегіз жыл бойына жасалады. Мәселен, 500 орындық жатақхананы салу 2019 жылы басталса, пайдалануға 2020 жылы беріледі. Сәйкесінше, 2020 жылға белгіленген АЕК көлемі 2613 теңгені құраса, соны 500 орынға көбейтеміз. Демек, жылына 159 миллион теңге төленіп отырады. Бұл сегіз жылда 1 миллиард 280 млн. теңгеге жетеді. Яғни, мүлік иесінің 80-100 пайыз шығыны өтеледі деген сөз.
Бағдарламаға қатысу үшін «Қаржы орталығына» өтінім жасау керек. Сөйтіп, екі тарап арасында алдын-ала келісім-шарт жасалады. Кейін мемлекеттік сатып алулар порталында сатып алу келісім-шарты жасалады. Қазір Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларында 11514 орынды құрайтын төрт жатақхана пайдалануға берілген. Атырауда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы жатақханаға реконструкция жұмыстары жүргізілді.
Амандық Сағынтайұлы.