Жарнама
Қоғам

Жастарды жаңылдырған кім?

«ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН» ДЕЙТІН, ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ ҚОЯТЫН ҰЛТТЫҢ ӨКІЛІМІЗ. СОНДЫҚТАН ДА ЕЛІМІЗДЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚЫЛМЫСЫНЫҢ АРТУЫ ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДЫ ЕРЕКШЕ АЛАҢДАТЫП ОТЫР. ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК, ЖЫЛ САЙЫН ОРТА ЕСЕППЕН 145 МЫҢНАН АСТАМ ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ ТІРКЕЛЕДІ ЕКЕН. ТЕРІС ҚЫЛЫҚТЫҢ КӨБІ ҰРЫП-СОҒУ, ҰРЛЫҚ ЖӘНЕ ӨЗІНЕ-ӨЗІ ҚОЛ САЛУ СИЯҚТЫ ФАКТІЛЕРДЕН ТҰРАДЫ.

Қоғамдағы қауіпті кесел лудомания мен буллинг, вандализмнің көбеюі де жастар арасындағы тəрбиелік жұмыстардың босаңсып кеткендігінің көрінісі болса керек. Соңғы кездері жасөспірімдер арасындағы əлімжеттік, отбасындағы зорлық-зомбылық секілді қатыгездік көріністердің жиілеуі қоғамдағы əр саналы азаматты ойландырып жүргені рас. Өйткені, бұл бүгінгі күннің күйіп тұрған басты проблемасы. Əсіресе, бізді бірін-бірі шімірікпестен өлтіре салатындай адамдарда аяушылық, адамгершілік сезімінің азайып бара жатқаны, оның ішінде əлі де буыны бекімеген жастардың сол сұмдықтарды бойына сіңіріп жатқандығы алаңдатады.

Ащы шындық

Мемлекет басшысы Атырауда өткен кезекті Ұлттық құрылтайда елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көптігін, аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керектігін айтып, өскелең ұрпақты кітап оқуға баулудың маңызына тоқталған болатын. Мешіттерді емес, мектептерді көбірек салудың қажеттілігі де алқалы жиында ашық айтылған мəселелердің бірі. Ал, мұның арғы жағында ұрпақ бойына сапалы білім мен тəлім-тəрбиені сіңіруді көздейтін салиқалы ой жатыр.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жəрдем жəне қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға əлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс əрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тəртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді əрі мəдениетті ұрпақ тəрбиелеуіміз керек, — деген еді Президент III Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде. Шындығында, қазіргі ортада, əр отбасында ұлттық тəрбие, ата-баба құндылығы, мұрасы деген ұғымдардың ұмытыла бастағанын жасыра алмаймыз. Қоғамда мұндай келеңсіздіктің көбеюінің басты себебінің бірі де осы. Нарықтық экономикада адамдар уақытын отбасынан гөрі, табыс табуға жұмсауда. Ал, отбасы, ондағы бала тəрбиесі біз қаламасақ та екінші кезекке қалып отыр.

Тәрбиенің талбесігі

Ананың аялы алақан жылуын сезініп, əкенің ақылын алып, ізет пен мейірімді бойына сіңіріп өскен баланың қатыгездікке бармасы анық. Өйткені, отбасы – бала тəрбиесінің негізгі бастауы. Бала бойындағы жақсылы — жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші əке мен ата тəрбиесінен көреді, «тегіне тартқан» дейді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, шөбере сүйген, жасы 80-нен асқан атыраулық Балкенже Жолдасова əжейдің де пікірі осы ұстанымды бекіте түседі. Қарт ана «əсіресе, жанұядағы əкенің ролі, абырой, беделі маңызды» дейді.
– Қазақтың əр ақылды əйелі ұрпағы үлгі тұтсын деп ерін алға шығарып, құрметтеген. Оны көрген баланың да əкеге деген сыйы артқан. Əкені биік тұлға көріп, сөзін екі етпеген. Əйел «балам, алдымен əкең жесін», «əкеңнен сұра», «əкеңнің бас киімін жерге тастама» деп əкесінің абыройын көтеріп отырған. Ондай тəрбиені алған бала да əкесінің қас-қабағына қарап, жат қылық жасамаған. Ержеткен соң да əкенің абыройын бірінші кезекке қойып, ар- намысына нұқсан келтірмеуге ұмтылған, — деді ақ жаулықты ана. Осылайша, қазақ қоғамында тəрбие алған баланың əкеге деген құрметі ерекше болатынын айтқан кейіпкеріміз жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанымен, қас-қабағынан бəрін түсініп өскен бала əке қаһарынан сескеніп жүретінін жеткізді. Сондықтан, əкенің өз ісімен де баласына үлгі болуы керектігін айтты. Елімізде ер мен əйел, жалпы Қазақстан азаматтары тең құқылы. Дегенмен, ер мен əйел тең құқылы ұғымы қоғамға сіңгелі бері, ер азаматтардың беделі төмендеп, нəзік жандылардың абыройы арта түскені туралы көп айтылып жүр. Ал, ұлттық тəрбие құндылығымызда əкенің аты əрдайым бірінші тұрады. Сондықтан, ұлттық тəрбиемізде əкенің отбасындағы ролінің төмендеуі – қасірет. Ал, қазақтың шаңырағындағы жақсы əкенің ақылында біреуге қиянат жасау, біреудің ала жібін аттау, жазықсыз қол көтеру деген ұғым болмаған.

Бәленің бастауы – буллинг

«Тəрбие – талбесіктен» деген дана халқымыз бала тəрбиесіне жауапты алдымен ата-анасы екенін айтады. Алайда, бала білім алған ортаның, яғни мектепте тəлім беретін ұстаздың да ролі зор. Білім беру мекемелерінде кəмелетке толмағандарға педагогикалық — психологиялық көмек көрсету іс-шаралар жоспары жасақталып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен, ұстаздарды да жүйелі түрдегі зорлық-зомбылық, айдап салу мен буллинг мəселесі алаңдатып отыр.

– Буллингтің алдын алуда психологиялық қызмет үлкен роль атқарады. Балаларға, ата-аналарға, педагогтарға кең ауқымды мəселелер бойынша, соның ішінде даулы жағдайларды шешу, зорлық-зомбылықтан сақтану жəне оған ден қою мəселелері бойынша педагог-психологтар кеңес беруде. Осы педагогтар мен педагог-психологтар үшін əртүрлі тақырыптар төңірегінде іс-шаралар өтіп келеді. «Мектеп инспекторының жас көмекшісі» клубтары, «Мектеп / студенттік парламент» қоғамдық ұйымдары жұмыс жасайды, — деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Э.Тұңғатарова.

Қазіргі бала тəрбиесінде басты роль атқарып отырған басты фактордың бірі – əлеуметтік желі. Үлкен де, кіші де таңнан кешке дейін қолындағы телефонына телміріп, жанына бар қажеттіні содан алатын болды. Бəлкім жөн шығар, бірақ адамдардың басым көпшілігінің ондағы ақпараттың бəрін дұрыс деп санайтыны. Мамандардың айтуынша, əлеуметтік желінің бала психологиясына əсер ететін пайдалы жағы бар. Бірақ, пайдасыз тұсы да жетіп артылады. Пайдалы жағы – балаға ақпаратты дер кезінде алуға көмектеседі. Яғни, баланы ізденімпаздыққа үйретсе, пайдасызы – баланың өз уақытын тиімді пайдалана алмауына дағдыландырады. Бұл жағдайда ең бірінші ата-ана баланың əлеуметтік желіде отыру уақытын шектей білуі керек. Олай жасамаса, бала ата-анасынан гөрі, қолындағы телефонның «ақылына» көбірек жүгінеді. Ішіндегі зиянды да зиянсыз əрекеттерді 100 пайыз бойына сіңіріп алады.

Психолог не дейді?

Психолог мамандар əлі өсіп-жетілмеген жап-жас балалардың қатыгездікке, қылмыстың əрекеттерге баруына бей-жай қарауға болмайтынын айтады.

– Жасөспірімдердің қылмысқа баруы – жантүршігерлік жағдай. Осы тұста «Ата-анадан өсіп талай ұрпақ тараған, олардың жақсы-жаман болуы – солардан» деген Жүсіп Баласұғынның сөзі ойға оралады. Бұл мəселеде кінəні алыстан емес, ата-анадан іздеу керек. Баланың бұзылуының басты себебі ата-ана тəрбиесінде жатыр. Бала үйіндегі ата-анасының немесе ересек адамдардың ісін қайталағанды жөн санайды. Мұны халқымыз «көз көргенін, көсеу түрткенін біледі» дейді. Сондықтан, ата-аналардың қоғам алдындағы жауапкершілігі, бала тəрбиесі, білімі, мəдениеті, денсаулығы жалпы олардың дамуы жөнінде міндетін толық сезінетіндей дəрежеге жеткізу керек. Ал, өз міндетін түсінбейтін ата-аналарды тəрбиелейтін біз емес, еліміздің заңдары, — дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы Лəззат Мажитова. Тəжірибелі психолог жанұяда əкесімен ұлы, анасымен қызы көбірек сөйлесіп, бір-біріне көңіл бөліп, сырласуы керектігін айтып, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін əке-шешенің əрбір іс-əрекеті маңызды екенін ескертеді. «Ата-аналар əсіресе, балаға телефон, интернет қолдану мəдениетін қалыптастыруы керек. Ересектердің бақылауынсыз жүрген балалар қолындағы телефоны, ондағы қолжетімді интернетінің салдарынан небір зұлымдыққа, қатыгездікке толы əдепсіз көріністерді көріп, соны санасына түюде. Бұл санасы жетіліп, бұғанасы бекімеген баланың психологиясына кері əсерін тигізеді. Мұндай қауіп-қатердің алдын алып, бала тəрбиесінде бейқам болмағыңыз келсе өзіміздің ұлттық тəрбиемізді ұрпағымыздың бойына дарытыңыз. Өйткені, ұлтымыздың тəрбиесінде адамгершілік, мейірімділік, бауырмалдылық қасиеттерді дарытатын құндылықтар мол» дейді маман.

Бала – Алланың аманаты

Мамандар қоғамда жантүршігерлік оқиғалардың көбейіп кетуін, яғни мəселенің түпкі негізі отбасылық тəрбиеде жатқанын, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін əке-шешенің əрбір іс-əрекеті маңызды екенін айтады. Үйде үнемі ұрыс-керіс болса, балалардың бір-біріне сүйіспеншілігі, құрметі туралы айту артық болмақ. Ата-анасынан жəбір көрген бала алдымен бауырларын, кейін сырттағы əлі жететіндерді жəбірлеп, есейгенде қанды қылмысқа да барады. Ал, қазақтың ұлттық тəрбиесі о бастан «судың да сұрауы бар» екенін айтып, адамдарды өзгеге қылдай қиянат жасамауға шақырады емес пе? Халқымыз əкені асқар тауға теңеп, «əкенің баласына жақсы тəрбиеден артық берер сыйлығы болмас» дейді… Дəстүрлі дініміз де солай, адамгершілікке, тазалыққа, адалдыққа үндейді. Имамдар Пайғамбарымыз (с.а.с.) балаларға өте сүйіспеншілікпен қарағанын айтады. Яғни, «баланың Алланың адамға берген аманаты, сондықтан əр ата-ана баласын көзінің қарашығындай қорғап, дұрыс тəрбие беруі керек» деген пікірде.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

img 0739

*Сіз не дейсіз?

Облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы:

– Ислам дінінде баланы дұрыс тəрибелеуге зор көңіл бөлінеді. Дініміз ұл мен қызды өз табиғатына сай істерге жастайынан үйретуге, еңбекқорлыққа, тазалыққа, дене шынықтыруға жəне адамгершілік пен əдепке баулуға ерекше мəн береді. Дұрыс қоғам құру жасөспірім кезден алған тəрбиеге байланысты. Бұл тұрғыда ата-ана көбірек сауатты болып, өздері де бірінші кезекте үлгі көрсете білуі қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) балаларды райхан гүліне ұқсатып, ал иісін жаннаттың иісіне теңеген. Бір күні немерелері Хасан мен Хүсейінді арқалаған күйде мешітке кіреді. Жамағатқа намаз оқыту үшін орнына барып тұрады да балаларды оң жағына отырғызады. Алла расулы сəждеге барған кезде сəждені ұзақ жасайды. Намаз біткен соң халық: «Уа, расулалла, намазда сəждені көбірек создыңыз. Мұндай сəждені бұрын-соңды көрмеген едік. Бұл Алла Тағаланың əмірі ме?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл Алланың əмірі емес. Немерем арқама мініп алды. Өзі түскенге дейін күткенді дұрыс көрдім» деп жауап береді (Мүстəдрак, 3/165-166). …Тағы бірде немересі Хасанды еркелетіп, сүйгіштеп отырғанда, қасына келген Ақра ибн Хабис: «Менің он балам бар, ешқайсысын əлі күнге басынан сипап, маңдайынан сүйген емеспін» дейді таңданып. Сонда Пайғамбарымыз: «Сен басқаларға мейірімділік танытпасаң, Алла да саған мейірімділік көрсетпейді» деп жауап қатады (Əбу Дəуіт, Əдаб 156.).

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button