ЖОЛАҚЫ ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

Бейсенбіде Орталық Коммуникациялар Қызметінде  «Қазақстан темір жолы» ҰК «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Ермек Төлегенов пен «Эйр Астана» авиакомпаниясының тете-президенті Ербол Оспановтың қатысуымен кезекті брифинг өтті.

- Теңгенің жаңа бағамы темір жол билеттерінің құнына ешқандай әсер етпейді. Біз мемлекет пен қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігімізді толықтай сезінеміз. Сол себепті де қазіргі жағдайға байланысты осыған дейін қолданылып келген тарифтерімізді, яғни темір жол көлігімен жолаушыларды тасымалдау қызметтерінің бағасын қайта қарап, қандай да бір өзгерістер енгізуге ниетті емеспіз, - деді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін өткізілген брифингте акционерлік қоғамның басшысы Ермек Нақыпбекұлы.

 

Тек өткен жылдың өзінде кәсіпорын қызметін 20 миллионнан астам адам пайдаланған. Ал, биылғы бір айда 1 млн. 165 мың жолаушыға қызмет көрсетіліп, бұл көрсеткіш 2013 жылдың сәйкесті кезеңіндегімен салыстырғанда 600-ге өсіп отыр. Және бір білгеніміз, қолданыстағы билеттердің құны немесе тасымалдау тарифтері көршілес Ресей Федерациясындағыдан 3-3,5, сол сияқты Украинадағыдан 1,5-2 көлемінде төмен.

– Әрине, валюта бағамындағы өзгерістердің басқа салалардағы тәрізді жолаушы тасымалымен айналысатын авиакәсіпорындардың қызметіне, атап айтқанда қаржылық ахуалына ықпалын тигізері кәміл, – деді брифингте екінші болып, сөз кезегін еншілеген «Эйр Астана» компаниясы басшысының орынбасары Ербол Оспанов. – Өйткені, біздегі жол билеттерінің сатылуы 70 %-ға дейін теңгемен жүргізіледі. Ал, шығындарымыздың 65 %-ы доллармен есептелінеді. Соның өзінде де, жүктелген әлеуметтік жауапкершілігімізді терең түсінгендіктен ешқандай қосымша шара алуды ойластырған жоқпыз. Ел ішіндегі авиарейстердің бағасы өзгеріссіз қалдырылады. Жасыратыны жоқ, халықаралық қатынастардағы қызмет көрсету құны әнебір қымбатсып кетпегенімен, автоматты түрде (7-10 % шамасында) өсірілді.

Мәселенің мән-жайын осылайша тәптіштеп жеткізген авиакомпания өкілі соған қарамастан, Астана-Мәскеу, Алматы-Мәскеу, Астана-Стамбул және Алматы-Стамбул бағыттарына қатысты мұндай үстемелердің қолданылмағандығын мәлімдеді. Және бір айтылғаны, осыдан он жылдан астам уақыт бұрын (2002 жылы) құрылған «Эйр Астана» содан бергі мезгілде өз тарифтерін бірде-бір рет өзгертпеген.

Дәулетқали АРУЕВ.       

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз