Жастар қызығып отыр
Ағартушы-педагог Мағжан Жұмабаев: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы» деген еді. Ал, жазуымыздың латын әліпбиіне көшуі өте дер кезінде қозғалған бастаманың бірі деп едім. Өйткені, тарихтан белгілісі, бұған дейін де қазақ халқы латын қарпін қолданды.
Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне орай С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде филологиялық пәндер бірлестігінің оқытушылары латын әліпбиінің тиімділігі, жаңа реформаның жаңалығы хақында «Латын әліпбиіне көшу – рухани тәуелсіздікке жасалған қадам» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. «Парасат алаңы» телебағдарламасының форматында өткен шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Атырау аграрлы-техникалық колледжінің ІТ мамандары мен ардагер ұстаздары, студенттері қатысты.
Қатысушылар «Айтарым бар», «Еркін микрофон», «Ой сергіту» және «Тобықтай түйін» кезеңдері бойынша латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын сөз етті. Байқағанымыз, студенттердің бастамаға деген қызығушылығы жоғары болды. Ғылымның әр саласына қабілетті, талапты жастардың өсіп келе жатқанына риза болдық.
Елбасы айтқандай, «…Кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу – бұл табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі».
«Қазақстанның үшінші жаңғыруында көрсетілген латын әліпбиін қолдау және сапалы насихат жүргізу – табысты ел болуға жасалған нақты қадамның бірі» деп тарқастық.
Баян ҚҰРМАШЕВА,
колледж оқытушысы.