ЖАСТАР – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Жиын барысында аталмыш филиалдың 2014 жылы атқарған жұмыстары туралы атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықов баяндады.
— Жастармен, соның ішінде, ауыл жастарымен жұмыс жасауда «Жас Отан» жастар қанаты үлкен істер тындырып жатқанына халық куә.
— Қазіргі уақытта «Жас Отан» жастар қанаты еліміз бойынша негізгі үш жобаның төңірегінде жастармен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Олар – «Жастар – Отанға!», «Сәтті қадам», «Жастар кадрлық резерві» жобалары. Сонымен қатар, жасотандықтар «Саламатты ұрпақ», «Таза мекен», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Кел, жастар, оқылық!», «Еркін пікір» және басқа да жобалар бойынша жұмыс жүргізуде.
«Жастар – Отанға!» жобасының аясында облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұ-хамбетовтың қолдауымен қаладағы ауыл жастарының ең көп шоғырланған «Дина» сауда орталығынан арнайы «Кеңес орталығы» ашылып, биылғы жылдың қаңтар айынан бері келушілерге қызмет көрсетіп келеді. Осы уақытқа дейін «Кеңес орталығына» 500-ге жуық адам келіп өздеріне керек мәліметтерді алса, оның ішінде екі жас маман орталықтың бағыт сілтеуімен тұрақты жұмысқа орналасты, алты жас «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы арнайы оқудан өтіп, сертификаттарға ие болды, — деді Асқар Бопылдықов.
– «Жастардың өмірдің әлеуметтік баспалдақтарынан абыройлы өтуі үшін не істеу керек?» деген сұрақ туындайтын болса, — деді конференцияға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, — бұл сұраққа жауап ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Білім алыңыздар, жұмыс жасаңыздар және отбасын құрыңыздар» деп шегелеп атап өтті. Білім алудың маңызы өте зор. Сондықтан, алған білімнің шыңына шығу керек. Көп жерде жұмысқа орналасу мүмкіндігі де аз болады. Өйткені, жұмыс берушілер көп ретте тәжірибелі мамандарға сұраныс береді. Алайда, бұл мүмкіндікті шешу үшін мемлекет тарапынан бірнеше бағдарламалар қабылдануда. Ең бастысы, сұранысқа сай мамандықтарды меңгерген жөн.
Соңғы екі жыл ішінде «Жас Отан» жастар қанатының конференцияларында облыс әкіміне жастар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылған болатын. Соның бірқатары орындалды. Атап айтсақ, «Жас отау» бағдарламасы бойынша жас отбасыларға арналып салынған тұрғын үй жаңа жылдың басында берілетін болады.
— Мемлекеттік «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша 234 жас отбасы тұрғын үйге ие болды. Аталмыш бағдарламаға жастар категориясының қосылғанына да көп уақыт өткен жоқ. Сондықтан, бұл да – жастарды әлеуметтік қолдау мақсатында жасалып жатқан игі жұмыстың бірі. Жастардың қоғамдық көлік-терде жүруіне 50 пайыз жеңілдік жасалған болатын. Келесі жылы бұл қолдау жалғасатын болады. Бұған қоса, жаңадан салынған үйлердің цокольды қабаттары алдағы уақытта жастарға, мүгедектерге түрлі үйірмелер ашуға және басқа да іс-шаралар өткізуге берілетін болады. Жастар және оқушылар сарайының құрылысы да келер жылы басталмақшы, — деп облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы облыста жастарды жан-жақты қолдауға бағытталып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
Конференция соңы салтанатты марапаттау рәсіміне ұласты. «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатына Елбасы жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыруға қолдау білдіріп, жастар тарапынан болатын игі бастамаларға әрдайым түсіністікпен қарап, облыстағы жастар саясатының дамуына белсенді атсалысып жүрген бірқатар мекемелер басшыларына партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан Алғыс хат тапсырылды.
А.СОЦИАЛҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.