«ЖАСОТАНДЫҚТАР» ӘРҚАШАН ДА ЖІГЕРЛІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келешегіміз кемел болу үшін жастарға үлкен жауапкершілік жүктеп, зор міндеттер артып келеді. Елбасының бұл тапсырмасын орындауда атыраулық жасотандықтар да үлес қосуда. Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты Атырау қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен мәжіліс барысында талқыланды.

Жас буын арасында айтыс өнерін дамыту – «жасотандықтардың» басты бағыттарының бірі. Бұл жөнінде партияның қалалық филиалының кеңесшісі Мақсот Ислат баяндап, «биылғы жылы ұйымдастырылатын шаралардың ауқымын кеңейтіп, оқу орындары бұған аса мән беру керек» деді.
«Жасотандықтар» өткен жылы қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. Осы орайда «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Ғилажев «Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмысына тоқталды. Ол өткен жылы жүргізілген жұмыстар жөнінде, оның ішіндегі нәтижелі көрсеткіштері мен олқылықтарды айтты.
«Атырау студенттері Альянсы» корпоративтік қорының көшбасшысы Әсел Серікова «жасотандықтардың» жұмысын күшейту және мүшелікке жаңа белсенді жастарды тарту жөнінде ұсыныс білдірді.
Одан әрі жастар арасындағы көңілді тапқырлар ойындары жөнінде сөз болды. Осы орайда «Жас Отан» жастар қанаты Атырау филиалының хатшысы Асхат Қалауов «Көңілді тапқырлар қозғалысын» жүйелі дамыту, облыстық, республикалық маусым ойындарына дайындық мәселелерін сөз етті.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз