БІР АУЫЛДЫҢ «КІНДІК ШЕШЕСІ»

Бүгінде зейнеткерлікке шығып, ұл-қызын тегіс аяқтандырып, немере-шөбересінің қызығына бөленіп отырған Клара Айтекенова апай қанша нәрестенің кіндік шешесі болғанын өзі де тап басып айта алмас еді. Ал, бұл кісінің қолынан өмірге «жолдама» алған ұл-қыздар кейін үйлену тойларына шақырып, қуанышымен бөлісіп жатқаны.

1941 жылғы маусымның 16-сында дүниеге келген тәжірибелі фельдшер-акушер жыл сайын туған күні мен кәсіби мейрамын қатар тойлайды. Әйтсе де, оның шыр етіп жерге түскен сәті Ұлы Отан соғысының басталуымен тұспа-тұс келіп еді. Майданға аттанған әкесі Мұқанғали тұңғышын көрмеген күйі хабар-ошарсыз кетті. Соңғы рет 1943 жылы хат келді, «Ертең – Мәскеу шайқасы» деп жазыпты… Анасы Сәнім бірбеткей, қажырлы жан еді. Соғыс біткесін де сөз салып, құда түспек болғандардың көптігіне қарамай, отағасының отын өшірмей сақтауға белді бекем буды.

Асыл ананың көзінің ағы мен қарасындай қызына артқан үкілі үміті мен арман-мұратын Клара ақтауға тырысып бақты. Махамбет ауданы Сарытоғай ауылындағы орта мектепті бітірген соң Гурьев медициналық училищесіне оқуға түсті. Фельдшер-акушерлікке жоғары балмен қабылданатын. Мектепті үздік бітіргенінің осы арада пайдасы тиді. Жауапты һәм күрделі мамандықты игеріп кету оңай емес. Ауыл баласы орысша мен латыншаға «сықиып» тұрған медицина тіліне де қиналып қалғандай. Айналып келгенде, факультетке 36 бала оқуға түссе, оның 24-і оқуын бітіріп, төртеуі ғана акушер атанып шықты. «Алғаш практикадан  Құлсары ауруханасында өттім. Сол күні менің кезекшілігіме қабылданған келіншек егіз босанды. Кезекші дәрігермен бірге қабылдап алдық. Аса абыржып, асып-сасқан жоқпын. Бірінші рет басымнан өткергесін бе, сол сәбилер есімде жатталып қалды» деп еске алады.

Клара Айтекенованың еңбек жолы Индер ауданы «Қостан» учаскесінде басталды. Бұл аудан орталығынан шалғайдағы малшылар ауылы еді. Малшы әйелдері кейде үйлерінен босанады. Оларға пәлен шақырым жер жүріп барудың қиындығын басынан өткерген адам ғана білер еді. Екі рет санитарлық авиация шақырған жағдай болды.

Әйелдерді ана бақытын сыйлауға атсалыса жүріп, Клара Жанғали Көшқалиев есімді азаматқа тұрмысқа шығып, өмірге үш ұл, қыз әкелді. Аяулы ененің қолында абыройлы келін атанып, үлкен кісіге уақыт болғанда арулап аттандырды. Әжесінің бауырында өскен «қайнысы» Саламаттың бұған жеңгесіндей еркелеп, фамилиясымен атайтыны қызық-ақ. Әсте әйел адамға үй мен түзді қатар ұстау оңай емес. Өзінің де фельдшерлік білімі бар жолдасы Клараның күндіз-түні үзілмейтін жұмысына түсіністікпен қарады. Толғағы қысқан әйелді босандырып алуға шақырғанда жасап жатқан жұмысын қоя салып, емханаға асығып кететін. Үй-ішіне қонақтар келіп жатқанда да  кетіп қалған кездері болды. Екі бірдей адамның өмірін аман сақтап қалудан қымбат не бар?! Кейін Жанғали ағамыздың қос қызы Орынгүл мен Гүлнәзия аналарының жолын қуып, фельдшерлік мамандықты меңгерді. Орынгүл – бүгінде құқық қорғау органында қызмет атқарады. Клара апа – кенже ұлы Ерболаттың қолында.

…Бертін келе бұл отбасы Сарайшықта соғыста хабарсыз кеткен күйеуінің шаңырағын сақтап отырған Клараның анасын қолдарына алды. Жайықтың асау толқыны үйін шайып, қауіп төндіргенде Сәнім апа амалсыздан көшуге келісім берген-ді. Ал, зейнеткерлікке шыққаннан кейін біздің кейіпкеріміз көптен ниеттеніп жүрген ісіне бел байлап, имандылық жолын ұстануға көшті. «Бес уақыт намазға жығылып, исламның шарттарын ұстану қай кезден ойымда жүрді. Бірақ, жұмысбасты болып жүргесін жолдасым көзі тірісінде рұқсат ете қоймаған еді. Ал, әйел баласына алдымен отағасының келісімін алу – міндет» дейді ол. Клара апаның әкесінің туған ағасы Мұханбет Айтекенов кезінде белгілі молда болған кісі екен. Сондықтан да, Кеңес үкіметінен қуғын көріп, ұзақ жылдардан кейін ақталған.

Клара Айтекенованың еңбегі еленіп, лайықты бағасын алып отырды. 1980-1988 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасы өткізген аттестацияда «бірінші акушер» біліктілік категориясына ие болды. Сайыстарда «Үздік акушер» атағын иеленіп, «Коммунистік еңбек екпіндісі» белгісімен, Алғыс хаттары мен мақтау грамоталарымен марапатталды. Қазіргі күні ұрпағының қызығын көріп, он бес немере-шөберенің бал тілі мен тәтті қызығына бөленіп отырған ақ халатты абзал жанның өмірде де, еңбекте те өз жолын жаңылмай тауып, батамен көгерген бақытты жан екеніне шек жоқ.

Құралай Қуатова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз