Балаларда «телефон ауруы» белең алған-дефектолог маман

sss Жаңалықтар

Телефонға көп қарау баланың ойлау қабілетінің тежелуіне әкеліп соғады. Біртіндеп қоғам өміріне деген қызығушылығы мүлдем жойылады. Біз бұдан баланың дамуына ақпараттық технологияның жедел дамуының да кері әсері барына анық көз жеткіземіз. Сақау балалар санының көбеюі – қоғам дамуымен ілесе келген дерттің бірі. Сондықтан, қазір ата-ана бұл қауіптің дереу алдын алуы тиіс.

Осы бағытта әңгіме өрбіткен «DAMU» коррекциялық дамыту орталығының жетекшісі, дефектолог Әлия Зайнеденова да «цифрлық аутизм» балалардың отбасы мүшелерімен байланыстың жоқтығынан туындап отырған дерттің түрі екенін айтады.

– Қазір мүмкіндігі шектеулі балалар саны көбейіп барады. Соның ішінде тілі шықпайтын балалар өте көп. Оның нақты себебін ешкім де айта алмайды. Менің ойымша, басты мәселелердің бірі – экологияның нашарлауы, дәрігерлердің төмен деңгейде қызмет көрсетуі, ата-ананың баласының саулығындағы кінәратты айтып, дер кезінде дабыл қақпауы. Баласының сау болуын ойлаған ата-ана ең алдымен жүктілікке дейін барлық тексеруден толық өтіп, болашақ ана өзін күтінуі тиіс. Қалыпты жағдайдағы сәби бір жасқа дейін 5-10 сөз, жас жарымда 2 сөзден құралған қысқа сөйлемдер, ал 2-2,5 жаста баланың тілі тастай болуы керек. Десек те, қазіргі балалардың дамуы бұл нормадан әлдеқайда кеш қалған. Алғашқы сөзді 1,5 жаста, қысқа сөйлемді айтуын 2-2,5 жаста, ал 3-4 жаста түсінуге болатындай деңгейде, – деді маман.

Сонымен қатар ол үлкендердің үнемі телефонмен отырып, балаға көңіл бөлуден қалып бара жатқанын ашық айтты. «Телефон адамның «он үшінші» мүшесіне айналып кетті. Таңның атысынан басы көпшікке тигенге дейін телефонды тастамаған соң бала да «не бар екен сонша кіп-кішкентай затта» деп қызығушылық танытады. Сөйтіп, ол да гаджетке әуес бола бастайды. Телефон бермесе шалқалап жылап шатақ шығарады. Баладан талап етпей жатып, әуелі үйдегі ересек адамның өзі осы талапты орындауы тиіс, – деді ол.

Дефектолог егер баланы толықтай дамытқыңыз келсе, баланың көзінше ұялы телефон ұстамау және оған телефонды мүлде бермеу, теледидар көрсеткен күннің өзінде шектеулі уақытпен қазақтілді мультфильмдер қою, баламен бірге сөйлеп отырып ойын ойнау, баланың жалпы моторикасын дамытып, эмоциясын шығару үшін таза ауада көбірек серуендетіп, балабақша мен ойын-сауық кешендеріне апару қажеттігін қаперге берді.

Маман егер балаңыздың жасы 2,5 жасқа келіп, сөйлеуі кешеуілдесе «дабыл қағу» қажеттігін де айтты. Алдымен баланы невропатолог тексеріп, сосын логопед-дефектолог жұмыс істейтінін түсіндірді. Қазақылыққа салынып, «әкесіне тартқан» немесе «ағасының да тілі жай шықты» деп жүре беру баланы одан әрі құрдымға кетіретінін де қатаң ескертті.

– Сөйлеу тілін дамыту үшін баламен жиі сөйлесу керек. Қандай іс-әрекет жасағанын, қандай затты ұстағанын сұрап, айналамен таныстыру қажет. Себебі, бала «губка» секілді барлығын бойына сіңіреді. Ең алғашқы сөздер еліктеу дыбыстарынан басталады. Жануарлардың дауысын салып, оны ойыншықпен бірге көрсетсе, балада есту және көру арқылы қабылдауымен қоса есте сақтау қабілеті де дамиды. Ата-ананың басты қателігі – баласымен баланың былдырлаған тілінде сөйлесуі. Бала қате айтса, оның сөзіне еміреніп, түзетудің орнына сол тілді қызықтайды. Олай жасау түбегейлі қате. Дұрыс сөйлесін десеңіз, балаға дұрысын айтыңыз. Қыз балалар ширақ әрі пысық болған соң тез сөйлеп кетеді, 2-2,5 жаста ересек адам түсінетіндей сөйлейді, ал ер балалар сәл кештеу дамиды. Қазір ұлдардың тілі 3,5-4 жасқа таяп шығады. Егер балаңыздың жасы 2,5 жасқа келгенде сөйлей бастаса қарап қалмаңыз, – деді Әлия Нұрланқызы.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, Атырау облысында 7 мыңға жуық ерекше білімді қажет ететін бала бар. Сөйлеу тілі бұзылған балаларға арналған бір арнайы балабақша мен жалпы білім беретін 189 мектепте инклюзивті түрде 1284 оқушы білім алады. Ал, оларға 100-ге жуық дефектолог, 51 логопед және 95 педагог-ассистент қызмет етеді. Дегенмен, жалпы білім беретін мектептерде дефектолог, логопед, педагог-ассистент мамандар әлі де жеткіліксіз.

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз