ЖАРЫС АЛАҢЫНДА – МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен «Дәрігерлер мен мейірбикелердің ұраны – сергек, көңілді, дені сау болу» девизімен Балықшы кентіндегі «Судоремонтник» кешенінде  спартакиада  өтті. Спорттық додаға қала, аудандардан 24 емдеу-сауықтыру мекемелерінің командалары қатынасты.

 

Жарысқа қатысушыларды облыстық  денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дина Камелова, облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ Зинуллин және медицина қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Нұртан Сәрсенова құттықтап, жылы лебіздерін  білдірді.

Спартакиадаға қатысушылар  спорттың бірнеше түрінен, атап айтқанда: үстел теннисі, футбол, волейбол, арқан тарту, жүгіруден өзара сайысқа түсіп, бақ сынасты. Жарыс қорытындысында жүзден жүйрік шыққандар аз болмады. Олардың арасында дәрігерлер Дина Айдарбекова, Сағынбай Жұмақұлов (Исатай аудандық орталық ауруханасы), Баубек Оңдасынов (Мақат аудандық орталық ауруханасы), Анаргүл Балмұханова, Марат Жанханов (Құрманғазы аудандық орталық ауруханасы)  А.Есмурзин (облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері), Азамат Бүкенбаев («Смағұл-Дент»), Айнагүл Бақтыхожина (№4 қалалық емханасы) жеңімпаздар атанды.

Жалпы командалар бойынша 1-орынды Атырау қалалық медициналық жедел жәрдем стансасы, 2-орынды Исатай аудандық орталық ауруханасы, 3-орынды Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының командалары   еншіледі.

Спартакиада соңында жүлдегерлер дипломдар, естелік сыйлықтар, кубоктар, медальдармен  марапатталды.

                        Ғ.ИСАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз