Жарнама
Қоғам

Атырау ардақтысын еске алды

«Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дегендей, соңынан өнегелі іс қалдырып, белгілі бір саланы мықты меңгеріп, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары естен кетпейтін адамдар аз емес. 

Бірақ солардың арасында болмысымен ерекшеленіп, тұлғалық келбетімен ел жадында қалатын бірден-бір адам осы Серік Жаниязов болатын.

Атыраудың ардақты перзенті, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордені мен «Айбынды еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері Серік Жастаубайұлының туғанына 90 жыл толуына орай «Атырау ардақтысы» атты еске алу кеші өтті. Облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған тағылымды шара Атыраудың ардақты есімін ұлықтауға арналды. Шараға Серік Жастаубайұлының жары Мағайша апай мен ұрпақтары, көзін көрген замандастары мен тәлімін алған ізбасарлары қатысты.

248b2d90 6484 43b2 98d1 ce17b998d013

Ғибратты ғұмыр иесі

Расында, Серік Жастаубайұлы өмірден өтсе де, туған жері үшін аянбай еңбек еткен, тұғыры биік, нар тұлға, кісілік пен кішіліктің тізгінін тең ұстаған абзал азаматтың өмір жолы ұмытылмақ емес… Серік ағамыз Ескенеде туып-өсіп, сегізжылдық білімнен кейін Гурьевтің мұнай техникумынан техник-механик мамандығы алып шығады. Жігерлі жас Байшонас мұнай кәсіпшілігінде еңбек жолын бастап, бас-аяғы екі жылда 7-разрядты машинистке дейін көтерілді. Өндірісте шыңдалып, еңбекпен есейген жігіт 1954 жылдың  қазанында Отан алдындағы  азаматтық борышын өтеуге аттанады.

Әскерде атақты «Т-34» танктің атқышы, бронды  машина экипажының командирі дәрежесіне жетіп, үш жылдық азаматтық борышын ойдағыдай өткерген С.Жаниязов туған жерге аға сержант шенімен оралды.

04fe0b98 ca97 40c8 a98f cba92cde5be6

Жоғары білім алу арманын арқалаған жас жігіт Ташкент политехникалық институтының механика факультетіне оқуға түседі. Оқуда озат студент қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, саяси сауатымен толысқан жігіт бір жылдан соң институт парткомінің шешімі бойынша партия мүшелігіне қабылданды.

Кештің шымылдығы мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаевтың кіріспе сөзімен ашылды.

–Ғибратты ғұмыр иесі – Серік Жастаубайұлының өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге саналады. Елі мен жері үшін тынбай тер төгіп, өңірдің ілгері дамуына аянбай қызмет жасаған азамат биік адами болмысымен көптің құрметіне бөленген ел ағасы ретінде есте қалды. Бүгін көптің көз алдында өткен ғибратты ғұмырын еске алып, жасаған жақсылықтары мен жете алмай кеткен армандары туралы естелік айтып қана көңіл жұбатамыз, — деді Есен Тасқынбайұлы.

Естеліктер сөйлесін…

Серік Жастаубайұлының өмірбаянына көз салсақ, автокөлік инженері мамандығын алған соң, бұл салада адам нанғысыз карьера жасағанына көз жеткіземіз. Иә, инженер-механик мамандығы бойынша дипломмен ауылға оралған жас балаң жігіт автомобиль шаруашылығындағы қызметін Құлсары автобазасында көлік жөндеу цехында бастайды. Ал, жарты жылдан соң шеберхана бастығына жоғарылайды. Жұмыстағы іскерлігімен және ұйымдастырушылық талантымен танылған жігерлі маман, әуелі Доссор автобазасы директорлығы, содан соң отызға да толмаған жас жігіт Гурьев өндірістік автотрест басқармасы бастығының орынбасары  лауазымдық қызметінде шыңдалады. Қарым-қабілеті мен бойына біткен дарындылығы оны талай биіктерге көтереді. Басқарушы билік зейінді, талантты азаматтың бойындағы орасан зор күш-қуат пен зор әлеуетті байқап, келесі жоғары лауазым – Гурьев облыстық автотрест мекемесін басқаруға жолдама береді.  Серік ағамыздың тұғырлы-тұлғалық қасиеттері жауапты да қиын саланы басқарған он төрт жылда анық көрінеді.

Бұл қызметте де Серік Жастаубайұлы абыройлы болып, жүк тасымалы қуаттын арттыру, автоцехтарды электрлендіру, саланы техникалық жарақтандыру, диспетчерлік орталықтандыру, тағыда басқа автокөлік қызметінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.

Осы жылдары оның қолға алған талай тың бастамаларына, жеңістері мен жемісті істеріне облыс жұртшылығы куә болды. Атап айтқанда, облыс орталығында замануи «Автоколонна 2553», «АвтоТЭП», «АТП», «Таксопарк», «Автобус паркі» ғимараттары мен бақылау пункттері іске қосылды.

Тағылымды шарада Атырау облысының Құрметті азаматы Нұрпейіс Мақашев Серік Жастаубайұлымен үзеңгілес жұмыс істегенін еске алды.

–Сәкеңнің дария ғұмыры елге үлгі, жастарға ғибрат болатын өмір. Ол өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, үлкен ұжымды қажырлы еңбекке жұмылдыра білді. Оның сөзі мен ісінде алшақтық болған жоқ. Сәкеңнің тынымсыз еңбегінің арқасында облыстың автокөлік жүйесі жыл сайын өркендеп, Индер, Құлсары, Ганюшкино, Миялы, Аққыстау автомекемелері құрылып, елдің еңсесі көтеріліп қалды, — деп өткенді сағынышпен еске алды ардагер.

Сондай-ақ Атырау облысының Құрметті азаматы, сол кезде Гурьев қалалық партия комитетінің хатшысы, Гурьев облыстық кәсіподақтар федерациясының төрайымы Мәдина Ғабдісәлімқызы, бұрынғы Гурьев ет комбинаты кәсіподақ комитетінің төрағасы Жолдасқали Туғанов, облыстық автокөлік басқармасы басшысының орынбасары Бағыт Меңдешев өмір жолы ұрпағына мұра болған ел ардақтысын әңгімелеріне арқау етті.

Ал,  бұрынғы «АвтоТЭП» мекемесінің директоры Сағи Данабаев сол заманда жүк және жолаушы тасымалы ауқымды жұмыс атқарғанын тілге тиек етті.

–Серік Жастаубайұлы қатаң тәртіптің адам еді. Ол өзінің қызметіне адал, әрі талапшыл болатын. Қазақша әсірелеп айтқанда «Күркіреуі күшті де, бірақ, жауары жоқ» жан еді. Оның біреуге өтірік айтқанын, уәдесін орындамағанын, жамандық жасағанын, аяғынан шалғанын естіген де, көрген де емеспін. Ағамыздың жұмыс стилі, адамдармен сөйлесуі, адамгершілік қасиеті, жұмыстағы турашылдығы, қарамағандағыларға орынды талап қоюы мен шыншылдығы –көптеген азаматтардың бойынан табыла бермейтін аса қажетті қасиеттер. Сәкеңмен бір салада ұзақ жыл қоян-қолтық жұмыс жасай жүріп, көп нәрсені үйреніп, тәжірибесі мен өнегесін өмірде пайдаланған жанның бірімін, — деп еске алды сала ардагері.

Ерен еңбек еленеді

Талай тағылымды шараға бастамашы болып жүрген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов ел ағасының елге сіңген еңбегі ерен екенін атап өтті.

–Бүгін Серік Жастаубайұлы сынды Атыраудың ардақты перзентіне тағзым ету күні. Көңілге қонымдысы сол, біртуар тұлғаны еске алу шарасында үш буын өкілінің бас қосуы дер едім. Қатысып отырған зиялы қауым өкілдері Серік ағамызбен үзеңгілес қызмет атқарса, орта буынға кіретін ізбасарлары ол кісінің тәлім-тәрбиеге толы өмір жолын көңілдеріне тоқып үлгерді. Осындай тағылымды шарадан үлгі алған жастар ертең елдің ертеңіне аянбай еңбек етеді. Бұдан былай осы үрдістің кейінгі буынға жалғасатынына кәміл сенімдімін. Атырау облыстық ардагерлер кеңесі ел ардақтыларын мадақтап, олардың есімдері мен өнегесін  паш ету ісін алға қарай да жалғастыра беретін болады, — деді Мұрат Сақтайұлы.

Иә, «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, Серік Жастаубайұлының ұлдары мен қыздарының бәрі де адал еңбекті серік етіп, ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. Атап айтқанда, Тұрлан мен Русланы Киевтің азаматтық авиация институтын, Ерланы Мәскеудің Бауман атындағы жоғары техникалық училищесін тәмамдаған. Ал, Асқар мен Айгүл – заңгер, Назгүл – тамақ өнеркәсібінің маманы болса, Алматының политехникалық институтын бітірген Айбар – бүгінде белгілі кәсіпкер.

Ізгілікті шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов Серік Жастаубайұлы Жаниязовты «Алып қыран» медалімен марапаттау туралы шешімді оқып, оны ұлы Айбарға табыстады. Сондай-ақ ардагерлер кеңесінің «Ардақты Ана» алтын төсбелгісі өңірінде жарқыраған Мағайша апай Серік Жастаубайұлының ағайынға сыйлы, досқа адал, жанұяға жайлы болғанын айта келіп, жан жары туралы жылы естеліктерін бөліскен барша қауымға аналық ақ алғысын жаудырды.

Еске алу кешіндегі қонақтардың сырлы әңгімесі сазды әуенмен үндесіп, белгілі әнші Медет Қарамырза мен күйші Жәнібек Жәменовтың жыр шашуымен өрнектелді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button