Жарнама
Қоғам

Жарты ғасыр жарық көрмей өткен жан

Бұдан 30-40 жыл бұрын екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандарды еңбек ұжымдары мен мектептердегі кездесулерге іріктеп шақырушы еді. Өйткені, ол кезде майдангерлер саны көп. Сол кездесулерде атақты Әбу (Сәрсенбаев) ақынның «Сен құрметте оны!..» деген шумақтары жиі оқылатын:

…Сен құрметте оны!

Түсіндің бе, қарағым?

Ол ақшаға сатқан жоқ,

Тізеден кесіп аяғын.

Еріккеннен ұстап та жүрген жоқ,

Қолтықтағы ұзын таяғын…

Осы жолдар оқылғанда нәп-нәзік жүрегімізде өзгеше бір сезім, әлде ішкі бұлқыныс па, әйтеуір теңіз тебіренгендей ерекше күй кешетінбіз. Сөйтсек, кешегі қан кешіп келген біздің аталарымыз бен әкелеріміз небір қиын азап шегіп, бейнетті күндерді бастан өткізген екен ғой…

Құм өресіндегі Тайсойған ауылы ол кезде шап-шағын ауыл еді. Үй саны 100-ге жетер-жетпес қана. Сонда тұратын Өрбісін атаны сол танапта танымайтын кісі кемде-кем, көрмесе де есімі естулі. Өйткені, перзенті қой ауруымен (рахит) ауырса қиғызу үшін, құмалақ аштырып, сынық салдыру үшін ел-жұрт жыл он екі ай Тайсойғанға ағылатын. Дін тақырыбын «жылы жауып» қойған өкімет те сол кезде Өрбісін атаның мұнысын көріп-білмегендей, қасиет иесінің өзі де оларға онша тәкаппарлық танытқан емес. Себебі, олар да басына іс түссе, Тайсойғандағы сынықшы атаны ат арытып іздеп келеді.

Алғашқылардың бірі болып Отан қорғауға алынып, сол қолының үш саусағын қырық бір жасында соғысқа беріп оралған Өрбісін қария 1901 жылы туып, сексеннің алтауына шығып бақилық сапарға аттанды. Елдің қадірлісіне айналған атаның тағы бір қасиеті – түйені аса қадірлеп, ерекше бағып-күтетін. Малсақтығы сол, қайып тұрған інгеннің маңынан балаларды қозыкөш жерге қуып тастап, өзі күзетіп жүргенін куә болғандар жырдай ғып айтады.

Ал, қарттың 1926 жылы Бақсай топырағында дүниеге келген ұлы Башыбай Қаржаубаев 1944 жылдың сәуірінде әскерге шақырылып, жылға жетпей-ақ суқараңғы зағип болып оралған. Ұрпақтарының айтуынша, Жайықтың бұқар бетін жағалап өскен балаң жігіт әйгілі қолбасшы, маршал Г.Жуковтың басшылығымен І-Беларусь майданына қарасты 334-атқыштар полкінің құрамында Берлин бағытындағы әскери операцияларға қатысып, 1944 жылдың соңына таман басынан ауыр жарақат алады. Ес-түссіз қалған қызыл әскер Башыбай Қаржаубаевты Сұлтан есімді қаруласы сүйемелдеп, госпиталге әкеледі. Дәрігерлер қанқұйлы жаудың оғы өрімдей сарбаздың сол жақ көзінің тамырын қиып, оң көзін ағызып түскенін айтыпты. Госпиталден суқараңғы болып шыққан жауынгерді офицерлер Бақсай ауданындағы аталас ағайынының үйіне жеткізген. Сонда жатып әл-қуат жинаған соң ғана өз ауылына, әке-шешесінің үйіне келеді.

Он сегізге қараған шағында «Ұлы Отан соғысының І топтағы мүгедегі – зағип» санаты тағайындалған майдангер оған да мойымайды. Тектегі қажыр-қайрат мұны да «соқыр екенмін» деп төсекке таңып тастамай, елдегі шаруашылыққа араластырған. Кейін елге белгілі Зімбіл ақынның ұрпағы Жібек Қожырбаевамен отау көтеріп, жеті-сегіз ұрпақ сүйген Башекең қарияның ұрпақтарынан да бүгінде немере-шөбере тарап жатыр.

Жабағы мен күзем уақытында Башыбай қария ауыл іргесіндегі Әлмұрат қырқым пунктінде жүн қаптап, Жібек анамыз аспаз болып жүрді. Айтуға оңай болғанмен, қойды қырыққаннан жүнді қаптау (престеу) қиын. Әуелі орауыш сымды жерге дәл қойып, оның үстіне кенеп қапты жаяды да, артық-кемі жоқ қос құшақ жүнді Башекең көсіп алып брезентке тастайды. Престелген жүн-қорапты таразыға тартқанда 117-120 килограмм шамасында шығады. Оған дау туғызу да мүмкін емес, өйткені ол осы өлшемге әбден дағдыланған.

«Башыбай қарт жүн өлшеп жатқанда оның маңына ешкім бармайтын. Себебі, оның қайраттылығы сонша, таразыдағы қорапты аяқпен теуіп жібергенде кездейсоқ дөп келген адамды құлатып, дөңкиіп жатқан текше жүндердің қасынан бір-ақ шығарады» деп еске алатын ауылдастары.

Осындай маусымдық шаруашылық жұмысынан басқа кезде үйінде болып, ұсталықпен айналысатын ол шағын шаруасын да шырқ үйіретін. Үйде отырып, көрші-көлемнің түсіп тұрған ас аяғының, шәйнек-самауырдың құлағын бүтіндейді. Қала берді, кәдімгі жылқының жіліншік сүйегін егеумен егеп, түйеге мұрындық дайындады. Башекең қарияның жасаған сүйек мұрындығына алыс-жақындағы малшылар да тапсырыс беріп жатады.

– Сүйектен жасалған мұрындық Ойсылқара тұқымының мұрнын ауыртпайды, қыста тоңдырмайды, жазда ысымайды. Бабы да келісті болады, — деп отыратын жарықтық.

Қарт дүние салғаннан кейін бұл өңірде сүйектен түйеге мұрындық жасайтын пенде де табылмады…

Қолы қалт еткенде, аула жаққа шығып, қамыстан маты тоқуды да әбден дағдыға айналдырған. Сонда мұның бәрін Башыбай атамыз ешқашан ақшаға бұлдап, бәс тіккен емес. Тек арнайы қолқа салып келгендердің ғана өтінішін орындап жүрді.

…1980 жылы Ұлы Жеңістің 35 жылдығы қарсаңында газет арқылы «Қайдасыңдар, қаруластар!» атты зор ауқымды шара ұйымдастырылып, ұрыс даласындағы өмірін бірге өткізген майдангерлер қандыкөйлек жолдастарын іздестіріп жатты. Сол кезде Башыбай жауынгер де майданда ауыр жараланған өзін дала госпиталіне әкеліп салған қаруласы Сұлтанды (ұрпақтары бұл кісінің толық тегін ұмытқан) тауып алады. Атыраудағы «Сауда орталығы» маңында тұратын қаруласының үйіне әкесін балалары бірнеше мәрте әкеліп те жүрген. Міне, І топтағы соғыс мүгедегі Башыбай Өрбісінұлы тек шаруа баққан момын адам ғана емес, осындай көкірегі ояу азамат-тұғын…

Елу бір жыл ғұмырын суқараңғы болып өткізген майдангер Башыбай Қаржаубаевтың соңғы демі 1995 жылдың 25 мамырында үзілді, бірақ бұйырған нәсібінен құр қалған жоқ. Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында мемлекеттен мүгедектерге арналған «Запорожец» көлігін де алды, басқа да марапаттарға ие болды. Ернін тұшытып ұрпақ сүйді, немеренің қызығына бөленді. Одан арғы ұрпақ қуанышын барлық саналы ғұмырын өзіне арнаған адал жары Жібек шешемізге аманаттап кетті. Отағасының барында Жібек әже де оның көңіліне еш қаяу түсірген жоқ. Көре қалған үлкендердің айтуынша, шешеміз қайынағаларының үйіне кіргенде шаңыраққа үш рет иіліп сәлем етіп жүріпті. Ал, ата салтында қосағы дүние салғаннан кейін бұл дәстүр міндетке жатпайды екен.

Зер салып көрсеңіз, бүгінде ардагерлер тақырыбы өткен тарих парақтарынан бұрқылдаған тозаңдай буалдыр ғана елес береді. Ал, оның шаңын қағып, әркез жас буын санасына сіңіріп тұру орта буындағы толқынның азаматтық борышы болса керек.

…Кеше елге қатер төнгенде

Ол жауға қарсы шапты,

Бізді жалмамақ болған ажалды

Өр кеудесімен қақты.

Ол арыстанша алысты,

Өлім соққысын өз үлесіне алды.

Денесін оқ пәршелесе де

Ел намысын қорғап қалды.

Сен құрметте оны!

Түсіндің бе, қарағым?

Сенің келешегің үшін берді ол

Азаттық, жолында аяғын!

Жеңіс күні қарсаңында оқушылармен кездесулер көп өткізілетін. «Біздің қазіргі тұрмысымыз солардың арқасында, бейбіт өмірге жеткізген – майдангерлер» деп ел болып дәріптеп, естелікке кітап пен открытка ұсынылады. Олар соған да мәз болып, кездесуден ерекше көңілмен қайтушы еді.

Бүгінде естелікке берілетін сыйлықтың да құны қымбаттап барады…

Назарбек ҚОСШИЕВ,

жазушы-публицист

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button