ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ЗАҢДЫ ҚҰЖАТЫ

Қалың бұқара әділет органдарындағы жаңа реформалардың пайдасын көріп келе ме? Бұдан бірнеше жыл бұрын жаңалық ретінде қабылданған жер-жердегі халыққа қызмет көрсету орталықтары ақталған үмітті ақтады ма? Көкейде жүрген осы және басқа да сауалдарға Атырау қаласының әділет басқармасының басшысы Айбек ҚАДЫРӘЛИЕВ жауап берді.

– Айта кетейік, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы арқылы бұрынғыдай сарылып кезекке тұрудан құтылдық деуге болады. Қазірде туу туралы куәлік алу үшін нәрестенің ата-анасы немесе сенімді өкілі перзентхана берген түпнұсқа дәрігерлік анықтаманың негізінде бар-жоғы 15 минут ішінде арыз жазып қалдырып, ол екі жұмыс күнінің ішінде дайын болады. Ол үшін ата-ананың жеке бас куәліктері мен неке куәлігінің көшірмелерін тапсырып, баланың тегін, есімін, әкесінің атын өтініш жазғанда көрсетеді.

Жылжымайтын мүлікті тіркеу бес жұмыс күні ішінде дайын болады, дегенмен, құжаттарды дайындаудың жеделдетілген түрі қарастырылған. Ол бойынша құжатты рәсімдеу үшін қосымша үкімет белгілеген сома төленіп, екі жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Мұның өзі сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу, жол бермеу мақсатында жасалған шараның бірі. 

 – Кейде басқа мекемелерден келетін құжаттар кешігіп, екі ортада қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері «таяқ жеп» жатады. Мұндай кезде арыз-шағымды кімге жолдау қажет?

 – Жаңа айтып кеткендей, біз түрлі жағдайларда заң бойынша ақыл-кеңестер береміз. Егер кінә басқа органдар тарапынан кеткен болса, арыз-шағымды қайда жолдау керектігін көрсетіп, біздің тарапымыздан болса – шарасын аламыз. Осы жерде бізде қандай да бір заңға қайшы әрекеттер орын алған жағдайда «ыстық желі» телефон байланысы жұмыс жасайтынын тұрғындардың қаперіне берсем деймін. Құжаттар мерзімінен кешіккен жағдайда онда жарық жанып, әділет министрлігіне дейін хабардар болып отырады.

 Сондай-ақ, кейде клиенттердің құжаттары заң талабына сәйкес келмеуіне байланысты қажетті құжаттарды талап етіп, бір ай уақыт ішінде күтеміз. Осы уақыт аралығында тиісті құжаттар келмеген жағдайда мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім шығаруға тура келеді.

 – Құжаттарды сенімхат арқылы рәсімдеу жөнінде не айтасыз? Ол қаншалықты заңды?

– Меніңше, келген адамның қолында сенімхаты болмаған немесе баж салығынан артық ақша алынған жағдайда заңсыз болып табылады. Тұрғындар көбінесе жұмысбасты болып, қолы тимеген немесе басқалай себептермен басқа кісіге құжаттарды рәсімдеу жөнінде заң талаптарына сәйкес сенімхат бере алады. Ол жылжымайтын мүлікке ғана емес, заңды тұлғаларды тіркеу, АХАТ саласы бойынша да қатысты.

 Оны қандай (ақылы, тегін) негізде жүзеге асырып жатыр – оған біздің қатысымыз жоқ, жеке шаруалары болып саналады.

 – Ал үйлену тойларында, кешкі мезгілде жастарға АХАТ қызметкерінің неке куәлігін салтанатты түрде табыс етіп жатқанын көреміз. Дәл бұл қызметтің қандай негізде жүзеге асатынын, шыны керек, түсініңкіремей жүрмін.

 – Осы сұрақты маған көп кісілер қойып жүр. Қазақ болғасын тойсыз бола ма?! Ел арасында «неке куәлігін АХАТ қызметкері береді» деген түсінік қалыптасқан сияқты. Нақтылап айта кетейін, бізде штатта болсын, келісім-шарт негізінде болсын – жұмыс істеп жүрген әділет органының қызметкеріне белгіленген жұмыс кестесінен тыс мезгілде ондай жолмен табыс табуға үзілді-кесілді тыйым салынған.

Бізде неке куәлігін салтанатты түрде табыс ету жұмыс күні ішінде заңда белгіленген талапқа сәйкес тегін жүзеге асады. Ол үшін ҚР Туы мен Елтаңбасымен жасақталған арнайы орын бар.

 Сөз ретінде айта кетейін, туу туралы куәлікті де ата-анасының қалауына сәйкес перзентханаға барып табыс ете аламыз. Қазақстан азаматының алғашқы құжатын табыстау тегін жүзеге асатынын ескерте кетсем деймін.

 Сіздің айтып отырғаныңыз, ресторандарда куәлік беру жағдайы ғой. Оны орындайтын қолында салық төлеуші ретіндегі куәлігі бар делдалдар болып табылады. Осыған орай түсініспестік туындамауы үшін мына нәрсені басылым бетінде жаза кеткеніңізді жөн көріп отырмын. Той үстінде олардың тарапынан «неке қиюды жүзеге асырамыз» деген сөз айтылмауы тиіс. Егер «неке куәлігін салтанатты түрде табыстаймыз» десе, келісуге болады. Себебі, ерлі-зайыптылардың некесін тек қана мемлекеттік әділет органдары қияды. Басқа ешқандай органның оған құқы жоқ.

  – Жақында депутаттардың бірі неке жасын 14-ке дейін түсіру жөнінде ұсыныс білдіргені белгілі. Сіз «үй болам» деп ниет еткен жастарды күнделікті көріп отырсыз. Не айтасыз?

 – Қазіргі таңда некені қиюға он алты жастан бастап ата-анасының келісімімен рұқсат етіледі. Менің мемлекеттік қызметкер, лауазым иесі ретіндегі емес, жеке пікірім: он төрт жас – некеге отыру үшін ертелеу. Он сегіз жастың өзі жеткілікті деп ойлаймын. Өйткені, адам оқып, білім алуы, тұлға ретінде қалыптасып, отбасылық өмірге бейімделуі керек.

 – Электронды неке саны көбейіп келе ме?

 – Тек қана қараша айының ішінде некеге тұруға 43 жұп электронды түрде тілек білдірді. Әлбетте, бізге аяқтай келіп, арыз жазуға да болады, дейтұрғанмен, ғаламтор арқылы берудің бірқатар артықшылықтары бар.

2011 жылы 26 желтоқсанда «ҚР неке және отбасы туралы» Кодексі қабылданды. Бұрынғы заңда некеге тұрғылықты жері бойынша арыз береді деп көрсетілген болса, қазіргі талапқа сәйкес, ол міндетті емес. Шарт бойынша некеге тұрушылардың бірі ел азаматы болуы тиіс.

 Жастар некеге тұру жөнінде арыз бергеннен кейін ол бір ай ішінде тіркеледі. Егер некеге тұратындардың біреуі іссапарға кететін болып немесе қалыңдықтың аяғы ауырлап дегендей нақты себептер болса, бұл мерзім қысқартылады. Керісінше, арыз берушілер уақтылы келмей, көрсетілген мерзім ұзартылған жағдайда да тиісінше анықтама талап етіледі.

– Ажырасу деректері жөнінде де біле кетсек?

 – 2013 жылы әділет басқармасында 5261 туу, 3438 неке қию, 1108 ажырасу тіркелген. Өкінішке орай, ажырасу саны азаймай отыр және олардың көпшілігін жастар құрайды. Осы ретте біз облыстық әділет департаментімен талдау жүргіздік. Сонда анықтағанымыз – ажырасушылардың 95 пайызына жуығы «мінез-құлқы жараспағандығын» алға тартады екен.

  – Азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша қандай оң тенденцияларды атай аласыз?

 – Соңғы жылдары тегін өзгертіп, «ов» пен «евтен» арылып жатқандар көп. Балаларға ат қоюда да салт-дәстүрге сәйкес қазақы есім береді. Одан басқа, Құран сөзі бойынша аталып жатқан есімдер жиілеуде. Дүниеге келген сәбилердің аты-жөні, негізінен, түгелдей дерлік қазақша жазылып жүр.

 – Халықтың құқықтық сауаттылығы қаншалықты артып келеді деп ойлайсыз? Кейбір балалардың мектеп есігін туу туралы куәлігінсіз ашуын немен түсіндіреміз? Болмаса өмірден өткен жақынының атындағы үй-жайды уақтылы рәсімдемей, кейіннен сотқа жүгініп, алашапқын болып жүретіндерді көреміз. Бұл мысалдар біздің құқықтық деңгейімізді көрсетпей ме?!

 – Жалпы, жұртшылық жылдан-жылға құқықтық жағынан сауаттанып келеді. АХАТ жүйесі бойынша туу туралы куәлік екі ай ішінде тіркеліп болуы керек, осы уақыт ішінде сәбидің ата-анасы не сенімді өкілі келмесе, қосымша құжаттар ұсынуды талап етеміз. Баласына мектепке барғанша туу туралы куәлік алмаған деректер сирек кездескенмен, ұшырасып қалады. Оған себеп болатын – әке-шешесінің өздерінің жеке бас куәлігін жоғалтып алуы, қайта рәсімдемеуі, айналып келгенде, тиянақтап құнттамауы. Қазірде балаға жөргекпұл және басқа да төлемақылар берілетіндіктен ата-аналар оның куәлігін көп ұзартпай алуға тырысады.

 Кісінің дүние салу жағдайына келсек, кезінде бұрынғы заң талабына сәйкес, адам қайтыс болғаннан кейін оның қайтыс болу туралы куәлігін алу жеті күн ішінде жүргізілетін. Кейін ғұрыпқа сәйкес қаделердің өткізілетінін алға тартқан халық қалаулылары ол бап бойынша көрсетілген мерзімді ұзарту жөнінде ұсыныс білдіріп, жоғарыда аталып өткен Кодекс қабылданғанда бұл талаптар алынып тасталды. Өмір жалғаса береді, ендеше мұраны қабылдау мерзімін барлық қадені беріп болғанша күтпей, заң аясында белгіленген уақытта жүзеге асыру керек.

 Бұдан бөлек, қайтыс болған кісіні жерлеп тастайтын жайттар да болады. Біз кісінің көз жұмғаны жайлы дәрігер анықтамасынсыз куәлік бере алмаймыз. Сол себепті, туыстары жақындарының өмірден өткенін анықтау үшін сотқа жүгініп, сол арқылы дәлелдейді.

 – Немқұрайлылық пен білместік салдарынан басы артық жүріске, әуре-сарсаңға түспес үшін тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?

 – Отбасындағы барлық құжаттарды – неке, туу туралы, жеке бас куәліктерін, үйдің техникалық құжаттарын түгелдей қолға алып, салыстырып қарап, сәйкессіздіктер болса, уақыт өткізбей реттеу қажеттігін айтар едім. Мәселен, бала 16-ға толғанда тегі, әкесінің аты сияқты мәліметтердің әртүрлі жазылып жүргені белгілі болып жатады. Зейнеткерлікке шыққан жандардың да сәл-пәл әріп қатесіне бола зейнетақысын ала алмай жүретіні бар. Ол кісілер Атырауда туып-өссе жақсы, басқа елде тұрған болса сұратылған құжаттардың кешігіп келуі ықтимал.

 Айтып отырған жайлар жылжымайтын мүлікке де қатысты. Кейде тұрғындар жерге мемлекеттік акт алады да, оны әділет органдарында алты ай шінде тіркеу керектігін біле бермейді. Қандай да бір жылжымайтын мүлік алты ай тіркелмеген жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, сотқа жолданып, айыппұлдар салынып жатады.

 

Құралай ҚУАТОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз