Жақсылық жасауға жаралған жан
Есімі атыраулықтарға етене таныс журналист, әріптесіміз, Ақпарат саласының үздігі Лиза Сейтімова бүгінде бейнетінің зейнетін көрер құрметті еңбек демалысына шығар мерейлі жасқа, өмір белесіндегі ерекше шаққа жетіп отыр.
Оны білетін қалың оқырман мен танитын жұрт: «Бұл кісі өзі кеңпейіл, айналасындағы адамдарға жақсылық жасап, қолынан келген көмегі мен қайырымдылығын көрсетуге, тым болмаса жылы сөзімен ауыртпалығын жеңілдетіп жіберуге әзір тұратын айрықша мейірімді жан» деп ілтипат білдіретініне куә болдық. Қаламдас, қатарлас келе жатқан құрдасымыз жайында осындай жылы лебізді естудің өзі қандай ғанибет.
Өмір дерегіне үңілсек, Лиза Шайхашқызы 1963 жылғы қыркүйектің 30-ында Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын (бүгінгі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті) бітірген. Еңбек жолын 1985 жылы Маңғыстау облысында мектеп мұғалімі болып бастады. 1990 жылдан бері табан аудармастан облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясында абыройлы жұмыс істеді, тілші, аға тілші, бөлім редакторы болды. Ғұмырының саналы бөлшегін ақпарат саласына арнап келе жатқан әріптесіміз кейінгі кездері екі облыстық және жеті аудандық басылымның басын біріктіріп отырған медиахолдинг – «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде аудандық газеттер бойынша аға корректор болып еңбек жолын жалғастырып жүр.
Осынау уақыт бедерінде өзіне тапсырылған қандай жұмысты да тиянақты орындайды. Әсіресе, редакцияның хат және бұқаралық жұмыстар, әлеуметтік мәселелер және мәдениет пен әдебиет бөлімдерінде жұмыс істеген кездерінде оқырманнан келген әрбір хаттың тағдырына алаңдап, толғантқан ойын түйсігімен түсініп, көтеріп отырған мәселесінің оң шешімін табуына тілеулес болып отырады.
Жағдайын айтып, көмек сұрай келгендерінің де көңілін қалдырмай, олармен емін-еркін сөйлеседі. Сөйтіп, бірінің мүгедектігіне немесе басқа да әлеуметтік жағдайына байланысты мемлекеттен берілетін жәрдемақысын алуына септессе, екіншісінің баспаналы болуына қолдау көрсеткені үшін ол кісінің ризашылығын білдіргені әлі күнге есімізде. Мұның сыртында өзі білетін жағдайы қиын, тұрмысы нашар жанұяларға жәрдемдесіп, мүмкіндігінше материалдық көмек ұйымдастыруға ұйытқы болу да Лиза әріптесіміздің адами қасиетін биіктетіп, басқаларынан даралап тұратын қыры.
Лиза Шайхашқызы қандай күрделі тақырыпты да еркін жазуға қабілетті, өзекті проблеманы жан-жақты ашып, зерделеп, талдап, сараптай алатын жауапкершілігі жоғары, талғамы биік, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін өз ісінің майталман ұстасы, жастардың тәлімгер-ұстазы. Оның үстіне, жұмыста жанында отырған ұжымдастарының бірінің жабырқау жүргенін байқаса, көңілін аулауға тырысатын жүрегі жұмсақ жан.
Үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретін әріптесіміздің қалам иелерінің қарымы мен дарынын сарапқа салған додаларға қатысып, талай рет топ жарғаны да бар. Ол – журналистер арасындағы «Жүректен – жүрекке» Ұлттық байқауының жеңімпазы, республикалық «Премьер-Сақтандыру» конкурсының жүлдегері, Атырау облысы әкімінің «Үздік журналист-2004» номинациясының иегері, профессор Т.Амандосов атындағы Атырау облысы әкімі сыйлығының лауреаты. Ал, былтыр өзі ұзақ жыл еңбек етккен «Атырау» газетінің ғасырлық тойына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» құрметті атағымен марапатталды.
Отағасы Жұбандық Бижанов екеуі – ынтымағы жарасты жұп. Берекелі шаңырақта дүниеге келген Ботагөз, Дәурен, Дархан есімді перзенттері таңдаған мамандықтары мен қалаған кәсіптерін меңгеріп, бұл күнде бір-бір отаудың иесі атанып отыр. Ал өздері ұл-қыздан өрбіген ұрпақ – немере-жиендердің асқар таудай атасы мен асыл әжесі.
Өзінің екінші үйіндей болып кеткен төл ұжымы – облыстық «Aтырау» газеті редакциясындағы әріптестері қымбатты да қадірлі қаламдасымызды мерейлі де мәртебелі жасымен, өмірінің айшықты сәтімен шын жүректен құттықтайды. Әулет аман болып, шаңырақ шаттыққа толсын деген игі тілегімізді жолдаймыз!
Дәулетқали АРУЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Ақпарат саласының үздігі