Жарнама
Қоғам

ЖАННАТ ЖАНАШЫР ІЗДЕЙДІ

 

Өмірге сүп-сүйкімді қыз бала — Дана келеді. Алғашқы немересін жанындай жақсы көретін әжесі Жаннатқа : «Мен қазақ деген ұлтты бұрын-соңды көрмеппін, естімедім де. Тек сен арқылы, Жаннат, олардың жаны мен ары таза, еңбекқор халық болатынына көз жеткізіп келемін. Рахмет, саған!» — деген. Соқпағы мен шырғалаңы мол өмір Дмитрий екеуін екі жаққа айырған кезде де енесі келінінің жағына шығады. Арақ деген әзәзілге әбден салынып кеткен ұлын түзу жолға бұра алмаған бейшара ана амалсыздан төркініне кетіп бара жатқан келіні мен немере қызын қимай-қимай, оларға ақ батасын беріп, жылап-сықтап шығарып салады.

Бұл 2004 жыл еді. Отыздан жаңа асып жатқан жас келіншек сегіз жастағы кішкене қызымен сонау Днепропетровскіден туған топырағы — Атырауға аяқ басады. Жолы болып, «Бипэк Авто Казахстан» компаниясының Атырау филиалына қызметке тұрады. Бастапқыда қатардағы сатушы-кеңесші болып орналасып, тәжірибе жинақтай келе, бөлім бастығы лауазымына дейін жоғарылайды. Осы жерде бес жылдай еңбек еткеннен кейін, 2009 жылы 36 жасында, бір түнде белгісіз дертке ұшырайды.

Түнде әдеттегідей ұйқыға жатады. Таңертең жұмысқа тұрайын десе, аяқ-қолы қимылдамайды, сөйлеуі қиындайды. Міне, осы күннен бастап ол көмекке зәру жанға айналып шыға келеді. Сол ауруынан Жаннат әлі күнге айықпаған. Медицинада бұл дерттің атауы — «миастения генерализованной формы» дейді. Онымен бүкіл Қазақстан бойынша сегіз адам ауырады екен. Сирек кездесетін ауру түріне қарамастан, ол бірден адамның жүріп-тұруын тежеп, қимыл-қозғалысын шектеп тастайды. Тілін күрмелдіріп, сөйлеу қабілетін төмендетеді. Бұрын салмағы 87 келі болған келіншектің бүгінгі салмағы бар болғаны – 29 келі. Бар етінен арылып, сымдай тартылып қалған. Дерттің ауырлығынан жүріп-тұруы да, сөйлеуі де қиын, өзі – екінші топ мүгедегі.

— Мен ауырып қалғанда, Дана бар болғаны он екі жаста болатын. Соған қарамастан үйдің бар жұмысын өз мойнына алды. Жасырып қайтемін, кей күндері дастарханымызда ас-суымыз болмады. Сонда бізге қызым оқитын мектеп-лицейдің ата-аналар комитеті көмекке келді. Облыстық әкімшілік қызметкерлері өздерінің бір күндік еңбекақыларын аударды. Үкіметтік емес ұйым жетекшісі Ерлан Күмісқалиев менің өмірім жайында шағын кино түсірді. Бұрын тұрмысымыз қиын болып, жатақхананың бесінші қабатындағы аядай бір бөлмеде тұрып едік. Қалалық әкімдік жағдайымызды түсініп, 2013 жылы қала орталығы — Сәтбаев көшесі бойынан екі бөлмелі пәтер берді. Жер телімін де ұсынды. Қызым кәмелеттік жасқа жетіп, жеке бас куәлігіндегі «ұлты — украин» деген атауды «қазаққа» ауыстырды. Жоғары техникалық «APEC Petrotechnic» мектебінен білім алды. Бүгінде ол қазақша, орысша, ағылшынша ағып тұр. Тек тұрақты жұмыстың реті болмауда… — дейді ол бізбен арадағы әңгімеде.

Жаннат Есмағанбетованың біздің редакцияға келгендегі басты мақсаты — қыздары бір сыныпта оқыған, кейіннен жақын құрбы болып кеткен Гүлнәр Сәдуақасоваға өзінің ризашылығын білдіру екен. Бәрімізге белгілі, Гүлнәр Манапқызы — Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясының директоры, қалалық мәслихат депутаты. Жаннат Гүлнәр құрбысының жүрегінің кеңдігіне, шексіз мейіріміне риза. «Мен ол кісіге туыс емеспін, соған қарамастан мені үнемі қамқорлайды да жүреді. Күн сайын дерлік телефон шалып, жағдайымды біліп тұрады. Үйге келеді. Қолындағы барын ұсынады, — дейді. — Гүлнәр Манапқызындай адамдар жанымыздан табылып жатса, қандай қиындық та жеңілдей түседі». 

Өзінен естігеніміздей, Жаннат осы дертін емдету үшін Қытайға да барыпты. Өкінішке орай, ол жақтағы білікті дәрігерлер аурудың тым асқынып кеткенін, түбегейлі жазылып кетудің мүмкіндігі аздығын айтыпты. Өзінің 30 мың теңге зейнетақысымен әрең күнелтіп отырған жалғызілікті ананың қазіргі жағдайы тым қиын. «Ақша тамағыма не киіміме кетіп жатқан жоқ, тек дәрі-дәрмек алуға ғана жұмсалуда. Дәрісіз күнім жоқ қой менің…» — дейді ол.

Жүрегі жылы, мейірімі мол адамдардың Жаннат пен оның қызы Данаға титімдей болса да көмек көрсеткісі келетін болса, редакциядан телефондары мен мекен-жайын алуға болатынын еске саламыз.      

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button