Жарнама
Қоғам

Жанбайдың жайылымына жан біте ме?

БОЛАШАҚТА ЖАНБАЙ МЕН СОЛ АУМАҚТАҒЫ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТАМЫЗ ДЕСЕК, ОНДА АҚБАС КАНАЛЫНЫҢ СУЫН БҰРЫНҒЫ ИРЕК ӨЗЕГІНЕ ҚАРАЙ ШЫҒАРУЫМЫЗ КЕРЕК. БҰЛ БІР ЖАҒЫНАН, ТҰРҒЫНДАР МАЛЫНЫҢ ПОЙЫЗҒА БАСЫЛУЫ, ТЕМІРЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРУІ СЕКІЛДІ КӨПТЕГЕН ПРОБЛЕМАНЫ ДА ШЕШЕР ЕДІ.

БАСҚАНЫ БІЛМЕЙМІН, БІЗДІҢ ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫНА ЖАҚЫН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТПАЙ, БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЭКОНОМИКА ҚҰРУ МҮМКІН ЕМЕС СЕКІЛДІ. КӨПТІҢ КӨЗІН ЖЕТКІЗГЕН БҮГІНГІ КҮННІҢ БІР АҚИҚАТЫ ОСЫ. ЕНДІ ОСЫ САЛАНЫ БІРДЕН-БІР БЕРЕКЕГЕ БАСТАР ЖОЛ – ТӨРТ ТҮЛІК. ӨЙТКЕНІ, МАЛ БАҒЗЫ ЗАМАННАН-АҚ ҚАЗАҚ АУЫЛЫНЫҢ КҮНЕЛТІС КӨЗІ, ЫРЫС-БЕРЕКЕСІ ЕКЕНІ АЙТПАСА ДА ТҮСІНІКТІ.

Өкінішке қарай, Исатай ауданының Жанбай ауылы мен оған таяу жатқан елді мекендер аумағындағы қазіргі қалыптасып отырған жағдай мәз емес. Мал жайылымдары жылдан жылға тарылып барады. Олай дейтінім, осы ауылдық округтің біраз аумағын ірі мұнай-газ кеніштері пайдаланып отыр. Әрине, оны қызғанбаймыз ғой. Қара алтын – халықтық қазына, ел экономикасының күретамыры. Бірақ, мұнай-газ өндіріп отырған алпауыттар жер астының байлығын иемденумен бірге, Нарынның суын да күнбе-күн қотарып пайдаланып жатыр. Бұл айналып келгенде, жайылымды тарылтқаны өз алдына, төрт түлігімізді де судан тарықтырып барады. Мұндағы мұнай, өзге де өнеркәсіп компанияларының кесірінен ауыл шаруалары жерден де, судан да тапшылық көруде.

ТАБИҒАТТЫҢ БЕРМЕСІН ТАРТЫП АЛУ…

Былайша ойлап қарағанда, жер астының байлығын сорып алу – табиғаттың бермесін тартып алумен пара-пар емес пе?! Бұл – менің ойым. Мұнай алынған жер қуысына ащы су айдалады екен. Алайда, мұнайшылар оны қаншалықты деңгейде толтырып жатқанын да білмейміз. Мұнайгазы сорып алынған жер қыртысының қуысы толмаса, жерасты суы солай қарай ағып кетпей ме деген ой келеді маған. Бұл өз кезегінде жер қойнауындағы тепе-теңдікті бұзуы да ықтимал. Оның үстіне, халықтың салығы мен төлемінен құралған бюджет қаржысына каналдарға су айдап толтырамыз.

Ал, ол топыраққа сұраусыз сіңіп кетіп жатады. Оның әлгі бос қалған қуыстарға да кетіп жатпағанына кім кепіл? Ең қынжылтатыны, Жер-ананың асты — үстіндегі байлықты қисапсыз пайдаланып жатқан осы компаниялар жергілікті бюджетке бір тиында төлемейді. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, ауылдың қара халқына қайыры жоқ деген сөз. Осы өңірдің, соның ішінде құм бойындағы мал шаруашылығының бүгіні мен болашағына алаңдайтын әрбір азаматты бұл мәселе толғандыруы керек деп есептеймін. Статистикалық дерекке сүйенсек, 1990 жылдан бері Каспий маңы ойпатынан 651,4 миллион тонна мұнай, 288,6 миллиард текше метр газ өндірілген. Қазіргі кезде Атырау жерінде ілеспе газды өңдеу зауыты салынып жатыр. Алдағы уақытта әлі төртеуі тұрғызылатын көрінеді. Енді қарап отырсақ, мұнай-газы сорып алынған кеніштердің тұрған жерінің топырағы құнарсызданып, жайылымдық аумағы мен соған таяу жатқан су көздері азайды. Бұл шаруа баққан шаруашылықтар мен ауыл тұрғындарын тіршілік нәрінен айырып, түрлі қиындықтарға кезіктіріп отыр.

ЕНДІ ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

Жанбай ауылы тұрғындар иелігіндегі мал басы жөнінен Исатай ауданындағы үлкен округтің бірі. Өкінішке қарай, қазір қатқыл мен теңіз бойындағы жерлер тозып, жайылым азып барады. Енді мал шаруашылығын одан әрі дамыту ісін табысты жүргізудің жалғыз үміті Нарын құмына ауып отырған сияқты. Қолыма қалам алуыма себеп болған да, негізінен, осы мәселе еді. Жоғарыда айтқанымдай, Жанбай ауылдық округінің біраз жерін «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Мартыши мен Жаңаталап, «Потенциалойл» компаниясының өндіріс орындары басты.

Мұнда мұнайшылар қоныс тепкелі жайылымдар тарылды, қазір жоқтың қасы. Бұрын жақсы жайылым болған Манаштағы бір бөлек жерді электр тоғын өндіретін «қаңғалақтар» жайлады. Енді сол маңдағы жанбайлықтардың төрт түлігіне Нарын құмына қарай жылыстай жайылудан басқа амал қалмай барады. Бірақ, сол жиекке қарай өткісі келген төрт түлікке теміржол бір кедергі келтірсе, КТК құбыры, «Атырау–Астрахан» автокөлік жолы мен «Қиғаш–Маңғышлақ» су құбыры тағы бөгесін болып тұр. Жақсы, соның барлығынан мал бірдеңе етіп өтіп, жиекке жетті делік. Бірақ, ол жерге құлаған жарықтық жануарға судың жоқтығы және тұсау. Енді қайтпек керек?

ТҰРҒЫНДАР ПІКІРІМЕН ЕШКІМ САНАСПАДЫ

Менің ойымша, Нарын су жүйесінің Жанбай аумағындағы «Ақбас» (Қызтуған) каналынан құм жиегіне қарай 4-5 шақырымға созылған су жолын аршу керек. Өйткені, үлкендердің айтуы бойынша, осы каналдан теміржолдың батыс бетіне, яғни құм жиегіне қарай бұрынырақта ирелеңдеп ағып жатқан «Ирек» деп аталатын өзек болған екен. Сол уақытта өзекті бойлай ел отырған, тұрғындар малмен күнелткен. Кезінде осы «Ақбастан» сол Ирекке су ағып өтуі үшін теміржол торабының астынан арнайы шлюз де жасалған. Рас, қазір болат жолдың бойымен жапсарлас жатқан КТК-ның алып құбыры суды жібермей, кедергі келтірері белгілі. Әрине, әу баста, оның бір тұсынан шлюз салдыруы керек еді. Алайда, жергілікті халықтың малмен күнелтетіні сол кезде мұнай алпауыттарының түсіне де кірмеген сыңайлы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: болашақта Жанбай мен сол аумақтағы мал шаруашылығын дамытамыз десек, онда Ақбас каналының суын бұрынғы Ирек өзегіне қарай шығаруымыз керек. Бұл бір жағынан, тұрғындар малының пойызға басылуы, теміржол қозғалысына кедергі келтіруі секілді көптеген проблеманы да шешер еді. Өйткені, төрт түліктің су ішемін деп теміржол қоршауына кіріп кетіп, шыға алмай, ақыры пойыз астына түсіп жатқанын да естіп жүрміз. Бұл ұсынысым: малдың жақын тұстан су ішіп, жиекке бойлай еніп жайылуы өрісті де кеңейтер еді деген ой. Әйтпесе, қазір каналға суға келіп, қайтадан жиектегі жайылысқа қарай кері кететін төрт түлігіміз әрлі-бері 60-70 шақырым шұбырады екен. Әрине, «Ақбас» каналын бұрынғы Ирек өзегін аршу арқылы ілгері апарып, су қоймасын (котлован) қаздыру жөніндегі ұсынысымды бұрын да газет арқылы білдіріп келемін. Қалай болғанда да, біздің алдымызда тұрған басты мақсат – атакәсібімізді дамыту, ол үшін су мәселесін шешу.

Қазіргі жағдайда «ҚазСуШар» кәсіпорны жылына 4-5 рет су айдағанымен қоймалардағы су тез таусылып, құрғақшылыққа ұшырауда. Сондықтан бұл мәселеге «Атыраугидрогеология» ЖШС да араласып, құм жиегінде сынақ жобаларын жасап, осы іспен айналысатын мекемелер мен білікті мамандарды тартып, тұщы су көздерін іздестірсе нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін жанжақты ойластырылған іс-шаралар жоспарын бекітіп, бағдарлама жасақтап, қаражат қарастырып, нақты жұмыстар жүргізуді қолға алса дейміз.

Шаки ҚАНАТБАЕВ,

зейнеткер, Атырау қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button