Жарнама
Қоғам

Жаңа жылды қарсы алу ғұрпы

НАУРЫЗ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АРҚАСЫНДА ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН, ДӘСТҮРІМІЗДІ ДӘРІПТЕП, АСЫЛ МҰРАЛАРЫМЫЗДЫ АЙШЫҚТАЙТЫН ЕРЕКШЕ МЕЙРАМ. СОҢҒЫ КЕЗДЕ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІНІҢ ТҮП-ТӨРКІНІ ТӨҢІРЕГІНДЕ ТҮРЛІ ПІКІРЛЕР АЙТЫЛУДА. ОСЫ ОРАЙДА НАУРЫЗ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕП, ОНЫҢ КӨНЕДЕГІ КӨШПЕНДІЛЕРДЕН ТАРАҒАН МЕЙРАМ ЕКЕНІН АЙТЫП ЖҮРГЕН ҒАЛЫМ-ЭТНОЛОГ, МӘДЕНИЕТТАНУШЫ СЕРІК ЕРҒАЛИМЕН СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК.

-«Наурыз мейрамы Көрісу ғұрпынан басталады» деуіңіздің себебін түсіндіресіз бе?

– Наурыз тарихы тым тереңде жатқан мереке. Көрісудің өзі ежелден қалыптасқан дəстүр болып табылады. Ең алдымен, мерекенің астрономиялық сипатына назар аударуымыз керек. Наурыздың 13-інен 14-іне ауғанда, Күн мен Қамал (Амал) жұлдыздары бір-біріне беттеседі. Осыны ежелгі астрономдар, жұлдызшылар байқаған. Күн мен Қамал (Амал) жұлдызының беттесуін, яғни қауышуын көрісу сəлеміне айналдырып жіберген. Яғни, олар астрономиялық жағдайда көріседі. Міне, осы күні көктем басталады. Ал, қазақтар «Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын» деп бірін-бірі құттықтап, қауышқан. Яғни, 14 наурыз – қазақтың жаңа жылы. 12 жылдық мүшел бойынша жыл сайын жаңарады. Биыл барыс жылы кетіп, қоян жылы келеді, сол кезде біздің халқымыз бірін-бірі құттықтап көріседі. Қазақ халқы Амал атауымен айды да атайтыны бар: «Амал келді – жыл келді» дейді.

– Демек, «Көрісу күні» мереке…

– Көрісу – мереке емес, ғұрып. Наурыздың рəсімі, жоралғысы деген дұрыс. Бұл ғұрыптың тарихы өте ежелгі дəуірден басталады. Көрісу тек Наурыз мейрамына ғана қатысты емес. Ай жаңарғанда да, жыл жаңарғанда да түркілердің осылайша көрісу ғұрпымен бірін-бірі құттықтауы ертеден келе жатыр. А ң ы р а қ а й ж о т а с ы н д а ғ ы Таңбалытастағы бір-біріне құшақтарын жайған құдіреттердің сұлбасына қарағанда, оны да көрісу ғұрпының ежелгі нұсқасы ретінде мойындауға тура келеді. Ендеше, бұл ғұрып қыстан шығудың қарапайым сəлемдесу дəстүрі емес, ритуалдық сипаты барын аңғартады. Қазақ этнографиясында ондай жеке-дара мереке жоқ. Ол 22 наурыздағы ұлы тілек ай тылумен аяқталатын 9 күндік мей рамның басы. Батыс өңірлерде Наурыз мейрамы бұрыннан 14 наурызда басталады. Өйткені, мүшелдік жаңа жыл осы күні кіреді. Юлиан (ескіше) күнтізбесі бойынша 1 наурыз. Атақты Мəшһүр Жүсіп Бұқарда халықтың наурызды тоғыз күн бойына мерекелегендігі жөнінде жазбалар қалдырған. Қазіргі күнтізбемен қарасақ, бұл кезең 14-23 наурыз аралығына келеді. Кейін зерделесек, шығыста да, теріскейде де ертеректе 14 наурыздан бастап жыл кірген деп есептелген екен.

– Ал, Ұлыстың Ұлы күнінде «Самарқанның көк тасы ериді» деген сөзді жиі естиміз. Осы түсінік туралы кеңінен айтып өтсеңіз.

– «Самарқанның көк тасы» деген ұғымды түсіндірсем, негізі ол ешқандай тас емес, аспаннан да түспеген. Ол тас орта азиялық астрономдардың мұз бен тасты қатырып, арнайы орында ба қылауынан шықса керек. Яғни, тас көктем келген кезде жіби бастаған. Демек, «Самарқанның көк тасы» Қамал (Амал) жұлдызы мен Күннің беттесе бастауын білу үшін жасалған құрал. Осы бір ерекше астрономиялық құбылыс кезінде, жұлдыз тоқсан күндік қысты ығыстырып шығарып, көктем келеді. Дəл осы күндері Наурызға ар нап, қарынға салып сақтаған жент жібиді. Ол да этнографияда сақ талған.

–Осы көрісу ғұрпында қандай мəселелерге назар аударуымыз керек?

 – Менің айтарым, «көрісу тек батыс өңіріне тəн» деген біржақты пікірден арылу керек. Оның бүкіл қазаққа тəн болғандығын түсінетін кез жетті. Оны шығыста туған ұлы Абайдың «Жазғытұры» өлеңіндегі мына жолдар айғақтайды: …Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып… Демек, Абай заманында шығыс өлкеде де көктемде, наурызда көріскен. Ол ғұрып кешегі ақтар мен қызылдардың кезектесіп қуғындаған, бəлкім басқа да факторлар болғандықтан ұмытылса керек. Енді бірі «біздің ауылда тек қаралы қазада көрісіп, жылаймыз» дейді. Рас, көрісудің екі түрі бар, біреу туысы қаза тапқанда «ойбауырымдап» көрісіп жылайды. Екіншісі, уақыт пен жыл жаңарғанда (тіпті күн мен түннің арбасуында, күннің жазғы ұзарысында да) қуанысып көріседі. Мұның екеуі де бір өңірге емес, барлық қазаққа тəн.

Тарқатып айтсам, 1926 жылы кеңес билігі Наурызды мерекелеуге тыйым салды. Халық оған тыйылған жоқ, əсіресе батыс өлкеде бұл мереке жыл сайын атап өтілді. Алайда, оның атауы аталмастан «Қамал» («Амал») делініп келді. «Қамал келді – жыл келді» деген тіркеспен жаңа жыл екені аталды. Мұндағы Қамал (дұрысы осы, Амал емес) – 90 күн қыс шығып, көктем келердегі Тоқты шоқжұлдызының маңдайындағы жұлдыз. Ал, енді қазақтың жаңа жылы батыстың кейбір өңірінде қашан «Көрісу күні» аталып кетті? Ол Колбиннің 1988 жылы ресми түрде 21-22 наурызды Наурыз мейрамы деп белгілегеннен кейін басталды. Өйткені, халықтың дəстүрлі жаңа жылы 14 наурызда қалып қойды да, тек күн мен түннің теңелуі ресмиленді. Ол кезде бізге сол да ұлы жеңіс еді…

О с ы д а н к е л і п , б а т ы с ө ң і р і амалсыздан «Амал күні», «Көрісу күні» деп атауға мəжбүр болды. Сөйтті де оны өз аймағының идентификациялық нышаны етіп алды… Арнайы дəстүрін солай жалғастырып, атау беруге мəжбүр болды.

– Сұхбатыңызға рақмет, Жаңа жыл құтты болсын!

Əңгімелескен Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button