Жарнама
Қоғам

Жаңа Қазақстан: Халық сенімі мен нақты іс-қимыл уақыты

Қоғам белсендісі, депутат ретінде елдегі өзгерістер мен реформаларға үн қосу – азаматтық борышым деп білемін. Жуырда өткен Парламент Мәжілісінің кеңейтілген жалпы отырысы Қазақстанның саяси-әлеуметтік дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Бұл жиынның басты ерекшелігі – билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған реформалардың талқылануы.

Президенттің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы – мемлекетіміздің алға қойған нақты мақсаттарын айқындаған құжат. Бірақ кез келген бастама халықтың шынайы қолдауынсыз жүзеге аспайды. Сондықтан ең алдымен, реформалардың қағаз жүзінде қалып қоймай, іс жүзінде орындалуына назар аударуымыз қажет. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған өзгерістер нақты нәтиже бермесе, олардың маңызы төмендейді.

Соңғы жылдары елімізде үлкен өзгерістер болды. Конституциялық реформалар жүргізілді, Парламенттің өкілеттігі кеңейтілді, саяси бәсекелестік артты. Бірақ қоғамның негізгі сұранысы – әділеттілік, тең мүмкіндік және шынайы өзгеріс. Бүгінде елдегі азаматтық қоғам белсенділік танытып, өз құқықтарын талап ете бастады. Бұл – оң үрдіс. Дегенмен, халықтың пікірін естіп, олармен шынайы диалог жүргізу мемлекеттік басқару жүйесінің басты қағидатына айналуы тиіс.

Әділетті Қазақстан идеясы – жай ұран емес, нақты іске асуы тиіс бағдар. Қарапайым азаматтар заң алдында тең екенін сезінгенде ғана, олар елдің дамуына сеніммен қарайды. Сондықтан билікке сенім орнату үшін ашықтық, есептілік және халықтың сұранысын қанағаттандыратын нақты істер қажет. Әлеуметтік әділеттілік дегеніміз – тек заңдарды қабылдау емес, олардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету.

Біз білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыссыздықпен күрес мәселелерінде нақты ілгерілеуді күтеміз. Бұл реформалардың нәтижесі мектептер мен ауруханаларда, соттар мен әкімдіктерде, еңбек нарығы мен әлеуметтік қорғау жүйесінде әлі де көрініс таба түсуі тиіс. Халық өзінің болашағына алаңдамай, лайықты өмір сүре алуы керек.

Жаңа Қазақстан – тек биліктің ғана емес, әрбір азаматтың қолында. Біз белсенді түрде өзгерістерге атсалысып, әділетті қоғам құруға ұмтылуымыз қажет. Мемлекеттің дамуы – халық пен биліктің бірлесе әрекет етуінің нәтижесі. Егер біз шынайы реформаларды бірлесе жүзеге асыра алсақ, онда еліміздің болашағы жарқын болатыны сөзсіз.

Осы жолда «елім» деген әр азамат қолынан келген істі қашан да аянбай атқаруы тиіс. Мәселен, өскелең ұрпақ – жас буын волонтерлік іспен айналысу арқылы өз еліне үлкен пайдасын тигізе алады. Бүгінде бұл бағытта «Жаныңдамын» қоғамдық қоры аясында топтасқан белсенді жастар аз емес. Олардың бөліп-жарып, атап көрсеткім келмейді, өйткені біздің қасымызда жүріп, игі істерге атсалысып жүрген әрбір жастың еңбегі өлшеусіз. Осындай игі істерге жас кезінен араласқан азаматтар ертеңгі күні ел тұтқасын ұстағанда адал еңбек етіп, әділетті жолмен жүруге дағдыланады. Ал бұл – қоғам дамуының кепілі.

Мейрамгүл ЕСНИЯЗОВА,

Атырау қалалық мәслихатының депутаты, «Жаныңдамын» қоғамдық қорының жетекшісі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button