Әкімдер есебі: Алыс ауылдардағы қордаланған мәселелерді шешуге не кедергі?

2be35b6b4eb3a481e143462517f65984 Жаңалықтар

Атырауда ауыл әкімдері халық алдында есеп берді, деп хабарлайды Аtr.kz тілшісі.

ИНДЕР.

Ауылдық округтер әкімдерінің есеп беру жиындары Индер ауданында да бекітілген кестеге сәйкес өтті. Көктоғай ауылдық округінің әкімі Мәмбетқали Құсайыновтың былтыр атқарылған жұмыстар бойынша есепті баяндамасын тыңдаған тұрғындар көкейлеріндегі ойларымен ортақтасып, сауалдарын қойды. Олар ауылішілік жол, спорт кешені құрылысы, «жасыл белдеуді» қалпына келтіру, балаларға арналған ойын алаңқайын салу, жаңадан бой көтеретін жеке тұрғын секторға инженерлік инфрақұрылымдарды тарту, Ақсай каналына жөндеу жүргізу төңірегінде болды.

Ал, Өрлік ауылы тұрғындарының алдында есебін берген округ әкімі Серік Сисатов жасалған жұмыстарды баяндаумен бірге алда тұрған міндеттерге де назар аударды. Ол ауылға кіреберіс жолдың бойын жарықтандыру, ауылішілік автокөлік және жаяу жүргінші жолдарын күрделі жөндеу, зират пен қоқыс полигонының сыртын қоршау, кәсіпкерлерді тарту арқылы жылыжай шаруашылықтарын ұйымдастыру жоспарланып отырғанын айтты.

Ал, тұрғындар ауыл ішіне жүргізілетін жол құрылысына жергілікті адамдарды тарту, түнгі жарықтандыру шамдарын жаңарту, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің игерілуін тексеру жөнінде құрылған комиссия тарапынан бірінші кезекте шаруагерлерге басымдық беру жайын алға тартты. Есбол ауылдық округіне қарайтын Ынтымақ ауылында 600-ге жуық адам тұрады.

Былтыр мұнда жазғы су құбыры тартылып, тұрғындар соның игілігін көре бастады. Ауыл тұрғыны Хисмет Әмірхановтың айтуынша, мұның өзі құптарлық жайт болғанымен, судың тарифі, яғни бағасы қымбаттау болып тұрғанға ұқсайды. Оның үстіне, судың берілетін уақыты да шектеулі көрінеді. Ал, былтыр тақтайдай тегіс жол төселген Есболда енді балалардың өміріне қауіпті жағдай туындап отыр. Өйткені, автокөліктер үшін салынған жолмен балалар велосипедке мініп жүреді. Балалар алаңының қоршауы да аяқсыз қалыпты.

Сондай-ақ, ауылда ауыз су сағатпен жіберіледі, жылдан жылға малдың өрісі тарылып, жайылымдық жер азайып барады. Елтай ауылдық округінде өткен есеп беру жиынында да ауыл өмірінің өзекті мәселелері қозғалды. Нақтылай кетсек, түн мезілінде көшелерді жарықтандырып тұратын шамдардың санын көбейту, бұралқы ит-мысықтарды атуды бір жүйеге келтіру, тазалық жұмыстарын жандандыру, жазғы ойын алаңының құрылысына жер телімін бөлу, Аққала ауылындағы мектеп ғимараты шағын болғандықтан, оған жапсаржай салып, кеңіту керектігі қаперге берілді.

МАҚАТ.

Аудан орталығы – Мақат кентінің әкімі Ербол Ермағамбетов те тұрғындар алдында 2020 жылы атқарылған жұмыстардан есебін беріп, шешімін күткен түйткілді тұстарға да көбірек көңіл бөлді. Осы орайда, алдымен бұған дейін басталған ауылішілік жол жөндеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру мен сапасын арттыру, көшелердің жарықтандырылуын жақсарту, кәріз жүйесінің жұмысын жетілдіру, салынған жолдар тарлық ететіндіктен кеңейтудің мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін атады. Бұдан бөлек, аудандық мәслихаттың депутаты Мереке Басановтың айтуынша, былтыр теміржолшыларға арналып салынған 15 тұрғын үйді электр қуатымен қамтитын трансформатор мәселесі әлі күнге шешілмеген.

Доссор кенттік округінің әкімі Болат Ермеков өткен жылы әлеуметтік нысандар құрылысы мен абаттандыру жұмыстарына басымдық берілгенін баяндап, келешекке межеленген міндеттерді де а т ау с ы з қ а л д ы р м а д ы . М ә с е л е н , к е н т б о й ынша жарықтандырылатын көшелердің жалпы ұзындығы 30 шақырым. Оларға барлығы 900-ге жуық шам орнатылады. Одан бөлек, 24 шақырым ауылішілік жол күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Балалар үшін әмбебап спорттық ойын алаңы салынады. Көп қабатты үйлердің аумағы мен ауласын абаттандыру шаралары жалғастырылады. Жиын барысында мәлім болған жайттың бірі – Мақат пен Доссордағы теміржол вокзалына перрон салуға жобалықсметалық құжаттамасы дайындалып қойылған.

Сонымен қатар, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұриден Байниязов биыл Доссордың 110 жылдығына орай, кент маңындағы тұзсорларды көміп, көгалдандыру жұмыстарын қолға алу қажеттігін айтты. Бәйгетөбеде өткен жиында елді мекендерді ауыз сумен, тұрғындарды қысқы отынмен қамту, басқа да әлеуметтік мәселелерді оңтайландыруға бағыт ұсталғанын баян еткен ауылдық округ әкімі Қонысалы Төлеуов алда тұрған міндеттер мен шешімін күткен өзекті мәселелерден де хабардар етті. Теміржолдың бойымен тартылған электр желілеріндегі ақаулықтарды қалпына келтіріп, тұрғындардың қалыпты тұрмыс-тіршілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылдың шетінен малдың суатын ұйымдастыру, балалардың ойын алаңдарын жасақтау, қатты тұрмыстық қалдықтар салынатын контейнерлерді мақсатты пайдалану керектігі меңзелді.

ИСАТАЙ.

Зинеден ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақсотовтың жыл ішінде атқарылған жұмыстардан жасаған есепті баяндамасын бірауыздан мақұлдаған тұрғындар көкейлеріне ұялаған сауалдарын да жасырған жоқ. Ауыл ақсақалы Әділ Уахитов ауылішілік жолдардың салынуы, ауыз су құбыры мен көше жарығының жүргізілуі, кәсіпкерлік нысандарының көбеюі тәрізді игілікті істердің жүзеге асырылуын жақсылықтың нышаны ретінде бағалады. Біраздан бері айтылса да, шешімін таппай келе жатқан ауылға жаңа үлгідегі мәдениет үйін салу туралы сауалын жолдады.

Осы округке қарасты Амангелді елді мекенінің тұрғыны Жәнібек Қапылов та ауыз су құбырының тартылғанына ризашылығын білдіріп, бұл ауылға да мәдениет ошағы керектігін айтты. Исатай ауылдық округінде өткен есепті кездесуде округ әкімі Аслан Ғұбаштың баяндамасын мұқият тыңдаған тұрғындар атқарылған жұмыстарды толығымен құптады.

Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Қадыржан Көпбергенов біткен істі оңынан бағалап, мал жайылымының тарлық етіп отырғанын, көше жарығы мен ұялы байланыстың нашарлығын, жақсартуды қажетсінетінін тілге тиек етті. Нарын және Жанбай ауылдық округтері әкімдерінің есеп беру жиындары онлайн режимде өткізілді. Екеуінде де ауыл әкімдерінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берілді. Өз кезегінде, Нарын ауылының тұрғыны Рыскүл Шаңгереева мал шаруашылығын дамыту мақсатына несие алуда қандай жеңілдіктер қарастырылғаны жайлы сауалына қанағаттанарлық жауап алды.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз