ОСЫ ЖҰРТ ҚОЙШЫҒҰЛДЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

Уақыттың өтуі өлшемге келмейтін бүгінгідей жедеғабыл кезде жанымызда жүрген жақсылар мен жайсаңдардың бағасын біліп, қадіріне жетіп жүрміз бе?! Осы сауал мені көп жағдайда ойлантып тастайды. Әдетте абырой, сенім, құрмет секілді ұлық дүниелер мынау ұшқыр заманда ұсақ тірліктің тасасында қалып жататыны тағы бар. Әлбетте, жақсыға құрмет, ерекше ілтипат көрсету, жалпы ағаға іні бола білудің өзі – үлкен өнеге, қала берді, кейінгіге үлгі. Кейде күйбең тірліктің бітпейтін жолымен жүріп, «бауырында күнде көріп жүргеннен соң, таулардың биіктігі байқалмайтынын» қайтерсіз. Осындайда бір сәтке тынымсыз тірлікті тоқтата тұрып, жанымызда жүрген жақсы жандар жайлы жалпақ жұртқа жариялағың келеді екен.

Атырау өңірі «жерінің түгін тартсаң майы шығатын» қазына мен іске салсаң қуаттанатын, өнерге келсе шуақтанатын таланттарға әуелден бай мекен ғой, шіркін. Топырағынан небір батырлар, ақындар, күйшілер түлеткен өңіріміз әлі де сол мырзалығынан жаңылған жоқ. Біз сол арғысы Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалгез, Махамбет, бергісі кешегі Әбу, Хамит, Жұмекен, Фариза сынды асылдарымыздың ізін жалғаған азамат жайлы сөз қозғауды жөн көріп отырмыз. Ол – ақын Қойшығұл Жылқышиев. Еліміздің мәдени-рухани саласының дамуына үлкен үлес қосқан азамат. Оның еңбегін тек «үлес» деп сыпайылап айтып отырған да шығармыз. Бүгінде есімін ел іші жақсы білетін Қойшығұл Өмірұлының еңбек жолы 50 жылға жетіпті. Индер ауданы, Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келіп, сол жерде балалық шағын өткізіп, мөлдір өлеңдерін сол жерде жаза бастаған. Өлең, арман, мақсат оны жетелеп Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне әкелді. Қойшығұл Өмірұлының қоғам алдындағы бет-бейнесі, жалпы ақындық, азаматтық тұлғасы осы уақыттан-ақ қалыптаса бастады.

Ол ұзақ жылдар Индер аудандық мәдениет бөлімін басқарды, Қазақ теледидарында, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде жауапты қызметтер атқарды. Бүгінде кейінгі жастар Қойшығұл Өмірұлының қазақ өнерінің тарихында тұңғыш әзіл-қалжың, сатира жанрында ашылған «Тамаша» ойын-сауық отауын алғаш құрушылардың бірі, тіпті бастамашысы екенін біліп жүруі тиіс.

Жұртшылық Қойшығұл Өмірұлын алдымен ақын ретінде таниды. Ол заңды да. Осы жерде менің әдебиет, жалпы ақынның поэзиясы, поэтикалық деңгейі жөнінде сөз айта алмасым анық. Өйткені, әр істің өз маманы, сардары бар. Жалпы, әдебиет дегеніміз – асыл сөз. Ал, сол асыл сөздің сардары ретінде Қойшекең елге белгілі. Қазақтың көрнекті, қабырғалы қаламгерлерімен бірге жүрген, дәмдес, аралас болған, өзін мойындата білген. Асыл сөздің құдіретімен оқырманын ойға бөлеп, рух беру жолындағы қызметі – өз алдына бөлек әңгіме. Қарап отырсақ, Қойшекең замандастарына жақсылық жасаумен келеді. Мәселен, жыл сайын өңіріміздегі қолына қалам алғандарды қанатымен қорғап, оларды Жазушылар Одағына қабылдатумен айналысады. Сол замандас, іні-қарындастарының кітабын шығарып береді. Ал, сөйте тұра, өзі осы уақытқа дейін тек төрт кітап шығарғанына таң қаласың. Олар – «Тұңғыш», «Мұң-кітап», «Асау», «Тарпаң тағдыр» жинақтары. Дегенмен де, жүз том өлең жазып, жұрттың есінде қалмаған ақындар бар да, бірді-екілі кітаппен тарихта қалып жатқан ақындар бар. Бұл, әрине, әдеби парадокс.

Кезінде Максим Горький «Русьтегі ең жауапты және қиын қызмет» деп әдебиет саласын айтыпты. Осынау жауапты да қиын «ардың ісін» Қойшығұл Өмірұлы ақ адал атқарып отырғаны баршаға мәлім. Ал, қоғамдық жұмыстардағы сан алуан ісі бүгінде аңыз боп жұрт аузында жүр.

Қойшекеңнің Махамбет бабамызға сіңірген еңбегі жөнінде айтпай кетуге болмас. Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде Махамбет мазарына жол салу идеясын бастаған осы Қойшекең еді. Расында, батыр бейітіне барып дұға оқитын көпшілік үшін керек-ақ дүние. Алайда, «шаш ал десе, бас алатын» сол кездегі  белсенділер ағамызға «алыс жақтың да» дәмін татқызды. «Аққа құдай жақ» деген емес пе, Фариза Оңғарсынова апамыздан бастап, Мұхтар Шаханов, Камал Смайлов, Нәсіпқали Сейітов, Мереке Құлкенов, Базарғали Суханқұлов сынды жігіттер ара түсіп, алты жыл дегенде ақтап алып шыққанының өзі – Қойшығұл Өмірұлының абырой-беделінің бір көрінісі. Алты жыл абақты азабын көргенде де азамат ақын еш сынған жоқ. Қолтығы сөгілгенше көсілетін қазанаттай қайта қанаттанды.

«О, ғажайып, биіктен құлаған тас,

Сынғанменен қалады тас қалпында», – деп қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза-Әлі жырлағандай, Қойшығұл сол Қойшығұл қалпынан танған емес! Ақындық басқа да, азаматтық басқа! Ақын болып елге еңбек ету бөлек, азамат ретінде абырой-бедел арқалау – бөлек дүние. Тарихта абақты азабын көрген азамат қаншама! Құрманғазы, Махамбет, Мағжан, Ахметтей абзалдарымыз өнердің  де,  өмірдің  де қиындығын көрді емес пе?! Соларға «пана» болған абақты Қойшығұл Өмірұлын құрсағысы келді. Алайда, асқақ рух, ерен жігер бәрібір жақсы күндерге жетелейді екен!

Қойшекеңнің сол кездегі ашынып жазған бір өлеңі еріксіз ойға шомдырады.

«Ей, Қойшығұл, не көрмедің өмірде,

Қабыландай құрсауланған темірге,

Қарс-қарс шайнап азуыңды,

қайрансыз,

Көн-төзімің айналды ма көмірге?

 

Дөңгеленген дүние ғой бұл күнде,

Дүңкілдеме, алға түс те, бүлкілде.

Сен өмірді өлең ғой деп ойладың,

Ал, өмірің-бүргесі көп бір түрме!

 

Ей, Қойшығұл, сол түрмені көргенсің,

Шерленсе тек, сенің көңілің шерленсін.

Амалнамаң екі иығыңда жазулы,

Ақиқатын айтар жалғыз –Тергеушің!

«Өмір-ғажап» деген жүйкең жұқарды,

Темір қажап тістерің де мұқалды.

Қабыландай қарсы атылған қайсарлық

Бұтын қысып бұқпалады бұтаңды!

 

Ей, Қойшығұл, алды-артыңды байқарсың,

Байқарсың да басты талай шайқарсың.

Бұ дүниеде бітпейтұғын зарыңның

Ақыретте ақыр соңын айтарсың!»

Осы өлеңнің өзі ақын жанының ішкі иірімін, қуат-күшін, жігер мықтылығын айғақтап, анық бейнелейді.

Жалпы, ол туралы қазақтың көрнекті ақындары Жәркен Бөдешов пен Оңайгүл Тұржанның поэма жазуының өзі неге тұрады?! Өлкемізге белгілі ғалым Қадыр Жүсіп «Қайсарлық лирикасы» атты ғылыми зерттеу кітабын жазды. Фариза апамыз өз жазбаларында Қойшекеңнің атын ерекше бір жылылықпен атап отырады. Осы атақты адамдардың сенімі ақталып, таяуда Қойшығұл Өмірұлы «Қазақстанның үздік адамы» атанды.

2000 жылдары Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық ұлан-асыр тойында республикалық штабтың жетекшісі ретінде баба алдындағы парызын орындап, ұлық жиынды ұтқыр ұйымдастыра білді. Одан кейінгі жылдары Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрын басқарды. Расында, Қойшекеңнің жалпы саналы ғұмырындағы сәулелі шақтары Махамбет бабасымен байланыса береді осылай. Еңбегі бағаланып, оған  Махамбет атындағы сыйлық  та берілді. Одан  бөлек  А.Байтұрсынов атындағы сыйлық пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері секілді атақтарды қосыңыз. Бір басына даңқ та, дарын да дарыған Қойшекең бүгінде шәкірт тәрбиелеумен де айналысады. Шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық бәйгелердің басында жүреді.

Атырауда бір кездері «айтыс жоқ» деген қаңқу сөзді атымен өшірген де осы Қойшекең еді. Ал, қазір айтыс өнерін жыл сайын, сәт сайын өтіп тұратын өнер мерекесіне айналдырды. Айтыскер ақындары жоққа тән өлкемізде бүгінгі таңда 35 жас ақын томағасын сыпырса болды, қызылға түсуге дайын қырандардай ауыздығымен алысып отыр. Жақында ақынның бастамасымен облыста жыраулар сайысы өткізіле бастады, ол болашақта жалғасын табады, біздің тараптан кең қолдау болады деп отырмыз.

«Өмірі мазмұнды адамның шығармашылығы да мазмұнды» деген сөз бар. Рас сөз. Өмірде оқыған-тоқығаннан бөлек, көрген-түйгенің болмаса, тіпті бірер ауыз сөз жазудың өзі де қиынға соқпақ. Қойшығұл поэзиясының психологиясынан көрген-баққанның, таным-түйсіктің, тағдыр-теперіштің иісі аңқып тұрады. Бұл дегеніңіз – өмірі мазмұнды адамның белгісі. Ал, адам өмірі несімен маңызды?! Адам өмірі – соңына із қалдырумен маңызды! Қойшекең  бүгінде асқаралы алпыс жастың жетеуіне шыққанша соңына сонар із, кейінгіге аңыз болар сүрлеу салған кісі. Міне, менің айтқым келгені де осы еді.

Атырау облысының әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовтің қолдауымен Қойшығұл Жылқышиевтың шығармашылық кеші облыс орталығында, жалпы жеті ауданымызда кең көлемде өткізілгелі  отыр. Бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау филиалын басқаратын ақын талай өнер иелерінің жұлдызын жақса, енді бір сәт өзінің оқырмандарын ойлайтын сәті де келген сыңайлы. Жүрек төріндегі өр жырларын оқырман қауым асыға күтетіні айқын. 

Мерейтойдың шымылдығын Таңдай ауылының тұрғыны, өлкеміздің мақтанышы, атақты ақынымыз Жәниба Қарасаева апамыз өз бастамасымен ашып, Қойшекеңнің шығармашылық кешін дүркірете өткізіп, ауылдастарының алдында өз жанұясы атынан ақбоз ат мінгізді. Мінекей, үзеңгілес інісіне деген ел құрметін, ел махаббатын осылайша көрсете білген Жәниба апамызға алғысымыз шексіз. Ауыл-ауылда жыр-сүйер жерлестеріміздің осы кешті сағына тосып отырғанына сеніміміз мол, сол себептен, қыркүйек айының аяғына қарай Құрманғазы ауданында, қазан айында Жылыой мен Қызылқоға ауданында өткізу жоспарланып отыр. Қарашада Мақат, Индер, Махамбет аудандарында өткізіп, облыс орталығындағы талғампаз өнерсүйер көпшілікпен жүздесетін боламыз. «Халқына қалтқысыз берілген жазушы жүрек қалауымен жазады» деп Шолохов айтқандай, Қойшығұл Өмірұлының жүрек қалауынан туған тұнық жырларының жұлдызы жана бергей!

Алтынбек НЫСАНҒАЛИЕВ,

облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз