
Жайық деген жанды су…
Задында, «Жайық» атауы қайдан шыққанын түсіндіріп беретін адам аз. Әркім өзінше пікір айтады, дегенмен әрқилы көзқарас айтылған сайын ұғым-түсінік те жан-жаққа жамырай береді. Оған ортақ тоқтам айту әзірге қиын, әйтсе де өз қисынымызды оқырман назарына ұсынған артық болмас.
2012 жылдың 9 ақпанында «Ақ Жайық» газетіне А.Марданов есімді оқырман «Жайықтың екі атауы бар ма?» деген тақырыппен сұрақ жолдапты. Онда: «Жайық өзенінің атауын 1775 жылы ІІ Екатерина патшайымның «Урал» деп атауға жарлық шығарғаны белгілі. Алайда, әлі күнге дейін кейбір құжаттарда өзен «Урал» деп аталады. Жалпы біздің өз заңымызда жер-су атаулары қазақ тілінде аталуы керек деген заң талаптары бар ма?» деп сұрайды. Бұған сол кездегі Атырау облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы Гүлжан Сабырова жауап береді:
– «Жайық», «Урал» – халық аузында да, әдеби шығармаларда да тең қолданылып келе жатқан ұғымдар (тіліне қарай). Ресми құжаттарда да осы атаулар қатар жүреді. Мысалы, халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарының (учаскелерінің) тізбесін бекіткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 қарашадағы №1137 қаулысының қазақша нұсқасында өзен атауы «Жайық», орысша нұсқасында «Урал» деп көрсетілген, — делінген жауапта.
Ал 2019 жылдың 19 шілдесінде «Мәдениет» порталына «Жайық» атауының қайдан шыққанына Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Әділбек Өмірзақов өзінше болжал жасап, өзіндік пікір-ұстанымын айтады. Өз мақаласында автор «Жайық» сөзінің түп негізі алтайлық түркілердің диалектісіндегі «дайх» («дайық») сөзінен тарайтынын, ол «асыраушы өзен» деген мағынаны білдіретінін көрсеткен. X ғасырдағы араб саяхатшысы Ибн Фадланның жазбаларына сүйенген Ә.Өмірзақов бұл туралы шығыстанушы А.П.Ковалевскийдің еңбектеріне де сілтеме берген. Әсіресе Ибн Фадлан жазбасындағы «Джайх» өзенін басшылыққа алып, Асанқайғы, Доспамбет, Махамбет, кешегі Жұмекен жырларынан «Жайыққа» түсіндірме іздей келіп, мынадай тұжырым беруге тырысқан:
«…1249 жылы Карпини, 1253 жылы Рубрук Жайық бойына саяхат жасады. Карпини Моңғолия сапары туралы жазған «История монголов» атты еңбегінде Жайық өзенін «Яик» деп атайды. Ал, О.М.Ковалевскийдің «Моңғол-орыс-француз сөздігіне» назар аударсақ, «Яй» немесе «Джай» – орын, кеңістік ұғымдарын білдірсе, «ийк» – ерекше ескі қорған деген мағынаны білдіреді. Ал, Ә.Әбдірахмановтың зерттеулеріне сүйенсек, «Жайық» сөзінің көне формасы «жазық» деген ұғымды білдіреді.
Жалпы, -ақ, -ық, -ұқ, -үк жұрнақтары түркі тілдерінде өте өнімді қолданыс табатындығын Э.В.Севортянның еңбектерінен аңғарамыз. В.В.Радловтың еңбектерінде «йайықта» сөзінің түп-тамыры – «тасқындау», «толығу» деген мағынаны білдіреді… Түйіндеп қарасақ, «Жайық» ұғымының шығу тегі шамамен, II ғасырда Оңтүстік Орал бойы, қазіргі Орынбор, Орал облыстары территориясын мекендеген Алтай түркілерінің тіліне барып тіреледі…»
Журналист Әділбек Өмірзақовтың бұл пайымы жалпы алғанда, дұрыс деуге болады. Бірақ оны сәл тереңірек алып зерделесек, мән-маңызы арта түсер еді.
Мамандармен пікірлесе отырып, «Жайық» атауының түп-төркінін сұрастырғанбыз. Әркім өз ұстанымын көлденең тарта келгенде, академик Василий Бартольдтің: «Птоломей заманында Волга өзенінің аты фин тілінде «Ра-Урал», ал түркі тілдерінде «Даикс» («Яик») атымен белгілі болған», — деген жазбасы мен көрнекті түркітанушы Николай Баскаковтың: «Жайық топонимінің алғашқы «даих» нұсқасы алтай тілінің куман диалектісінде: «Даиқ – өзен тасқыны» мәнін білдіреді», — деп жазуы көңілге қонымды көрінді.
Дейтұрғанмен, тарих магистрі Сейілхан Мираштың мына пікірі өзгелеріне қарағанда нақтылыққа жақын екен. Оның айтуынша, ғалым топонимист А.Әбдірахманов «сөз түбірі – «жай», «жаю», «жайылу» етістігінің түп-төркіні де осы сөзден шығады, осыған «-ық» жұрнағы қосылып, «Жайық» гидронимі жасалған» деген пікір айтқан.
Сейілхан Аманқұлұлы өз ізденісі бойынша тапқан 1884 жылы В.Вербицкийдің құрастыруымен Қазан қаласында басылып шыққан «Словарь алтайского и аладагского наречий тюркского языка» атты сөздіктің 423-бетіндегі «Чайык» сөзін көрсетті. Православтық миссионерлік қоғамның баспасынан шыққанмен, бұл сөздіктің түсіндірмесі де бізді қанағаттандырғандай болды: «Чайык (т.) – потоп».
– Демек осы үш ғалымның ішінен Баскаков пен Әбдірахмановтың пікірлері келіңкірейді. Бір олқылығы, олар көне түркі сөзі Чайыкты (Жайық) кеңінен талдамаған. Байқайсыз ба, «Чайык» сөзі топан су (потоп) деген мағынаны береді екен, — деді зерттеуші Сейілхан Аманқұлұлы.
Шынында да қазіргі Жайық өзенінің атауын былай қойғанда, былтырдан бері сонау башқұрт топырағынан бергі жұрттың бәрін дүрліктірген тасқын судың тегін еместігін аңғаруға болады. Ежелгі түркі заманындағы көп сөздердің астарына мән бермей, түрлі долбар-болжам жасап жүргендердің іс-әрекеті ақылға сыймайтыны түсінікті. Ендеше, бұл жерде «Жайық деген жанды су, // Көзі қара қанды су…» немесе «Айналайын, Ақ Жайық» деп жырлайтын ақындардың нөсерлете жыр төгуі сонау дәуірдегі Жайықтың ағысындай адуын мінез бен асқақ намысты көрсеткендей. Мұны Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне қаншама мол судың келіп құйғанын сенімді дереккөздер арқылы қол жеткізген бұдан бірер ғасыр бұрынғы картадағы (тарих магистрі С.Мираштың жеке архивінен алынған – авт.) көрініс те дәлелдей алады.
Назарбек ҚОСШИЕВ,
жазушы-өлкетанушы