Жағдайың қалай, Жылыой?

kulsary Қоғам

Іргетасы 1939 жылы мұнай-газ өндірісіне байланысты қаланған Жылыой ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі кімді болмасын қызықтырары анық. Өйткені, теңізге жақын орналасқан текті жердің тірлігін сырт көз «қара алтынмен» байланыстырып, қал-ахуалын жақсы деп біледі. Ал, шын мәнінде жылойлықтардың қазіргі жағдайы қандай? Жем бойындағы жұртты мазалайтын нендей мәселе бар?

Осы және өзге де көкейдегі сауалдарымызға жауап алу үшін фототілші Ерлан Алтыбаевпен бірге жолға шықтық. Құлсарыға дейінгі тас жол тарлау демесеңіз, тақтайдай теп-тегіс. Облыс орталығынан сапарымызды бастаған біз әне-міне дегенше, Құлсарының кіреберісіндегі еңселі қақпаның тұсынан өте шықтық. Сонымен, аймақтағы Атыраудан кейінгі екінші қаланың жай-күйі қалай  екен?

«Менмұндалаған» мектеп

Бұл біздің Құлсарыға араға бес жыл салып ат басын бұрып тұрғанымыз. Бұрынғыдай емес, жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандардың қатары көбейіп, моноқала еңсесін тіктей бастапты. Әсіресе биылғы оқу жылында пайдалануға берілген орталық көшеде орналасқан мектеп алыстан «менмұндалап» тұр. Бәрінен бұрын бізді ұлтымыздың ұлы ақыны атындағы білім ұясының орталықтан орын тепкені қуантты.

 №5 Абай атындағы жалпы орта мектептің 300 орындық жаңа ғимараты білім күнінде пайдалануға берілген. Мектептің ақшыл жасыл түсі де балаларды оқуға  алыстан шақырып тұрғандай көз тартады. Мұндай ерекше білім ұясының құрылысын мердігер мекеме – «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС жүргізгенін білдік. Ең бастысы, мұнда  балалардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.

kulsary 2

Информатика сабақтарының бөлмелері компьютерлік үстелдермен, компьютерлермен жабдықталған. Ал,  шет тілін үйрену үшін 12, 13 оқушыдан төрт мультимедиялық кабинет ұйымдастырылған. Кабинеттерге лингафондық-мультимедиялық жаб-дықтар да қойылыпты. Металл және ағаш шеберханалары үстел үсті бұрғылау және токарлық станоктармен, муфель пешімен жабдықталған. Қыздарға арналған еңбек кабинетінде электр жетегі бар тігін машиналары, айна, манекен, үтіктеуге арналған үстелдер, маталарға арналған шкафтар қойылған. Тамақ дайындау бойынша оқу сабақтары өткізілетін аспаздық кабинетте электр плитасы, тоңазытқыш, араластырғыш бар. Облыс орталығындағы заманауи BINOM мектептерінен аспаса, кем түспейтіні байқалады.

Мұндағы кітапханада мектеп және көркем әдебиетті сақтауға арналған жабық және ашық қор, медиатека да ойластырылыпты. Оған қоса медициналық кабинет, 96 орынға есептелген акт залы мен оқушылардың тамақтануы үшін жүзден астам  орынға арналған асхана қаралған. Мектеп аумағында футбол алаңы, ұзындыққа секіруге арналған жарыс алаңы, демалыс аймағы, ашық ойын және салтанатты рәсімдерге арналған алаң мен автотұрақ бар. Міне, нағыз бүгінгінің білім ұясы.

«Сармат» салынады

Сапар барысында аудан орталығының «Береке» шағынауданында салынып жатқан мектепті де көзімізбен көріп қайттық. Ол «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатыр екен. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, қазіргі кезде 600 орындық алып білім ұясының есік-терезелері салынуда.

 Былтырғы мамыр айында іргетасы қаланған мектептің құрылысы осы жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Мұнда 700-ден астам тұрғыны бар «Береке» шағынауданының балаларымен қатар 1500 тұрғыны бар «СМП-224»-тің ұландары да оқитын болады. Көлемі 3554 шаршы метрді құрайтын екі қабатты оқу ғимаратында заманауи үлгідегі асхана, мәжіліс залы, спорт залы, кітапхана және спорт алаңы қарастырылған.

Бұдан бөлек, аудан орталығындағы «Атырау» шағынауданындағы мемлекеттің «Жайлы мектеп» ұлттық  жобасы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның демеушілігімен 1200 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Мердігер «Каспийская кадровая ассоциация» ЖШС салып жатқан мектеп құрылысы өткен жылы басталған.

kulsary 3

Оқушылардың толыққанды жайлылығы үшін мектеп заманауи жабдықтармен, жиһаздармен, оның ішінде Қазақстанда жасалған жабдықтармен қамтылатыны айтылды. Заманауи білім беруде толық шығармашылық, еркіндік, ұлттық рух пен дәстүр арқылы дамуға маңыз беріледі екен. Мектеп жобасында кітапхана, хореография залы, шеберхана, шығармашылықты дамыту үйірмелері, асхана, медициналық блок, спорт залдары жоспарланған.

Бізді ауданда жас ұрпақты жайлы жерде білім нәрімен сусындату мақсатында жаңа мектептердің қаз-қатар бой түзеп жатқаны қуантты. Ал, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнәфис Айшуақова әңгіме барысында жас ұрпақты сапалы білім мен тәлім-тәрбие беру ісін нығайту мақсатында алдағы уақытта аудандағы білім ұяларының қатары «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицейімен толығатыны жайлы баяндады. 

«Көркейе бер, Құлсарым!»

Құлсары қаласында тұратын жас кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Бекет Құлбаев аудан орталығына өз есебінен жылы аялдама салған. Иә, қара басының қамын емес, халқының жағдайын ойлаған азаматтың ісі осындай болса керек.

Асыра мақтады демеңіз, бірақ мұндай жомарт жүректі жандардың ісін айтпасқа болмайды. Бәлкім, аязды күнде ашық аялдамада бүрсең қағып тұрған адамдардың жайын астына жүйрік те жылы көлігі бар кейбір жандар мүлде ұғынбауы мүмкін. Сондықтан жылыойлық жомарт жігіттің ісін көпке үлгі еткіміз келді. Аудандық әкімдік жанына келгенімізде біздің көзіміз осы тып-тиянақты аялдамаға түсті. Ішінде жылынып отырған тұрғындар да әлгі азаматқа алғысын жаудырып-ақ жатыр.

Жаңа аялдама Құлсары қаласының орталығындағы Махамбет көшесінде орналасқан. Оның жартысында кофехана болса, екінші бөлігінде құлсарылықтар жылы әрі жайлы жерде орындықтарға жайғасып, автобустарын күтуде. Аялдама ішінде салқындатқыш, ауыз су диспенсері бар, жылу жүйесі жүргізілген. Аяқасты телефоныңыздың қуаты таусылып, сөніп қалған жағдайда қуаттай да аласыз. Қабырғадағы «Көркейе бер, Құлсарым!» деген жазудың өзі-ақ азаматтарды сүйіспеншілік пен мейірімділікке, туған жерге деген жанашырлыққа үндеп тұрғандай көрінеді. Ол жай аялдама  емес, аяғың талып келгенде дем басатын демалыс  орны ма дерсің…

– Бұл – Құлсары қаласындағы алғашқы жылы аялдама. Бұрын мұнда қоғамдық көлік күтетін орын болмаса да, автобустар осында тоқтайтын. Жалғыз темір белгіден басқа ештеңе болмады. Құлсарылықтар күннен қорғану үшін соның маңын саялайтын. Енді жергілікті халық қақаған суықта да, аптап ыстықта да өз автобустарын ыңғайлы жерде күтіп отыра алады. Павильонның құрылысы бір жыл бұрын басталып, оған 40 млн. теңге жұмсалды. Оның 20 млн. теңгесін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы алдым, – дейді Б.Құлбаев.

32 жастағы кәсіпкер Бекет Құлбаев алғашқы кофеханасын елді коронавирус жайлаған қысылтаяң кезде Құлсары қаласындағы сауда орындарының бірінде ашқан.

Жас та болса, бас болып, ізгілікті бастама жасаған Бекеттің ісі шыныменен көпке үлгі. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, мемлекеттің миллиондаған қаражатына салынып, бүгінде ашық-тесік жатқан Атыраудағы «жылы аялдамаларға» қарағанда, оның жағдайы әлдеқайда жақсы. Құрқылтайдың ұясындай, ерекше аялдамаға шыныменен көзіміз қызығып, кәсіпкердің қайырымды ісіне сүйсініп қайттық. Бәлкім, өзге кәсіпкерлер де Бекет секілді әріптестерінің ісін жалғастырса, қаланың көркі кіріп ғана қоймай, халықтың алғысына да кенелер ме еді?!

Жалпы, әкімдіктегілер Құлсары қаласында осы жылдың сәуір айына дейін 80 қоғамдық көлік аялдамасы орнатылатынын айтады. Олардың бесеуі «жайлы аялдама» болмақшы. Қазіргі уақытта аялдама орнатылатын орындар дайындалып, бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Онымен «Қазтехинвест» ЖШС айналысып жатыр.

– Белгіленген жерлердің кейбірінде ескі аялдамалар бар, ал кейбір жерлерде мүлде болмаған. Сондықтан біркелкі етіп, жаңа аялдамалар қойылғалы жатыр. Бұл біртіндеп жүзеге асырылатын жұмыс, – деді Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы Жанғазы Еркінов. 

Оның айтуынша, аталған аялдамалар Махамбет даңғылы, Сауран, Ө.Алдахов, І.Сариев, Балуан Шолақ, И.Тайманов, Н.Арқабаев, Нарынбай батыр, Б.Өтеулиев, С.Датов, Қ.Күржіманұлы көшелері мен «7 ауыл», «Мешіт», «Теміржолшылар», «Автожолшылар», «Атырау» ықшамаудандарындағы көшелерге орнатылмақшы.

Ең басты мәселе – ескі үйлер

Құлсары көркейіп келе жатқанымен, оның көркін бұзып тұрған ескі үйлер де жетерлік. Кейбірінің жайы сын көтермейтіні сыртынан-ақ аңғарылады. Терезелері сынып, қаптамалары түскен. Солардың бірі – Құлсары қаласы, Газпром 154-көше бойындағы 1978 жылы салынған  екі қабатты №15 үй.

Өзін Ақжарқын Қалышева деп таныстырған тұрғынның айтуынша, 2008 жылдан бастап кейбір пәтерлердің қабырғаларында жарық  пайда болған. Балконның үйге жалғанған тұсында плита адамның аяқ-қолы сиятындай болып жардан ажырап кеткен. Қабырғадағы жарықтың да ұлғайып бара жатқаны байқалады. Осыдан қауіптенген тұрғын үйді апатты деп тану үшін 2010 жылдан бастап әкімдіктің табалдырығын тоздырып келе жатқанын айтады.

–Үйіміздің төбесінен су ағып, жертөле лас суға толғандықтан 2012-2013 жылдары әкімдік «Аrctic» компаниясымен бірге үйіміздің төбе жабындыларын ауыстырып берді. Сол уақыттан бастап бұл жарық тым үлкейіп кетті. Ал, осы біз тұрып жатқан бірінші кіреберістегі (подъездің) төрт пәтердің тұрғындары ғана басқа үйге көшуге келісім беріп отыр. Басым көпшілігінің бұл жерден кеткілері жоқ. Өйткені,  олардың қазір төбелерінен су ақпайды, жертөлелері таза, қабырғалары бүтін болғандықтан айтар арыз-шағымдары жоқ. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, осылай келе жатқанымызға он жылдан асты. Қазіргі жағдайымыздан басшылар да хабардар. Терможаңғырту жобасы бойынша да ұсыныс жасалды. Алайда, екі плита ашылып тұрған сәтте оның қандай пайдасы болмақ? Өзіміз көпбалалы отбасымыз. Бәрінен бұрын балаларымның қауіпсіздігіне алаңдаймын, – деді тұрғын.

Өзіміз көргеніміздей, бұл мұндағы барлық 12 пәтердің емес, бірінші кіреберістегі №2 және №4 екі пәтердің ғана проблемасы. Бірақ, қазіргі жағдайлары қыл үстінде тұрғандай қауіпті. Осыдан екі жыл бұрын Ақжарқынның қонақ бөлмесінің қабырғасы да жарыла бастаған. Пәтерлердің сыртынан қарағанда да тастарының бір-бірінен ажырап кеткені көрініп-ақ тұр.

Иә, бұл бір тұрғынның басындағы проблема. Моноқалада бұдан өзге тозығы жетіп тұрған үйлер көп.  Құлсары қаласы бойынша 223 көпқабатты тұрғын үй болса, оларға 1990 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

– Осы жылы 36 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеті мен шатырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. 124 көпқабатты тұрғын үйлердің тозығы жетуіне байланысты қазіргі таңда техникалық зерделеу жұмыстарын жасау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Мердігер мекеме анықталған жағдайда зерделеу  жұмыстары жасалып, апатты деп танылатын болады, – деді Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Саян Баселов.

Моноқаладағы маңызды істер

Тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысқан соң, Құлсары қаласының Бас жоспарымен танысуға асықтық. Моноқала алдағы уақытта қалай өзгермек, жоспар бойынша қандай жұмыстар жасалады?  

Құлсары қаласының әкімі Қадіржан Адиновтың айтуынша, тозығы жеткен және апатты үйлерден тұрғындарды көшіру және кезекте тұрған 2267 адамды баспанамен қамтамасыз ету үшін 5 қабатты 100 пәтерлік 42 тұрғын үйдің құрылысын салуға қомақты қаржы қажет.

Анықтап білгеніміздей, 2012-2023 жылдар аралығында моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бюджеттен есепті кезең аралығында 18881,7 млн. теңге бөлініп, оның 17457,4 млн. теңгесі игерілсе,  өткен  жылы бөлінген 5393,3 млн. теңге де көзделген мақсатқа жұмсалған.

Аталған жылдар ішінде даму бюджетіне 16428,3 млн. теңге, оның ішінде Құлсары қаласының жолдарын қайта жаңғырту жұмыстарына 12546,4 млн. теңге бөлініп игерілсе, қала көшелеріндегі электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына 857,3 млн. теңге,  Құлсары қаласының Атырау 22,2  шақырым жаңа ықшамаудан автокөлік жолдары құрылысы нысаны бойынша 2344,1 млн. теңге бөлінген.

Бұдан өзге төсемтас төсеуге, ойын алаңдарын салу, аялдамалар орнату, мектептердегі жылу жүйелерін жөндеуге, шағын аудандардағы кәріз жүйелерінің күрделі жөндеу жұмыстарына да қаржы бөлініп игерілген.

– Алдағы жоспар да аз емес. Соның бірі – Құлсары қаласы жер қатынастары саласы бойынша атқарылатын жұмыстарға, егжейлі-тегжейлі жоспарлау жобасын жасақтауға дизайн код жасақтау. Бизнес-инкубаторға (10 га),  индустриялық  немесе арнайы экономикалық аймақ құруға (50 га) инженерлік желілер тартуды қажет етеді. Сонымен қатар, Бас жоспарға сәйкес «Болашақ-1», «Болашақ-2», «Атырау», «Орталық» шағынаудандарында  көпқабатты үйлер салынатын жерлерге инфрақұрылым (су, тоқ, кәріз, газ желілері, жол) құрылыстарын жүргізу қажет. Халық санының тығыздығына байланысты «Атырау» шағынауданына ауысымына 25 орындық қабылдау амбулаториясы, «Теміржолшылар», «Оңтүстік аэропорт» шағынаудандарына 25 орындық емхана филиалын салу, «Болашақ» шағынауданына ауысымына 50 қабылдау амбулаториясын салу жоспарлануда,  – деді шаһар басшысы.

Бүгінде Құлсары қаласындағы қалаішілік жолдардың 50 пайызы жаңартылған. Қазіргі кезде 14 көшенің автокөлік жолдарына күрделі жөндеу жүргізіліп жатса,  Құлсары қаласының 200 көшесі мен көше аралық өткелдерін жалпы ұзындығы 60 шақырым қалаішілік жолдарын қайта жаңғырту көзделіп отыр. «Болашақ-2» шағынауданына жаңадан жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жерлерге автомобиль жолдарын, 2 жаяу жүргіншілер өткелін, 1 автомобиль көпірін салу алда атқарылар жұмыстардың санатында.

Оңалту орталығына қаржы қажет

Қазіргі уақытта аудан орталығында мектеп құрылыстары қарқынды жүріп жатқанымен қала халқының тығыздығына және 3200 жер учаскесі берілуіне байланысты 13 мектеп (8700 орын), 7 балабақша (1920 орын), 1 жалғама құрылыс (180 орын) және аз қамтылған  отбасы, ата-ана қамқорлығынсыз  қалған жетім балаларды сауықтыру лагерімен қамту үшін ауданға 300 орындық лагерь қажет. Сонымен қатар, мүгедектерге  арналған оңалту (реабилитация) орталығы және мүмкіндігі шектеулі  балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылысын аяқтауға қаржы қолбайлау болуда.

Жылыой ауданына қарасты Майкөмген ауылдық округінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 200, Қара Арна ауылдық округінде 200 орындық жаңа мәдениет үйі бой көтерсе, Жаңа Қаратон кентінде 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы жыл соңында аяқталмақ. Ал, аудан орталығында 600 орындық концерттік зал салу жоспарға енгізілген.

Халықтың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп маңызды саланың бірі екендігі мәлім.  Моноқаладағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында 289 жерге 879 бейнебақылау «Сергек» камера құрылғысы орнатылуда. Учаскелік полиция пункттерінің санын көбейту де қажетті істің бірі. 

Бес ауылдық округке жаңа жол

Ауданда жол құрылыстарының қарқыны жаман емес. Жылыой ауданына қарасты Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай, Майкөмген, Қосшағыл және Тұрғызба ауылдарына ауылішілік жолдар салынуда.

13 мыңнан астам тұрғыны бар Шоқпартоғай, Майкөмген, Тұрғызба ауылдарына 3,4, Ақкиізтоғайға 3,8, Қосшағыл ауылына 2,4 шақырым жол салына бастаған. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Бекет Бозжігітов ауылішілік жол салу жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталып, 2024 жылдың жаз айларында аяқталуы жоспарланғанын айтады. Қазіргі таңда жері тегістеліп, құм қиыршық тас (ПГС) қоспасы толықтай төселген.

Оның айтуынша, бұған дейін Қосшағыл ауылында 9,5 шақырым, Ақкиізтоғайда 700 метр, Тұрғызбада 7 шақырым, Шоқпартоғай ауылында 10,8 шақырым жолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген. Жылыой ауданының кешенді даму жоспарына сәйкес, қалаішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жоспарының ІІІ кезеңі бойынша Құлсары қаласының 18 шағынаудандағы 110 көшеге 31,8 шақырымды құрайтын жол салу жұмыстары қолға алынған.

30 аула абаттандырылуда

Өткен жылы Құлсары қаласының алты шағынауданындағы 30 ауланы абаттандыру жұмыстары басталған. 2023-2024 жылдар аралығында жүзеге асатын жобаны жобалаушы мекеме «Вибо-строй» ЖШС болса, мердігер мекеме –  «Өмірзақ» ЖШС.

 – Аталған жоба аясында №1, 2, 3, 4, 5 және Ұ.Абдрахманов (Новостройка) көшесінде орналасқан 30 үйдің ауласына ойын алаңы, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы салынып, асфальт төселеді деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бөлшектеу және геодезия жұмыстары жүргізілуде. Оны 2024 жылдың күз айларына дейін аяқтау жоспарланып отыр, – деді Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы Жанғазы Еркінов.

Құлсарыдағы ойын алаңдарының қатары уақыт санап артып келеді. Мұнда ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы негізіндегі «Qogamdyq Kenistikter» жобасы аясында Жылыой ауданында ойын және спорт алаңдары ашылған болатын.

Бұған дейін Құлсары қаласы 6-шы ауыл маңында мүлде ойын алаңы болмаған. Тұрғындар балаларын ойнату үшін қалаға ойын-сауық орталықтарына немесе жақын маңдағы ойын алаңдарына апарып жүрген екен. «Qogamdyq kenistikter» бағдарламасы аясында көптен күткен ойын алаңдарының ашылғанына ауыл тұрғындары дән риза.

– Осындай әдемі ойын алаңын бұрын көрген емеспін. Көшеде, жолда үстіміз топырақ болып ойнап жүретін едік. Ал, қазір аға-апаларымыз бізге осындай ойын алаңын салып берді. Біз мұнда достарымызбен, іні-қарындастарымызбен келіп ойнаймыз, – деді кішкентай ауыл тұрғыны Кенжебек Алпысбай. 

Жылыойдағы жағымды жаңалықтың бірі – Құрсай өзені аумағының абаттандырылып жатқандығы. Қазіргі таңда өзеннің 2 шақырым аумағына абаттандыру және нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен, «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Мердігер мекеме – «Орлан» ЖШС. Былтыр желтоқсан айында басталған құрылыс жұмыстары биыл қыркүйек айына дейін аяқталады деп күтілуде.

Мұнда жаяу адам жолы салынып, өрнектастар төселуде. Сондай-ақ 203 шам орнатылып, 343 терек отырғызылып, 103 отырғыш пен 103 дана қоқыс жәшігі қойылмақшы.

Түйін:

Атыраудағы ең ірі ауданның бірі де бірегейі – Жылыой. Халқының саны өзгелерінен әлдеқайда көп ауданның экономикасы мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуімен кең қанат жайып келеді. Аудан орталығы – Құлсарыға аудандық маңыздағы қала мәртебесі берілгеніне биыл – 23 жыл. Қаланы құлазытып тұрған ескі үйлердің мәселесі енді-енді шешімін тауып, бірқатары былтыр сүріліп, тұрғындар су жаңа үйлерге қоныстана бастаған болатын. Қай өңірде  болмасын  халық саны көбейген сайын мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандардың қажеттігі сезіліп тұрады. Сондықтан ба, Құлсарыда да мұны қалыпты жағдай деп қабылдадық. Бір байқағанымыз, мұндағы әлеуметтік нысандардың 90 пайызын тұрғызған ТШО компаниясы екен.  Жөн-ақ…

Жасалатын жұмыс – бір жылдық мәселе емес. Ең бастысы, шағын шаһарда серпін бары сезіледі. Жаңа құрылыстар бой көтеріп, сәнді көшелерінде сабылған халық қарбалас тірлікте жүр. Иә, бізге қарт Құлсары қайта түлеп жатқандай көрінді. 

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Құлсары қаласы 2001 жылы қала болып құрылды. Қаланың аумағы –  35 778 гектар

Аудан құрамына: 1 қала, 1 кент, 5 ауылдық округ кіреді

Жылыой ауданының кешенді даму жоспарына сәйкес, қалаішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жоспарының ІІІ кезеңі бойынша Құлсары қаласының 18 ықшамауданындағы 110 көшеге 31,8 шақырымды құрайтын жол салу жұмыстары жүріп жатыр

Құлсары қаласындағы кәріз сорғы станциялары жаңартылуда.

Шағын шаһардағы 17 кәріз сорғы станциясының 13-інде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз