Жарнама
Қоғам

ЖӘҢГІР ХАННЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ БЕЙНЕСІ

 

Өз басым бұл зерттеу мақаламды дайындау барысында журналист, өлкетанушы Тілекқабыл Боранғалиұлының «Жәңгір Хан» кітабындағы деректерге, республикалық мемлекеттік және Астрахан, Орал облыстық мұрағаттарының, Бөкей ордасы мұражайының құжаттарына жүгіндім.

Жәңгір ханға баға беру үшін ол кісіні ең алдымен, адами тұрғыдан тану – парыз. Бөкей хан өзіне мұрагер болуға Тәуке, Әділ, Жәңгір, Меңдігерей атты ұлдарының арасынан Атан деген әйелінен көрген баласы Жәңгірді  таңдаған. «Әке – балаға сыншы» дегендей, болашақ ел басқару қолынан келетін зерек, ізденімпаз, ілім-білімге құлшынысы зор, халықтың бабын таба білетініне  сенім білдіріп, 10 жасар Жәңгірге үміт артуы тегін емес еді. Әке үкілеген ұлының тәрбиесіне ерекше көңіл аударған. 1811 жылы Астрахан губернаторы болып тағайындалған Степан Семенович Андреевскийге арнайы жіберген. Степан Андреевский 1760 жылы туған, адам дәрігері-оташы мамандығын игеріп, полк дәрігерлігінен бастап Ресей медицина коллегиясының мүшесі, Петербург дәрігер-хирургтік академияның директоры болған. Грозный және Киев губернияларының губернаторының орынбасары қызметтерін атқарған. Іскер де, қарапайым болған. Ханның мұрагерін шын ықыласымен қабылдап, жақсы тәлім-тәрбие берген.

Балалық кездегі көрген мәдениеттілік пен білімге құмарлық, күнделікті оқуды табиғи қажеттілігіне айналдыру бала Жәңгірдің бойында қалыптасып, оның өмірлік дағдысына айналды. Білімге құмарлық толас таппағанын байқаймыз. Хандық дәреже кезінде пошта тасымалын жолға қойып, Петербург пен Астраханнан мерзімді басылымды үзбей алдырып оқыған. Олардың қатарында Ресей зиялы қауымының  пайдаланып оқитыны беделді «Отечественные Записки», «Современник»,   « Северная пчела», «Журнал Министерства Народного Просвещения»,« Посредник», «Земледельческая газета», «Сенатские ведомости» газет-журналдары болды. Қазақ халқының тарихы, парсылық, тұрандық елдердің өткені, оның озық ойлы адамдарының еңбегімен танысқан. Ол дүниелер жеке кітапханасының байлығы саналған. Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін  дүние мүлкін хаттаған тізімде:

1. Шығыс тіліндегі кітаптар: 212 дана.

2. Орыс тіліндегі кітаптар: Ұлы Петрдің 4 томдық тарихы, 15 томдық энциклопедиялық лексикон 1842 жылы шыққан, 16 томдық заңдар жинағы болғандығы – сөзіміздің айқын дәлелі. Қазан университетінде болғанда Шыңғыс шежіресін жазған ханның ұрпағы Анапмұхаммед ханның ұлы хорезмдік Әбілғазы Баһадұрдың  «Шежіре-и-тюрк» кітабын сыйға алған.

Өз кезегінде Қазан университетіне қазақ ұлтының тұңғыш тарихшысы Мырза Хайдар Дулатидың парсы тілінде жазылған монғол хандарының жылнамасы – «Тарихи-Рашиди» қолжазбасын табыстады. Хан арадағы байланысты үзбей, оқу орнына 931 жылы жазылған                 Хамза бек Әл-Қасанның араб тіліндегі халықтар шежіресін баян ететін «Тариху-л-умами» кітабын, Нефиздің парсы тілінде 1662 жылы жазылған  медициналық шығармасы «Китаб табин-л-маакидті», алғашқы халифтер тарихы жөнінде Мұхамед пен Ахмедтің шығармасын, түрік тіліндегі «Китаб натайдін Фунун» тарихи-философиялық пайымдарын сыйға берген. Мұндай үлкен ғылыми маңызы бар дүниелерді сыйлаған ханға университеттің ғылыми қауымының ұсынысымен Халық ағарту министрі Жиhангер Бөкеевті Императорлық Қазан университетінің құрметті мүшесі етіп сайлаған. Ол жөнінде 1844 жылдың шілдесінде 6282-санды бұйрық шыққан.

Қазақта «Жолдастарыңды айтшы, сенің кім екеніңді мен айтайын» деген ұлағатты сөз бар. Әрине, адамдар өздері тіл табысатындармен сырлас, достық қарым-қатынаста болады. Біз Жәңгір ханның хат алысып, жиі кездесіп, үйлерінде болып салиқалы әңгімелесетін адамдарына жекелеп тоқталар болсақ, көптеген ғұламалармен тығыз байланыста болғанын айқын  байқаймыз. Солардың бірі – онымен жанұялық қарым-қатынаста болған Қазан университетінің ректоры Карл Федорович Фукус, ұлты – неміс. Дәрігер ретінде Ресейге келгеннен кейін, халыққа шипалы ем жасаумен қатар, ғылыммен  шұғылданып, империялық жоғары оқу орнының басшысына дейін көтерілген. Жұбайы, ақын жанды Александра Апехтина да – еліміздің салт-дәстүрін зерделеген зиялы адам. Әр кезде бұл үйдің қадірлі қонағы ретінде ынтымақты аралас-құраласта болған.

Профессор Федор Эрдман да Жәңгір ханмен үзбей араласып тұрған, оның ғылым-білім саласындағы еңбегіне бас иген адамдардың бірі.

Фукустан кейінгі ректор Николай Лобачевский университет кітапханасының шығыс қорына көне кітаптар мен қолжазбаларды толықтыруда Жәңгірдің көмегіне сүйенген. Хиуа, Бұқар, Самарқандағы ғылым дамуына қатысты тарихи құндылығы бар деректер алуға құмартқан. Жәңгір хан да шығыстанушылар үшін аса құнды мұраларды жинақтап, Қазан және Санкт- Петербург кітапханаларына жеткізген. Сөйтіп, оның  түрік-татар тілінің ординарлық профессоры, Санкт-Петербург ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Лондондағы Ұлыбритания және Ирландия корольдігі, Азиялық қоғамының Копенгагендегі солтүстік антикваршылар және басқа да ғылыми қоғамдардың мүшесі, шығыстанушы Мирза Александр Қазымбекпен арада жылы қатынастары ғылыми ынтымақтастыққа ұласқан. Ханның тапсырмасымен және қаржылай қолдауымен Қазымбектің шығарған мұсылмандардың қысқаша заңтану кітабы классикалық шығарма ретінде пайдаланылыпты. «Мұқтасар» кітабы әлемдік маңызға ие мұсылмандық ілім ретінде қабылданған.

Жәңгір ханның тарихқа тереңдей үңіле зерттеулер жүргізіп, ол саладағы құнды деректер жинағандығының бір көрінісі 1844 жылғы 21 қарашада тарихшы барон Бюлер Жәңгірдің кітапханасынан қазақ тарихы жөнінде бір кеш бойы оқығанын жазған. «Вечер провел я в чтении разных печатных и рукописных сведений о киргизах» деп жазған (Т.Боранғалиұлы, «Жәңгір хан», 153- бет).

Жәңгір хан мәдениеттілігі мен білімдарлығын әлемге аты шыққан ғұлама ғалымдармен кездескенде айқын байқатып отырған. Олармен білім саласында тең дәрежеде сөйлесіп, талайды таңдандырған. Солардың бірі – неміс ғалымы,  Дерпт университетінің химия мен фармация ординарлық профессоры Карл Гебель мырза 1834 жылы сәуірде Ресейге саяхат жолында Нарын даласына келген. Ханның сән-салтанатына, терең білімі мен ғылымға деген құштарлығына тәнті болып, еліне оралғаннан кейін «Ішкі қазақ ордасының ханы Жәңгір Бөкеевтің астанасына сапар» деген очеркін жазған. Оның бір тұсында Жәңгір ханның халқының арасында жоғарғы беделге ие екенін, оны елінде ерекше ілтипатпен сыйлайтынын  қамтыған: Еділ-Жайық арасын екі ай аралап Азғыр өңіріне келгенде, тұрғындары жат адамға ат бергісі келмей теріс ыңғай көрсетеді. Хан ордасында қонақ болып аттанарда «Жәңгір» деп аты жазылған қанжарды сыйлаған екен, осы қиналған сәтте «мен ханның досымын» деп көрсеткен. Оны көргендер сол сәтте оң қабақ танытып, қажетті мәселесін кідіртпей шешіп, қадірлі қонағындай құрмет жасаған.

Ханмен көңілі жарасқан тарихшы, дипломат, заңгер барон Федор Бюлер Ордадағы жарасымды тірлікті тамашалай жүріп, хан өзіне арыз-өтінішпен келгендерді немесе басқа да жүргіншілердің қайсысын да алаламай дәм ұсынып, қонақ етіп жіберетінін естелігінде жазған. Хан қазасын естігенде қайғырған ол Жәңгір туралы: «Преобразователь Внутренней Орды»  деп бірегей саясаткерден айырылғанға өкініш білдірген.

 Жәңгір хан қазақ тарихын жазушы ғалым Алексей Ираклиевич Левшинмен достық қатынаста болса, өзіміздің сүйіктімізге айналған Александр  Сергеевич Пушкинмен де кездесіп, араларында  жолдастық қатынас орнаған. Жақсыны көруге, оқымысты ғалымдармен араласуға ынтызарлығы әсерінен атақты жиһанкез, табиғат тамыршысы Европа, Азия құрлықтарын географиялық тұрғыдан зерделеген  неміс ғалымы Александр фон Гумбольдпен кездесіп әңгімелескен. Оның сәтін келтірген досы, орыс армиясының полковнигі, 1812 жылы соғыста қалмақ полкін басқарып Парижге дейін барған, Хошеут қалмақ ордасының билеушісі Сербеджаб Туменов болатын.

Өз деңгейіне жетпесе де, халқының білімге ұмтылуын аңсаған және сол жолда қызмет жасағанына тарих куә Ханның:

— Қазаққа да бір нәрсеге ден қойып, білім алып, қараңғылық халден шығатын кез жетті. Бұл істің бастамасын мен мектеп ашу арқылы жүзеге асырғым келеді,- деп толқып сөйлегені де көп жайдан хабар бергендей.

Ол қазақ жастарының арасында қоғамды жақсарту бағытында алға бастайтын  азаматтар тәрбиелеп шығаруға ұмтылды. Елдің мәдениетін арттырып, олардың арасында ағартушылық жұмыстың басында тұратын жігерлі жастарды даярлауды мақсат тұтты. Өмірдің әр саласын игерген  білімдар мамандар даярлау қажеттігін түсінді. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 1824 жылы Орынборда Неплюев училищесі ашылғанда, қабілетті жастарды іріктеп, оқуға жіберді. Алдыңғы буын балалардың бәрі де оқуға алғыр, тәрбиелі екеніне оқу орнының директоры Григорий Федорович Генс ризашылық білдіріп, ханға хат жолдаған. Бастаманың сәттілігіне жігерленіп, бұл істі үлкен ыждағаттылықпен жалғастыруды қолға алды. Кейіннен кадет корпусы болған оқу орнына және Орынбор, Астрахан, Қазан, Санкт-Петербург қалаларына білім алуға қазақ балаларын көптеп жіберуге ұмтылыс жасады.

Бұл орайда ханның алдында бірнеше кедергілер тұрды:

Біріншіден, қазақ жастарының жоғары білім алуына патша  шенеуніктері аса мүдделі     болмады. Ашық қарсылық жасамаса да, түрлі сылтаулармен жолды бөгеуге қызметтенді.

Екіншіден, жергілікті қазақтар баласын «шоқынды» болып кетеді деп оқуға жібермеді.

Үшіншіден, балаларды орыс оқуына топтап жібергенде, бастауыш білімі де жоқ жастар оқуды бірден игеріп кете алмай, біразы ауылға оралды.

Мәселені шешу жолында Жәңгір хан өзінің таныстығын пайдаланып, әр деңгейдегі басшылар арқылы патша ағзамның қазақ балаларын оқытуға мархабатын алады. Бастамада әр оқу орнына аты-жөні көрсетіліп, жекелеген адамдарға рұқсат етілді. Кейіннен олардың санын белгілеп, жекелеп қабылдау хан билігіне берілді. Сөйтіп, семинария, гимназия, университет қабырғасында қазақ жастарына  білім алуға жол ашылды.

Балаларын оқуға жіберуге қарсы болған ата-аналармен жекелеп жұмыс жүргізілді. Бұл жұмысты өзінен бастады және ордаға ру басылар мен старшындардың балаларына түсіндіру шараларын қатар жүргізді. Әр істе бастамашы болатын хан мектеп үйінің құрылысын өз қаражатымен салдырды. Одан кейінгі жұмыстарды атқаруға қаржылық және шәкіртақы тарту мәселелерін шешуге халқына арнайы жолдауын жариялап, іс басындағы билеушілерді таныстырды. Алдағы уақытта ел билеу жұмысына білімі барлар ғана араласады дегенді баса айтып, әкімқұмарлықты да қоздырды. Сан салалы жұмыс нәтижесін берді. 1841 жылдың 6 желтоқсанында мектеп ашылды. Ол тарихта «Жәңгір мектебі» аталды.

Жәңгір хан бастаған білім жолы жалғасын тауып, кейіннен мектеп саны жыл өткен сайын өсіп отырды. Онда оқушы балалардың саны жүздеп саналатын дәрежеге жетті. Ішкі Бөкей Ордасындағы мектептер санының өсуі онда оқыған балалардың кейіннен қазақ елін өркендетуге өз үлестерін қосқан дәрежелері биік. Ел сыйлаған, еліне қызмет жасаған азаматтары жөнінде бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз – Жәңгір ханның қазақ халқының білімге ұмтылысының бастауында тұрғанын жеткізу.

Патшалық Ресейдің жымысқы саясатының бірі Еділ-Жайық арасын қоныстануға келген қазақтарды христиан дініне кіргізіп, барлық халықты шоқындырып, ұлттық болмысынан айыру болатын. Ол үшін қарқынды жұмыс жасады. Біріншісі, мұсылман дінінен христиан дініне өткен адамдарға ерекше жеңілдіктер беруге қаулы қабылдады. Олардың құйтыртқы саясатының көріністері мұсылман дініндегі қазақтардың арасында балаларын басқа діннің кісілеріне сату, христиан дініне кіру жайлары белең        берді. Астрахан облыстық мұрағатындағы «Дело о продажи киргизских Куйбасаровым дочери Джанбай грузину Д.Егорову (13 — қор, 1 — тізім, 16 — том, 24873 іс). Немесе «Дело о присоединении к христианской религии» из киргиз мальчика Утека 20 июня 1825 года (1 — қор, 13 — тізім, 1 — том, 40847 іс).  «Дело о причислении в мещанское общество киргизки Буратаевой» (1 — қор,13 — тізім, 28 — том , 40512 іс ).

Бұндай сорақылыққа күшпен қарсылық жасауға орыс үкіметінің билікшілері жол бере ме?! Олар да насихат жұмыстарымен қатар, түрлі жеңілдіктермен адамдарды қызықтыруға қызметтенді. Оның айқын белгісі:

Біріншіден, қырғыз уездерін басқару ережесінін жобасында христиандықты қабылдаған қазақтарға қаралған жеңілдіктер қойылған (Астрахан облысының мемлекеттік мұрағаты, 495 қор, 1-тізім, 1 іс).

Екіншіден, Жәңгір ханға мұсылман мешітімен қатар христиандардың құдайға құлшылық ететін шіркеу салу жөнінде, сұрау салынып, талап та қойылған. Орынбор генерал- губернаторы Василий Алексеевич Перовский Мемлекеттік Мүлік Министрі П.Д.Кеклевке: «политика Жангир хана по руководству внутренней Ордой и распространению мусульманской религий принесет только вред для России»,- деп көрсеткен. 1844 жылы І Николай патшаға мемлекеттік мүлік Министрі П.Д.Киселевтың ішкі Орда жөніндегі бір докладына «В царстве другого царства быть не может», — деп қарарын жазған (История Букеевского ханства 1801 — 1852 г Алматы 2002 г).

Жәңгір ханның табиғатты қорғау Ішкі Орда жерінің құнарлылығын арттырудағы терек егу жұмыстары да ерекше бағалауға тұрады. Нарын құмындағы қарағай мен қайынның сыңсыған орманы – осы сөзіміздің айғағындай. Бұл орайда көз көркіміз болған, табиғат сәні, Жәңгір бастаған игі істің бізге жеткен сілемдері. Ханның еңбегін жоққа шығарушылар  өздерінің туған жердің табиғатын көріктендіруге қандай үлес қосқанын айтып мақтана алар екен? Оның есесіне сол кезде өсірілген теректерді шауып, отқа жағып сорайған тұқылынан басқа көзге ілінер ештеңе қалдырмағанына не дерсіз…

Жайықтан өтіп, Нарынға қоныстанушылардың шағын шаруасы болғандығын тарихи деректер анықтайды. Бұнымен тек бір ғана жарияланым арқылы таныссақ, 1825 жылы Губернатор Эссеннің атына асессора Кузнецовтың жазған хабарламасында «приход их с (казахов Букеевского ханства)  из-за Урала, по разведанным моим от достоверных и знающих людей сведениям, был настолько беден, что весьма немногие из ординцев пригнали не более 100 баранов . В 1809 году было взято на учет 946 кибиток, прошедших из-за Урала в район Нарынкума. При этом  у них было всего 434 верблюда, 1567 лошадей, 1124 голов рогатого скота и 15273 барана»  деген (Орынбор облыстық мұрағаты, 6-қоры, 10-тізім, 513 іс). Егер осы малды әр түтінге бөлсек әр үйге бір-екі сиырдан, 16 қойдан келеді. Екі үйге бір түйе, бес жылқыдан! Санақ жүргізілген ауылдардағы жанұялардың малы көбі де, малы жоғы да болатынын ескерсек, көшіп келушілердің мүшкіл тіршілігінің куәсі боламыз. Сол кездегі жазуларда әр үйде дұрыс құратын киіз үйдің жоқтығынан, сыртын лаждап жапқан күркешелерде өмір сүретіндері көрсетілген.

Ішкі Орданың 1828 жылғы шаруасына көз жүгіртер болсақ, нарындықтар малының бірнеше есе артқанын көреміз. Астрахан губерниясының естелік кітабында Ішкі Орда қазақтарының иесінде малдың шарықтап көбейген тұсы 1828 жылдан басталады. Шамамен 24302 түтінде – 398792 ірі қара, 229179 жылқы, 58903 түйе, 2 миллион қой-ешкі болған. Бұны үйге бөлсек, әрқайсысына орта есеппен 3-ке тарта түйе, тоғыз жылқы, он төрт ірі қара, 80 қой-ешкіден келеді екен. 1832 жылғы тек Жасқұста өткізілген жәрмеңке кезінде 73 түйе, 356 жылқы, 3693 ірі қара, 68498 қой, 6676 қысыр мал сатылған. Бұл деректер – жәрмеңке кезіндегі саудаға түскендері ғана. Жыл бойында сауда-саттық жасалып, халықтың қажеттілігіне жаратылатын малдың есебі қаперге алынбағандағы жағдай.

Жәңгір ханға  «билікке келгесін алым-салықтың түрін, мөлшерін де көбейтті» деп айып тағылып тұр. Бұл сөзге мән беріп қаралса, елді құраған халықтың байлығының бір бөлігі әрқашан мемлекетті ұстауға жаратылады. Тапқан табысынан налог төлемейтін елді тарихта кездестіру қиын. Ондайлар мұнайлы елдерде кездесетін болар. Бірақ, оларда да мұнай-газ секторынан түскен пайданың белгілі мөлшері үкімет құзырына бөлінеді. Мал баққан қазақ елінде, Нарын өңірінде өндірістің басқа көзі жоқ, сонда ел билеу шығындарын кім көтеру керек? Бұл салада Жәңгір хан табысы төмен жарлы-жақыбайларды барлық төлемнен босатқан. Жылдық кірісі 100 күміс рубльден кем жанұядан зекет алынбағандығы мұрағат материалдарында көрсетілген. Жәңгір хан зекетті тек ханның шығындарын өтеуге жаратылмай, кемтарларға ішім-жемі тапшыларға жаратылатынын қатаң қадағалаған. Өзінің пәрменімен бекіткен зекет көлемі 40 қойдан асса – бір қой, одан мол болса әр жүз қойдан бір бас беруге белгіленген. 5 түйеге – 1 қой, 30 бас ірі қараға екі жастық торпақ белгіленген.

1836-1837 жылғы шаруалар көтерілісінің басшысы Исатай мен Жәңгір ханның арасында бітпестей жаулық болды деу қиын. Араларында келіспеушілік, араздасып болса да, бір-бірін құрту ниетінен аулақ екенін байқаймыз. Жасқұстағы хан ордасын үш мың қолмен қоршауға алғанда, Исатай батыр бойында ызаға булыққан қанды кек болса орданы шабар еді. Исатайдың ондай әрекетке бармауында үлкен сыр жатыр. Жәңгірді дауға қиса да, қанға қимағандығы, көңілінде дақ болса да қарайып қарауланбағандығы. Жәңгірдің кейбір ісіне риза болмаса да, ел үшін атқарған еңбегін бағалағандығы деп түсінуге болатын сияқты.

Орданы қоршаған қазақтардың бірен -саран шиті мылтық, барында қылыш пен найза, көпшілігі қамшы мен сойыл деп тақымдарына қысқан құралдарымен қаруланған көтерілісшілерді мылтықпен мұздай қаруланған хан жасақтары, қорғаныста тұрып оқ жаудырып жусатып тастау қолдарынан келер еді. Жәңгір хан ондай арандатуға бармады. Қазақтың қанын төгуге ешкімді жібермеді. Бұл әміршінің жауласқандардың да қанын төгуге бармаған ізгілігі болатын.

Патша әскерінің Гекке бастаған зеңбірек сүйреткен қарулы отрядының көтерілісшілерге қарсы әскери қимылдар  сәтінде қантөгіс жасауға барғысы келмей Геккеге: «Таймановқа тым қатал талап қойма, басараздықты ағайындықпен реттерміз» деп өтініш жасауы көтеріліс басшысына көңіл бұрып тұрғанын байқатады.

Бір заманда өмір сүрген үш тарихи тұлғалар Жәңгір хан, Исатай, Махамбеттердің бірін көтеріп, келесісін кемсітетін реті жоқ. Әрқайсысының тарихта өзіндік орны бар арыстар.  Жәңгір болмаса, Исатай, Махамбеттің тарих аренасына шығуы екіталай. Махамбеттің от-жалын жырлары дүниеге келмес те еді.

Хан Жәңгірдің бабасы Әбілқайыр генерал Неплюевпен тартыста өтсе, өзі генерал-губернатор З.А.Перовскиймен келісімге келе алмай өмірмен қоштасты. Перовскийге есіктен кіріп, төр менікі деген қазақ ханының еркіндігі ұнамады. Үй ішінен отау тіккендей, өзінің мемлекеттік атрибуттарын жасақтап, ішкі Қазақ ордасының туын көтергені жүректерін сыздатты. Жәңгір қазасынан кейін-ақ оны даттап, ел алдында жек көрінішті етіп көрсетуге кірісті. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін жергілікті халықтың салт-дәстүрін білетін шығыстанушы В.В.Григорьевті өзінің көмекшілігіне ала келді. Империя басшылығына ішкі қырғыз ордасын басқаруды оңтайландыру турасында  жазған қатынасында хан тұқымына ерекше құрмет көрсетілудің артық екенін дәлелдеуге кірісті.

Түпкі мақсаты Кіші Орданы ыдыратып, атын жойып  Ресейдің шеттегі провинциясына айналдыру еді. Билік басынан хан тұқымын аластап, орыс шенеуніктерін әкім ету ниетін жүзеге асыруға кірісті. Ордадағы жер жөніндегі өткір мәселенің тапшылығын ханның іс-әрекетімен байланыстырды. «Ханның өзінің 400 мың десятина жері болды» деп кінә тақты. Байыптап қарасақ, бұл цифрдың жалғандығын байқау қиын емес. Өйткені, Ішкі Орданың пайдалы жерінің 8 пайызын иемденді деудің қисыны келмейді. Барлық жердің 10/1 бөлігін иемденсе, бүгінгі күнге ізі қалмай ма?! В.А.Перовскийдің мақсаты орындалды. Ішкі қырғыз ордасының билеуінен Жәңгір тұқымы аластатылды. Билік орыс шенеунігі басқарған уақытша кеңестің қолына көшті. Рулық басқару жойылып, уездік  басқаруға көшірілді. Аймақ бес қисым, екі округке бөлініп, бұрынғы уыздай ұйыған замандарын армандап еске алатын болды.

Жәңгір ханның өмір жолын, саясатқа соқтырмай зерделесек, ол – озық ойлы, ғылымды игеруге ұмтылған жан. Елін жарқын болашаққа бастап, жаппай сауаттандыруды ұйымдастырған адам. Әділдік жолын таңдап, ізгілікті іс атқарып, халқының тұрмысын жақсартып, тыныш өмір сүруге бастаған хан.

Халқының дінін қастерлеп, имандылық жолдан ауытқымай, қиянаттан сақтауды мақсат еткен тәрбиеші. Жаппай білім алуға жетелеген ұстаз. Жастарды жоғарғы дәрежеде білім алып, ұлт жанашыры болуға үйреткен тәлімгер. Ұлт тазалығын, елдің дербестігін сақтауға аянбай жұмыстанған отаншы, рухтағы басшы.

Міне, Жәңгір ханның тұлғалық бейнесі!

 

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

өлкетанушы-ғалым,

Құрманғазы ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button