ЖҮРЕКТЕН ӨШПЕС БЕЙНЕСІ…
«Әке көрген оқ жонар»
«Мен ешкімнің алдына түсіп әкемді мақтамаймын. Оны мен үшін әкеммен қатар жүрген, сыйлас, қимас достары, елі, ағайын-туғаны айтады. Мен тек сондай жанның ұлы болғанымды мақтан тұтамын және «сондай әкеге лайық ұлмын ба»?- деген сұрақ қоямын өзіме», — дейді Сапи Кәрімовтің ұлы Медет Кәрім.
«КазГерМұнай» ЖШС бас директоры, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Медет Сапиұлы жақында «Әке аманаты», «Сапи– өнегенің өлшемі» атты екі бірдей кітапты әке рухына арнап жарыққа шығарыпты. Бұл жөнінде өзі былай дейді: «Бұл кітап кешігіп шықты, оның да өзіндік себептері бар. Мәселе қаражатқа тірелген жоқ. Мәселе менің рухани жетілуімде, азаматтық көзқарасымның қалыптасуында болды. Әке туралы айтар ой-түйінім, әкем жүріп өткен өмір жолы, әке келген жас, әке жеткен асулар мен белестер, әке жете алмаған армандар… бәрін, бәрін басымнан өткізіп, сезінгім келді. Мен де қазір әкемін, отбасының тірегімін, жауапты жұмыстамын, мұның барлығында дұрыс шешім қабылдау менің міндетім. Жан дүниемде осындай рухани арпалыстар болды. Әкем о дүниелік болғанына да көп уақыт өтті, жора-жолдасы да азайды, ұмытылып та барады ғой деген ойымның да негізі жоқ екен. Оған жазылған естеліктерді оқып отырып көзім жетті. Оның асыл бейнесі оны таныған жандардың жүрегінде екен, әлі… Қаншама жыл өтті. Сағынышқа толы естеліктерді оқып отырғанда жүзімді жас жуып, жан-дүнием астан-кестен болды».
«Әкені бар кезде бағала, әп-сәтте сөніп қалар от. Әкесін жоқтамас ана, жоқтамас және бала жоқ» деген Жарасқан Әбдірашев. Кітаптың алғы сөзінде Медет Сапиұлының да әкесіне деген перзенттік махаббаты төгіліп тұр: «Әке құшағын, әке иісін сағынып жүрген жанның бірімін мен. Бәрін сатып алып түгенделсем де, әке құшағы мен иісін, «құлыным» деген бір сөзін сатып ала алмаймын, әкені қайтаратын ғажайып сиқыр да жоқ.
Бұл кітап сіздің қолыңызға тисе, дарқан жүректі азамат, ақ желең жігіт, жанартаудай жарқылдап, айналасына мейірім шуағын шашып, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында елінің, туған жерінің абзал азаматына айналған Сапи Кәрімұлы туралы естеліктер оқисыз. Бұл кітап ең алдымен, өсіп келе жатқан жастарға үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие болар деген сенімдемін. Әке рухына қойған ескерткішім болсын деп есептедім.
Ал, екінші кітап Жаңбыршы руының шежіресі. Бүгінде Жаңбыршының үлкені, әкемнің ағасы Марат папам. Осы кісінің біраз жыл жинап-терген еңбегі. Бұл шежіреде ол бүкіл Жаңбыршы Беріш руын таратып, Себек ағасынан Жаңбыршыны бөліп алып, орын-орнына қойып беріп отыр. Жаңбыршылар жалпы аз қауым. Бұл тарихи еңбек. Біз қазір оның құнды дүниесін сақтап қалмасақ, ертеңгі күні ата-бабамызды жоғалтып алуымыз мүмкін. Бұл — шежіре-кітап келер ұрпағымызға сыйлар баға жетпес құнды дүние. Атам Кәрім Мәжитұлының ойға түйген нақыл сөздері мен ауызша айтқан әңгімелері де кітапқа енді».
Тектінің тұяғы
«Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Тұрысбек Сәукетаев аталған кітапта былай деп өз лебізін білдіріпті: «Азды-көпті осы ғұмырымызда талай адаммен дәмдес болдық. Соның ішінде бір-бірімізге көкірек ашып, шын сыйласқан аз достың бірі де, бірегейі де мен үшін қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қабырғалы жазушы Марат Мәжитов. Мәкеңмен сонау студент кезімізде танысып, бір-бірімізді жақын тартып, тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Марат – текті атаның ұрпағы. Әкесі Кәрім ақсақалды көзіміз көрді, ертегінің батырындай алқам-салқам, зор бітімді кісі еді. Аз сөйлеп, көп сынайтын сахи мінез. Отырысы, тұрысы – бәрі тәрбие. Әйгілі Құныскерей, Аманғали сынды талай асылдың көзін көрген, ел-жер тарихына құлағы түрік, сәйгүлік баптап, тазы жүгірткен саяткер, көкірегі жазылған хаттай сайрап тұрған қордалы қария еді.
Кейде Мәкеңмен қалжыңдасқанда: «Біз кітаптан оқығанымызды жазамыз, сен әкеңнің айтқандарын көшіріп бітіре алмай жүрсің» дейтінбіз. Расында да, Мәкеңнің тарихи роман-хикаяттарының дені әкесі айтқан әңгімелердің әсерімен жазылған. Ал тумысы бөлек Сапи жігіттің жампозы еді ғой! Сапи – Мәкеңнің тетелес інісі. Оқу мен қызметтің тізгінін тең ұстап, ерте жетілген, қаршадайынан жақсы атымен ел аузына іліккен азамат болатын. Мәкеңнің артындағы қариялар мен өз отбасына алаңдамай, бес жыл алшаң басып Алматыда оқуы осындай асыл інінің шарапаты екені даусыз.
Сапи – қызылшырайлы, ажарлы, денесі мол пішілген, шалқақ кеуде, бар қазақ осындай болсын дейтіндей келісті жігіт еді. Ішінің бүкпесі жоқ, қашан көрсең жарқырап күліп, жадырап, жайнап жүргені. Өз басым оның жасып, жабырқап, әлденеге тұнжыраған сәтін көрмеппін. Оған күйкі тірліктің уайымы жат болатын. Алматыға келген сайын бізге соқпай кетпейтін. Оның келгені біз үшін бір думан еді-ау… Есіп, шалқып-төгілген көңіл. Күлдіретін де, қыздыратын да Сапи.
Сапи өнер-білімге жақын, жақсы кітапты қалт жібермей оқып отыратын. Кейде: «Шіркін-ай, өмірдің суретін сөзбен айнытпай салу қандай керемет өнер!» деп тамсанып қойып, оқыған шығармасының әсерін әңгімелеп кететін. Кітап демекші, қателеспесем, 76-жылы-ау деймін, Олжастың әйгілі «АЗиЯ»-сы баспадан шыға салысымен тұтқындалып, зиялы қауым арасы дүрлігіп жатқан кез. Бір күні өңім түгілі түсіме кірмейтін сол «АЗиЯ»-ны Сапи келіп қолыма ұстата салды. Сапи ол уақытта Миялыда аудандық тұтынушылар одағы қоғамы бастығының орынбасары болатын. Қоймаға «АЗиЯ»-ның алпыс данасы түскен екен, дүкендерге таратамыз дегенше, жоғарының «Жойылсын!» деген нұсқауын ұстап «үндеместің» өкілі жетіп келеді. Бәрін хаттап, өртеуге бұйрық береді. Ауланың ортасына үйдіртіп, өзі қадағалап тұрып өртеткізеді. «Баяғыда, 37-ші жылы атылғандардың кітабын өртеген деуші еді, айдың-күннің аманында бұл не сұмдық? Аяқ астынан аяулы ақын халық жауы болғаны ма, соншама шошитындай не жазды екен?». Көңілін әуестікпен қоса «ең болмаса оқи алмадық-ау» деген өкініш билеп, Сапи жалын тілі жалмап жатқан кітаптарға қарап шарасыз күймен шиыршық атады. Бір тұста не болса ол болсын деген тәуекелмен қаһарлы өкілдің көзін ала беріп, үш кітапты ышқырына сүңгітіп жібереді. «Міне, сол кітаптің бірі,– деп еді көзі шаттана жайнап. – Бұл өрттен шыққан ажалсыз кітап!».
Сапидың «АЗиЯ»-ға байланысты тағы бір әңгімесі есімде қалыпты. Сол жылы күзге салым Мәскеуге барады. Ұшақтан түсіп таксиге мінеді. Шофер жігіт әзірбайжан екен. Жөн сұраса келіп, Қазақстаннан екенін білген соң жата-жабысады: «Маған «АЗиЯ»-ны тауып бер. Ердің құны болса да алам. Мұндағы қара базарда мың сом деп естідім, бірақ қолға түсіре алмай жүрмін» дейді . «Оны қайтесің?» «Қайткені несі? Оқимын. Төрімде тұрады. Баламның баласы оқиды. Ол күллі түркі мілләтінің Інжілі ғой. Өлген тарихымызды тірілткен кітап!» — дейді бейтаныс ағайын қызынып. Осы әңгімені айтып отырып: «Өзгенің жай бір шоферіне дейін патриот, иісі түріктік нәрсе десе қаны қызып шыға келеді, ондай мінез неге бізде жоқ?» деп күрсініп еді Сапи.
Заман өзгеріп, одан бері «АЗиЯ» талай рет басылып шықты. Бірақ, бір шетін күйік шалған сарғыш кітаптың мен үшін орны бөлек. Сыртын қаптаған газеті тозса да ауыстырғым келмейді. Сол бір аяулы кездің көзіндей ыстық…
Міне, қайран Сапидың да фәниден озғанына ширек ғасырдың жүзі болыпты-ау! Бірақ бәрі күні кешегідей көкірек төрінде сайрап тұр. Жымия күліп, құлашын айқара жайып қарсы адымдап келе жатқандай нұрлы елесі көз алдымнан кетер емес».
Бақытгүл БАБАШ.