«ЖҮРЕГІМНІҢ ТҮБІНЕ ТЕРЕҢ БОЙЛА…»
Т.Тәжібаев «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деген ғылыми-зерттеу шығармасында былай деп жазды: «Абай арнайы психологиялық еңбектер жазған жоқ, біз оның шығармаларынан психология мәселелері жөнінде аса қызық және аса бағалы пікірлер табамыз».
Өзінің психологиялық пікірлері мен ұғымдарын көбінесе поэтикалық шығармаларында, сол сияқты өсиет-өнеге, үлгі сөздерінде («Ғахлияларында») айқын көрсетіп отырады. Сөйтіп, Абай көптеген шығармаларында өзінің психология мәселелеріне көзқарасын белгілі шамада айтып берген ең бірінші қазақ болып табылады.
Академик Абай шығармаларын зерттей келе, Абай түсінігінде өлең мен ән адамдардың жан дүниесіне кіріп кетуі керек. Олар халықты адамгершілікке тәрбиелеуде, адамдар арасындағы ескі феодалдық-патриархарлық қалдықтарға қарсы күресте маңызды роль атқарулары керек, ол үшін өлең мен ән халықтың аңсаған арманы мен үміт, тілегін жырлап қана қоймай, адамдарды бақытты өмірге жетелеуі керек. Көркем сөздің күшін Абай мынадай бағытта түсіндіреді:
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар баһар ала алмас.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ — ойға олақ.
Абайдың бұл сөздерінен мынадай қорытынды шығаруға болады: Поэзия адамдардың психологиясына әсер етудің мықты құралы болып табылады, бірақ, оның әсер етерліктей мықты күші болуы үшін ақын адамдардың психологиясын жақсы білуі керек.
Ғалым Т.Тәжібаев Абай шығармаларын мұғалімдердің балаларды оқытудағы психологиясына да ерекше мән берген. «Біздің міндетіміз – оқу-тәжірибе жұмыстарына Абайдың шығармаларын кең пайдалану, оқытушының өзі толық түсініп және оны оқушыларға шебер жеткізе білу керек», — деп ескертеді.
Төлеген Тәжібаев 1957 жылы «Абай Құнанбаевтың философиялық, психологиялық және педагогикалық көзқарастары» атты кітабын жарыққа шығарды. Мұнда зерттеуші, қазақ ұлтының ағартушысы Абайдың қазақ және орыс халықтары арасындағы достық пен ынтымақты бекіте түсу, прогресшіл орыс мәдениетін меңгерту, қазақ жастарын орыс тіліне үйрету және жасөспірімдерді адамгершілікке тәрбиелеу жөніндегі педагогикалық пікірлерін анықтап, кеңінен насихаттаған.
1965 жылы жарық көрген монографиясында академик, ұлы ағартушы Абай өз шығармаларында психологиялық атауларды мейлінше мол пайдаланғандығын дәлелдеп берді. Мәселен, ғұлама ағартушы шығармашылығында «құмар» ұғымы 41 рет; «ойлау» 129 рет; «ұят» 39 рет; «қайғы» 16 рет; «қайрат» 30 рет; «арман» 15 рет; «көңіл» 28 рет; «ақыл» 202 рет; «жан» 220 рет; «ес» 30 рет; «ұмыту» 20 рет көрсетілгендігі айқын дәлелденіп отыр. Бұл Т.Тәжібаевтың Абайдың психологиялық мұралары жөніндегі болжамдары мен пікірлерінің тиянақты да дәйекті екендігін байқатады. Сондықтан шығар, бұрынғы Кеңестер Одағының көрнекті психологтарының бірі М.В.Соколов «Қазақтың әдеби тілінің негізін қалаған Абай Құнанбаевтың психологиялық көзқарастарын зерттеу басталды, мұны алғаш қолға алушылардың бірі Тәжібаев болды», — деп көрсетті.
Сонымен қатар, айналаны қоршаған орта сырын терең түсінуде адам бойында үш түрлі қасиеттің болатынын профессор Т.Тәжібаев Абай шығармалары арқылы дәлелдеп берді. Олар: Әр нәрсені үнемі өзгерісте, қозғалыста болады деп қарау; Заттардың өзара айырмашылығын салыстыра отырып, тәжірибе арқылы анықтау; Ақылмен қорытылған ойды жүрекпен сезіне білу.
Академик Т.Тәжібаев Ы.Алтынсариннің «Қазақтарды орыс тіліне оқытудың алғашқы құралы» деген еңбегінде қазақ балаларын орыс тіліне қандай тиімді жолдармен үйретуге болатынын методикалық, психологиялық тұрғыдан түсіндіре келіп, Қазақстан көп ұлтты республика, мұндағы түрлі ұлт адамдарының тәрбиесі, халқымыздың тәрбие саласындағы ғасырлар бойғы жинақталған бай тәжірибесінің негіздері – бұлар Қазақстандағы педагогика, психология ғылымдары үшін аса өзекті проблемалар екендігін атап көрсетеді.
Төлеген Тәжібаев тек Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов мұраларын зерттеуші ғана емес, өзінің замандастарының жазған естеліктерінде азаматтық, ғалымдық, қайраткерлік тұлғасының да айшықтала түсетіндігін байқаймыз.
Академиктің жас ғалымдарға жасаған әкелік қамқорлығы да өз алдына бір төбе. Болашақ көрнекті ғалым, Ханкелді Сүйіншәлиев ғылым жолындағы алғашқы қадамына Т.Тәжібаевтың жасаған қамқорлығын былайша еске алады: «Менің 1950 жылдардың басында аспирант есебінде жүрген кезім. Ғылыми жетекшім – Б.Кенжебаев. Диссертациямның тақырыбы – «Абайдың қара сөздері». Бірақ, аталмыш тақырыпқа қарсылар да көп болды. Олар: «Қара сөздер Абайдың өз шығармасы ма? Соны әуелі анықтап алу керек. Біздегі мәлімет бойынша қара сөздерді Абай жазбаған. Ол –ақын. Ал, Абайдың қара сөздері дегенді кейіннен ұлтшылдар қосқан, бұл – Абайға жат дүниелер…», — деп отырып алды.
Мен әркімнің абай-қоқайынан қорықпай, жұмысымды тез аяқтап, қорғауға ұсындым. Бұл 1952 жылдың желтоқсан айы болатын. Бір таңқалғаным, мен қорғайтын ғылыми Кеңесті профессор Т.Тәжібаевтың өзі басқарды. Бірінші оппонент М.О.Әуезов болды. Бұл тұста ол Москва университетінің профессоры болып жан сақтап жүрген. Үш ұлы Абайтанушы жан-жақтан шығып (Б.Кенжебаев, М.Әуезов, Т.Тәжібаев), сөйлеген кезде зал түгел бас игенін мен бірден сездім. Осы бір кезде Төлеген ағамыздың ағыла сөйлеген сөзіне қатты ықылас қойдым. Мен бұл сөзін ғалымдық дәйектігі жағынан да, жан-жақты терең білгірлік, шебер шешендігі жағынан да ерекше сөз дер едім. Тыңдаушы қауым ішінде сүйсінгендері: «Ой сырбаз ағылды ғой, жарайсың, Төке», — десе, қарсы топтың бірен-саран адамы: «Төлеген өлердегі соңғы сөзін айтып тұр, қайтсін-ау, шіркін», — деп тарасты. Бұл жағдаятта да, ғылымдағы тазалыққа араша түсер ғалым тұлғасының асқақ екендігі байқалады.
Жерлес, тілші-ғалым ағамыз Тауман Амандосов өз естеліктерінде Т.Тәжібаевтың жаңа бір қырын аша түседі: «Төлеген Тәжібаев Қазақ КСР министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып істеп жүрген кезінде, Үндістанда кеңес елшісінің кеңесшісі (1957-1960 ж.ж) міндетін атқарды. Осы кезде Үндістанда болған қазақ жігіті Т.Амандосов былай дейді: «Еліміздің Үндістандағы елшілігінде кеңес дәрігерлері делегациясының құрметіне арналған қабылдауға қатысқаным бар-ды. Осы қабылдауда Үндістанның парламент мүшесі, қарт адам біздің бірімізге кеп, қай елден келгенімізді, ұлтымызды, кәсібімізді сұрай бастады. Бұған ағылшынша көсіліп жауап бере алмаған мен қысылып, жалтақтап жан-жағыма қарай бердім. Сөйтіп тұрғанда көп ішінен Төлеген Тәжібаевты көріп, қуанып, қасына бара кешірім сұрадым да, жағдайымды түсіндірдім. Төлеген аға әлгі үндіспен ағылшын тілінде жеңіл сөйлесіп кетті. Таңданып қалыппын…»
Жалпы, ұлы Абайдың кемеңгерлік қасиетін өзге жұртқа танытуда үлгі-өнеге көрсеткен ұлағатты ұстаз, қажымас қайраткер, аққаптал академик Төлеген Тәжібайұлының жарқын бейнесі бүгінгі ұрпақтың жадында жаңғыра түсуге тиісті.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университеті, педагогика және психология
кафедрасының доценті.